Абай • 29 Қаңтар, 2020

Хакім тұтынған жәдігерлер

444 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұйымдастыруымен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Абай музейі және қолжазбалар әлемі» тақырыбында көрме ашылды. Көрме аясында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен меймандары үшін музей қорындағы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи құжаттар мен архивтік деректер, құнды қолжазбалар, домбырасы және ақынның 1885 жылы тарихи өлкетану музейіне өз қолымен тапсырған жәдігерлері таныстырылды.

Хакім тұтынған жәдігерлер

Абай тәлімін жастар санасына мықтап сіңіруді мақсат еткен тағылымды жиынға қатысқан ел ағалары мен зиялы қауым өкіл­дері адамшылық жолға тәр­­биелейтін өсиет-нақылын тар­­қата келіп, бүгінгі таңдағы ұлт­тық болмысымыздың, адами мақ­сат-міндет жолындағы бағыт-бағ­дар екендігіне тоқталды. Қол­жаз­балар және сирек кітап­тар ұлт­тық орталығының дирек­торы мін­детін атқарушы Нұр­лан Ере­жепов көр­менің ел Пре­­зиденті Қасым-Жо­март То­қаев­­тың ақын, ойшыл, ағарту­шы Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дық мерейтойын атап өту ту­ралы жарлығына сәйкес, «Абай жә­не XXI ғасырдағы Қазақстан» ат­ты мақаласының аясында ұйым­дастырылып отыр­ғанын жеткізді.

– Президентіміз Абайдың 175 жылдығын мерекелеу бо­йынша берген бірқатар тапсыр­маларының нәтижесінде қазіргі таңда елімізде аймақтардан бөлек республикалық көлемде 500-ден аса іс-шаралар жоспарланып отыр. Атқарылып жатқан жұ­мыстардың ішіндегі ең маңыз­дысы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығына ғылыми-рес­тав­рациялық жұмыстар жүр­гізу, Абай үйі-музейінің жан-жақ­­ты танымалдылығын арт­тыру іс-шаралары сияқты ір­гелі жұ­мыстар атқарылып жат­қаны бәрі­мізге белгілі, – деген ол «Қол­­жазбалар және сирек кітап­тар» ұлттық орталығындағы атал­­­ған бағыттар бойынша бір­қатар іс-шаралар қолға алын­ғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық орталық қорының сирек басылымдар қатарында Абай Құнанбайұлының баспадан шыққан бірқатар еңбектерінің коллекциясы сақтаулы. Бұл ретте ай сайын «Ұлы даланың ұлы ақыны» тақырыбында жастарға арналған ғылыми-дәрістер өткі­зіліп келеді. Дәрістерге 300-ден аса студент пен мектеп оқу­шы­сы қатысқан. Сондай-ақ Абай өлеңдерін оқу челленджіне ор­та­лықтың қызметкерлері де өз үлестерін қосқанын, әртүрлі тіл­дерде жатқа айтқанын әрі осы рет­тегі насихат жұмыстарының жал­ғаса беретінін жеткізді.

1885 жылы Абай Құнанбай­ұлы өзінің орыс досы Н.Дол­го­полов арқылы қазақ халқы­ның ертеден қолданып келе жатқан заттарын Семей қаласында ашылған өлкетану музейіне тапсырғаны баршаға мәлім. Олардың ішін­де қазақ киіз үйлерінің жабдық­­­тары, қазақтың ұлттық музыка­лық аспаптары, одан бөлек найза, айбалта, шоқпар, шиті мылтық және кісе белдік сынды басқа да түрлі этнографиялық заттар бар. Заманында Абай өзі тұ­тын­ған құнды жәдігерлер бү­гін­гі көрмеге келгендердің көз­айы­мына айналды. Көрмеге Абай тапсырған зат­тардың бірі – піс­пек те қойылды. Музей маман­дары­ның айтуын­ша, кезінде піс­пек жалғыз емес, саба­мен бірге тап­сы­рылып, саба­ның сақталмай қалуы әбден мүм­кін. Піспектің ұзын­дығы 59 см, төменгі жағы жарты сфера тә­різ­ді ойылса, жоғар­ғы жағы төрт қырлы үшкір жебе сияқты жасалған. Піспек орта тұсынан қиғаштай сынған, сондықтан сынықтары бір-біріне жанасты­ра екі жерден мыс сыммен оралып, орнына бекітіліп­ті. Ал ағаш құты – Абай үйінің мүлкі. Аса шеберлікпен жасал­ған сусын құюға арналған құты қайың аға­шынан тұтас ойы­лып, екі бөлік жеке дайындалып, өңделгеннен кейін желіммен біріктірілген. Құтының бір жақ бетіне ақ түсті металдан жіңішке дөңгелек жап­сы­рылып, ортасына өсімдік жапы­рағы, мүйіз тәріздес «төрт құлақ» оюларының үлгілері қон­­ды­рылған. Қақпағы жұқа кү­міс­пен қапталып, мойын жағы әдемі бедерлене безендірілген. Құты қара түске боялғандықтан ақ түсті ою-өрнектер өте жа­ра­­сым­­ды көрінеді. Белдікке бай­лауға қолайлы болу үшін қа­йыс ілгегі де бар. Көрме бары­сында Абайдың өмір сүрген ке­зеңі және оның айналасына қа­тыс­­ты тарихи тұлғалар туралы, Абай­дың ақындық өнер айналасы және Семей қаласындағы 80 жыл­дық тарихы бар қасиетті қара ша­ңырақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-му­зейі­нің тарихы мен абайтану ғылы­мының дамуы хақында маз­мұны терең әңгіме өрбіді.

– Абай жылы деп арна­йы бе­кі­­­тілгелі бері музейіміздің көш­­­­пелі көрмелері ел аумағына шы­­ғып кетті. Күні кеше ғана Пав­­­ло­­д­арда ашылса, бүгін елорда төріне жетіп отыр. Біздің му­зейі­­­міз Қазақстандағы тұңғыш әде­­­би-мемориалды музей екені бел­­гілі. Кезінде Абай оқыған мед­­­ре­седегі 250 кітап та біздің му­­­зей­­дің қорында сақтаулы. Онда діни бағыттағы кітаптар ғана емес, риторика, химия, география пән оқулықтары да табылған. Абай тойы барлығымызға үл­кен жауапкершілік міндеттеп отыр, – деді «Жидебай-Бөрі­лі» мем­­ле­кет­тік қорық-музе­йі ди­­­рек­­торы­ның ғылыми жұ­мыс­­­тар жө­нін­дегі орынбасары Мей­­р­ам­гүл Қайрамбаева. Маз­мұ­ны терең, мағыналы көрме астана­лық­­тар үшін 24 қаңтардан 7 ақ­пан­ға дейін қызмет көрсететін болады.