Аймақтар • 29 Қаңтар, 2020

Маңғыстауда Кәсіпкерлер палатасы басшыларының есебі басталды

263 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылдан бастап тұңғыш рет өңірлік Кәсіпкерлер палатасы мен оған қарасты филиал басшылары іскерлер алдында есептік кездесу өткізетін болды. Маңғыстауда бұл келелі шараны МО Кәсіпкерлер палатасы Мұнайлы аудандық филиалының директоры Мәдина Жанжігітова бастады. Алдымен облыстағы іргелі кәсіпорындардың бірі «Каскор-Машзавод» АҚ ұжымына атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Ашық сұхбат алаңында кәсіпорын қызметкерлері несие алу, бизнесті өркендету, кәсіпкерлікті сүйемелдеу сынды сұрақтарына тұшымды жауап алды деп хабарлайды МО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Маңғыстауда Кәсіпкерлер палатасы басшыларының есебі басталды

М.Жанжігітова Мұнайлы аудандық әкімдігінің мәжіліс залында аудан кәсіпкерлерінің алдында есебін жалғастырды. Маңызды шараға аудан әкімі Рахат Елизаров пен өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев та қатысты. Мұнайлы ауданында Палата филиалы жұмысын 2015 жылы бастады. Содан бері аудан бойынша кәсіпкерлік секторын дамыту, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау, кәсіпкерге қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, кәсіпкерлік саласында мемлекеттік саясатты, бизнесті және әкімшілік өзара іс-қимылдарды жетілдіру, сервистік қызмет көрсету қызметтерін атқарып келеді.

Мұнайлы ауданында қазір 140 мыңдай адам тұрады. 5700-дей бизнес субъекті тіркелген. Олардағы жұмыспен қамтылған адамдар саны - 10 097. «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында кепілдендіру бойынша 31, субсидиялау нысанында 35 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Өткен жылы аудандық филиалда кәсіп ашу бойынша 100 адамға кеңес берілген, тағы 50-не бизнес жоспар жасақтау бойынша көмек жасалды. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер 840 кәсіпкерге, заңгерлік кеңестер 35 іскерге, бухгалтерлік кеңестер 92 адамға, несие алуға дайындалатын құжаттар бойынша сүйемелдеу 60 кәсіпкерге жасалды.

Есептік кездесу өте еркін, ашық өтті. Іскерлерді ауыл шарушылығына субсидия алу, бизнесті өркендетуге кепілсіз несие, қысқа мерзімді курстарда оқу мәселелері толғандыратын болып шықты.

Аудандық Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәдина Жанжігітова: «Аудандағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жұмыстары да нәтижелі болды. 2019 жылы барлығы 28 кәсіпкердің құқығы қорғалды. “Бастау” жобасымен ауданда тыңдаушылар 6 топқа бөлініп оқытылды. Барлығы 313 қатысушы оқумен қамтылды, оның ішінде 39 қатысушы  грант игері атанды.

«Жас кәсіпкер» жобасымен 108 қатысушы оқып шығып, оның ішінде 32 қатысушы 505 мың теңге грант иегері атанды. Ал «Бизнес кеңесші» бойынша 192 адам оқытылды. «Бизнес өсу» оқуы бойынша  43 кәсіпкер білім алды» деді.

Мұнайлы ауданы бойынша шағын несиелер бойынша 97 адам 510,6 млн теңге алған. Оның ішінде «Атамекен» Микроқаржы ұйымы арқылы 12 кәсіпкер 108,4 млн теңгеге қол жеткізді.

Ағымдағы жылдың қыркүйегінде Мұнайлыда ауданның экономикалық әлеуетін егжей-тегжейлі зерттеу мақсатында шағын және орта бизнеске сауалнама жүргізу арқылы скрининг жобасы басталды. Скрининг нәтижесінде алынған ақпарат негізінде нақты мамандануды қарастыратын аудандық дамудың картасы әзірленеді. Карта ауданның аграрлық, өңдеу өнеркәсібі және басқа салалардың өсу нүктелерін, сондай-ақ, олардағы қажеттіліктерді көрсететін болады. Осы орайда ауданның үй шаруашылықтары мен кәсіпкерлік субъектілерге скрининг жүргізу сәтті аяқталды. Үй шаруасындағы 22 140 адам, ал 5138 кәсіпкерлік субъектісі арнайы базаға енгізілді.

Облыстық Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен ауданда 2 оқу орталығы, 4 балабақша ашылды. ІӘК ұйымдастыруымен өткен «Сән құрақ» фестивалінде кеңес мүшесі, Мұнайлы тұрғыны Г. Демеуова бірінші орынға ие болды. Ауданнан 5 қыз-келіншек қатысты. ІӘК-нің мүшесі Әуес Сағынаева 11 мектепте ауданның қыз-келіншектеріне текемет басудың жаңа технологиясын үйретіп, үш күндік ақысыз тренинг ұйымдастырды. Мұнайлы ауданында 2019 жылы атқарылған толағай табыстар жетерлік. Биыл да сол істерді жалғастыру межеленген.

Есептік кездесулер облыстың барлық қала, аудан кәсіпкерлерімен өтеді.