Аймақтар • 29 Қаңтар, 2020

Ақтаулық зияткерлер Лиондағы БҰҰ Моделі конференциясына қатысады

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім ордасының 10-11-сыныбында оқитын Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 оқушысы қаңтардың 30-ы мен ақпанның 1-і аралығында Францияның Лион қаласында өтетін БҰҰ Моделі дүниежүзілік жастар конференциясына қатысады.

Ақтаулық зияткерлер Лиондағы БҰҰ Моделі конференциясына қатысады

Әлемдегі белсенді жас көшбасшылардың басын қосқан БҰҰ Моделі конференциясының биылғы тақырыбы «Су: өзгерістерге құлшыныс» деп аталады. Бұл туралы Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Нұркамал Әлихан, Құралай Санат, Айдана Бакитова Кәмшат Ақмұратова, Мирланбек Шаншаров, Ақбота Алпамысова, Дана Есбергенова, Ақжібек Сағындыққызы, Хисами Томирис конференцияға қатысу үшін жолға шықты. Конференция қатысушылары әлемдегі су проблемаларына тоқталып, пікірталастар сайысына қатысады деп жоспарланып отыр.

- Бұл оқушылар мектебімізде екі жыл бұрын құрылған БҰҰ Моделі клубының белсенді мүшелері. Клуб мүшелері БҰҰ қабылдаған құжаттамаларға сәйкес жер бетіндегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға арналған тұрақты даму мақсаттарын негізге алып жұмыс істейді. Дүние жүзінде кеңінен таралған тәжірибені Ақтауда алғаш болып жүзеге асырушы жастар, - дейді балалармен аттанған мектеп директорының орынбасары Әлия Хасенеева.

Францияның оңтүстігінде орналасқан Лион қаласында өтетін жастар конференциясына ақтаулық оқушылар тұңғыш рет қатысқалы отыр. Жиынды Лиондағы халықаралық мектеп пен Сколе халықаралық университетінің белсенді студенттері биыл сегізінші рет өткізгелі отыр.

- БҰҰ Моделі мектебімізде тұрақты жұмыс істеп келе жатқан клубтардың бірі. Ұйымның мақсаты - әлемдік проблемаларға жастардың назарын аударып, өзекті проблемаларды талқылау арқылы шешуге ұмтылу. Бұл біздің дипломатиялық және көшбасшылық қабілеттерімізді арттырады деп есептеймін. Алдағы үш конференцияда Тарихи қауіпсіздік кеңесі комитетінде сөз сөйлеймін, - дейді конференция қатысушысы Айдана Бакитова.