Аймақтар • 19 Қаңтар, 2020

Алматы облысында жол жөндеуге 22,5 млрд теңге жұмсалды

416 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл бүкіл ел бойынша 9,8 мың шақырым автокөлік жолы жөнделемек. Оның ішінде 2,6 мың шақырым жолдың жөндеу жұмысы жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған.

Алматы облысында жол жөндеуге 22,5 млрд теңге жұмсалды

Ал осы республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсартуға қазына қоржынынан 750 млрд теңге шамасында ақша жұмсалады екен. Ниет қылған жұмыстардың дені «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде жүзеге аспақшы. 2020-2025 жылдарға арналған осы бағдарламаға Алматы облысынан 18 жоба кіріп отыр. Оның ішінде 5 жоба бойынша құрылысы басталатын және жөндеу жалғасатын маңызды жолға ерекше назар аудару қажет. Негізгі құрылыс жұмыстары қар көбесі сөгіле серпін алатын Талдықорған – Өскемен, Күрті – Буырылбайтал, Ұзынағаш – Отар, Қапшағай – Күрті, Үшарал – Достық трассаларында биыл да еңбек көрігі қызады. Осы республикалық бюджеттен қаржыландыратын жол құрылысы жергілікті тұрғындар үшін жұмыс көзіне айналып отыр. Дерек бойынша қазірге дейін Талдықорған – Өскемен автобанының құрылысына мыңнан астам адам жұмылған. Дені жергілікті жұмысшылар. Ал ел астанасына бастайтын Күрті – Буырылбайтал бағытындағы трасса жұмысқына 816 адам тартылған.

Биыл облыстың ішкі жолдарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жалғаспақ. 427 шақырым трасса қосымша жөнделеді. Өткен жылы ішкі жол құрылысына 22,5 млрд теңге қаржы жұмсалып, 365 шақырым трасса толық жөнделген екен. Нәтижесінде, аймақтағы жол сапасын жақсарып, оң көрсеткіш 81 процентке дейін өсіпті.

- Жол құрылысының жандануы жергілікті жер үшін экономикалық табыс әкеледі. Басқаны айтпағанда, адамдарды жұмыспен қамтуға оң әсер етеді. Былтыр жол құрылысына екі мыңға жуық жұмысшы тартылған. Негізгі  мамандық иелерінен басқасы жергілікті тұрғындар. Жалпы, жол құрылысына қажет мамандарды өзіміз оқытып, дайындауымыз керек. Ауыл тұрғындарын сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлауға мән беріп отырмыз. Бүгінде бұл салаға дәнекерлеуші, кран жүргізушісі, тракторшы, машинист сияқты мамандар өте қажет екен. Тұрғындарды оқытуға, үйретуге қаржы бөліп, жағдай жасадық, дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.