Абай • 31 Қаңтар, 2020

Тағылым тойы болуы тиіс

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының ұлтымыздың ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлы туралы еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласында хакімнің мерейтойын жоғары деңгейде атап өтудің бағыттары мен тетіктері айқын көрсетілген.

Тағылым тойы болуы тиіс

Президент жоспарланған шаралардың барлығы «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» екенін ерекше атап өткен. Расында да, дара, дана Абайдың тойы ойдың тойы болуы қажет. Ұлы Абайдың тойы тағылымның тойы болуы тиіс.

Менің пайымдауымша, Қасым-Жомарт Кемел­ұлының мақаласы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жалғасы іспеттес. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтқан болатын. Бүгінде ұлттық сананы сақтау және оны заман тала­бына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге ай­налды. Сананы жаңғыртуға Абайдың өміршең шығар­ма­лары зор ықпал етеді. Бұл туралы мақалада егжей-тег­жейлі жазылған. «Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжы­рым­дары бар­шамызға қашанда рухани азық бола алады. Сон­дық­тан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін бас­шы­лыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәр­те ой елегінен өткізген жөн» деп атап өтті Президент. Шын­ды­ғында да «Адамзаттың Абайы» атанған ақынның әдеби мұрасы бүгінгі күнде де, бола­шақта да өзінің мәні мен маңызын жоймайды. Ол ұлтымыздың рухани жаңғыру жолындағы темір­қазығы һәм шамшырағы іспетті.    

Былтырғы оқу жылынан бастап университетімізде «Абай­тану» курсы енгізілді. Бүгінде студенттерге абай­­тану­дың бастау­лары, ақынның өмірі мен шығар­ма­шы­лық жолы оқытылуда. Болашақ педагогтер курс бары­сында абайтану мәселелерінің даму бағыт­тарымен, оның ақындық мектебімен және хакімнің «Толық адам» философиясымен танысады. Осы орай­да Қыздар уни­вер­ситетінің профессоры, филология ғылым­дарының докторы Руда Зайкенованың «Абайтану» атты оқулығы да жарық көрді. Абайды тану – өзімізді тану.

 

Гаухар Алдамбергенова,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор