Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Инфекциялық емес аурулардың алдын алу департаментінің скринингтік бағдарламаларды мониторингілеу бөлімінің бас маманы Гүлжан Коңыршинаның айтуынша, жүкті әйелдер, әсіресе бірінші триместрде флюорографиядан өтуіне тыйым салынады. Сондықтан оларға кез келген сәулелену қаупі бар құрылғыдан өту де қауіпті.
Осы орайда флюорографиялық тексерілуді неше жастан бастап өтуге болатыны, жылына қанша рет өту қажеттігі кез келген адамға қажетті ақпарат екені даусыз.
«Кеуде қуысының флюорографиясы – кеуде қуысы мен өкпе органдарын рентгенологиялық тексерудің профилактикалық және диагностикалық әдісі. Кеуде қуысының флюорографиясы обырды, туберкулезді және өкпенің ауруларын анықтау үшін скринингтік зерттеу болып табылады», деді Г.Коңыршина.
Маманның ақпараты бойынша, флюорография диагностикалық мақсатта жылына 1 рет барлық ересектер мен 15 жастан бастап жасөспірімдерге жүргізіледі. Алайда осы тексеру жиі жүргізілетін адамдар тобы бар (жылына 2 рет). Бұл санатта «зиянды өндірісте» жұмыс істейтін адамдар (болат құю, кен өндіру, резеңке, асбест, полипропилен өндіру зауыттары, сондай-ақ химиялық кәсіпорындар), балалармен жұмыс істейтін адамдар (педагогтер, тәрбиеші), перзентханалардың, туберкулезге қарсы диспансерлердің, инфекциялық бөлімшелердің және перинаталдық орталықтардың медицина қызметкерлері және созылмалы патологиялары бар емделушілер (демікпе, қант диабеті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы және т.б.). Дәрігерлердің айтуынша, барлық рентгенологиялық зерттеулерді 14 жасқа дейінгі жасөспірімдерге өтуге болмайды. Сонымен қатар 15 жасқа толмаған тұлғалар және жүкті әйелдерге де тыйым салынады. Жалпы, флюорография әйелдерде босанғаннан кейінгі алғашқы күндері туберкулезді анықтау мақсатында жүргізіледі. Процедурадан кейін сүт порциясын сүзіп тастап, содан кейін ғана баланы емізуді жалғастыруға болады.
Гүлжан Қоңыршина атап өткендей, флюорография арнайы дайындықты қажет етпейді және кез келген уақытта өткізіледі. Зерттеудің негізгі қағидаларына тоқталар болсақ, зерттеу жүргізер алдында бірнеше сағатқа темекі шегуден бас тарту керек – бұл анық және айқын көріністі алуға мүмкіндік береді. Емшара басталғанға дейін дененің жоғарғы бөлігін ашып, емшара алдында барлық металл заттарды (шынжырлар, кулондар, т.б.), сондай-ақ бет пен денеден құрамында металл бар косметиканы алып тастау керек. Әйелдерге бюстгальтер шешуді немесе ілгекті шолуға түспеу үшін белге түсіруді талап етеді, сондай-ақ ұзын шашты суретке кедергі жасамауы үшін төбеге жинап тастау ұсынылады. Зерттеу тек тік жағдайда жүргізіледі, сондықтан бұл жатқан науқасқа тағайындалмайды. Флюорография кезінде рентгенологтың барлық ұсыныстарын дәл орындау керек. Сурет барынша терең демалғанда жасалады, бұл кезеңде өкпе жақсы ашылып, толық суретті алуға мүмкіндік береді.
Әрине өкпе флюорографиясы патология туралы нақты ақпарат бермейді, бірақ өкпе тіндеріндегі өзгерістерді, сұйықтықтар мен жаңа өскін жасушаларының пайда болуын дер кезінде диагностикалауға мүмкіндік береді.