Руханият • 03 Ақпан, 2020

Әнекеңнің айыбы не?

721 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Әлемнің алпыс шақты елінде болып, Қазақстанын, қазағын насихаттаған және ол елдерде қазақ тарихына байланысты дерек ести қалса, оны тәптіштеп біліп, жазып алып, еліне, халқына асыға жеткізіп жүретін қаламгер Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжановтың туғанына биылғы мамыр айында 90 жыл толады.

Әнекеңнің айыбы не?

Талдықорған облысы Үйгентас ауда­нындағы Қарлығаш ауылында дүниеге келген Әнуар 1949 жылы Лепсі педагогика училищесін, 1954 жылы Қазақ мем­лекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдады. Журналшы қыз­метін облыстық «Алматинская правда» газетінен бастап, 1955 жылдың нау­рыз айынан «Литературная газетаның» Қазақ­стан мен Орталық Азиядағы мен­шікті тілшісі, кейінірек «Ленинская сме­на»­ газеті редакторының орынбасары, «Прав­да» газетінің Орталық Азия мен Қа­зақ­стан­дағы меншікті тілшісі, «Қазақ­фильм» киностудиясының бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы (1971-1979 жылдары. Бұл мерзімде КСРО Жазушылар одағы басқармасының да хатшысы болды), одан соң Автор құқын қорғау жөніндегі Бүкілодақтық ассоциацияның Қазақ бөлімінің басшысы, Тарихи және мәдени көне ескерт­кіштерді қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының, Қазақ­станның коммерциялық «Таң» теле-радио ассоциациясының төрағасы болды. Қа­зақстан Мәдениет қорының төрағасы қызметін атқарды. Республика Жоғарғы Кеңесі депутаттығына төрт мәрте сайланды. Жоғарғы Кеңес президиумына бірнеше рет мүше болды. КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайланды. КОКП-ның XXIV және XXV құрылтайларының делегаты болды.

Ә.Әлімжанов КСРО-ның Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс комитеті төрағасының орынбасары, Африка халықтарымен достықтың КСРО Ассоциациясы басқармасының, Африка халықтарымен достықтың Қазақ ассоциациясы президиумының, Азия және Африка жазушылары ассоциа-циясы мен Еуропа мәдениеті қа­уым­­дастығының мүшесі, «Қазақстан-Жа­­пония» халықаралық қоғамының пре­зиденті болды. Азия және Африка жазу­шыларының 1973 жылы Алматыда өткен V конференциясын ұйымдастырды. Әл-­Фарабидің туғанына 1100 жыл толуын­ атап өтудің ұйытқысы болды. 1991 жыл­дың басында Қазақстан Социалистік пар­тия­сының төрағалығына сайланды.

1991 жылғы қазан айының 29-ынан желтоқсанның 26-сына дейін КСРО Жо­ғар­ғы кеңесінің Республикалар кеңе­сін бас­қарып, 26 желтоқсанда КСРО-ның ыды­­рауы туралы декларация­ға қол қой­ды.

Әнекең Қазақстан Ленин комсомолы, Қазақ КСР Мемлекеттік, Халықаралық Джавахарлал Неру атындағы, Агустино Нето атындағы сыйлықтардың, Конго рес­публикасы, «Лотос» журналы сый­лық­та­рының, «Құрмет белгісі», «Халық­тар дос­тығы» ордендерінің иеге­рі, Қазақ­стан­ның Халық жазушысы атанды.

Хикаяттары: «Сумен және жермен елу мың миль» (1962 ж.), «Күнге бет алған керуен» (мұның журналдағы нұсқасын оқып риза болған Мұхтар Әуезов Әнуарды шақырып алып, талабын қуаттап, хикая­тына алғысөз жазып, «Кітап» баспасына жолдайды. 1960 жылы. Кітап 1963 жы­лы шықты); «Көгілдір таулар» (1964),  «Алаулы найза» (1965), «Отырар сыйы» (1966), «Таным» (1993).

 Романдары: «Махамбеттің жебесі» (1969), «Жаушы» (1969), «Рудаки тағы» (1974), «Ұстаздың оралуы» (1979), «Адам жолы» (1984).

«Жаушы» романы бойынша кинофильм түсірілді.

...Әнекең шетелдерге барғанында бір ғана Қазақстанның емес, Орталық Азияның да мәдениет-әдебиет елшісі, жаршысы болғаны анық. Бұл қырынан екі мысал.

  1. Қымбатты Әнуар! Мен сенің түрікмен әдебиеті туралы керемет жылы сөздерің мен Үндістанда бол­ған күндеріңде біздің классигіміз Мақтұм­құлидің шығармашылығы туралы пікірің­ді оқыдым. Біз саған өте ризамыз!

Үндістанда болған кезіңізде Түрік­менияға, түрікмен әдебиетіне және Мақ­тұмқұлиге қатысты көптеген материал көргеніңізді айтты.

Сізден қатты өтініп сұрайтыным, қайда (қай қалада) және не көргеніңізді, не тапқаныңды түртіп қойған болсаңыз, маған да білдіртсеңіз. Егер қиындық тудыратын болса, сізге арнайы адам жіберер едім. Өйткені бұл материалдар біз үшін өте құнды, оның үстіне өзім де қарашаның ортасында Үндістанға бармақпын. Құшақтадым!

Берды Кербабаев

Ашхабад. 14.Х.1970 ж. 

 

  1. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Респуб­ликалар кеңесінің төрағасы, жолдас Ә.Т.Әлімжановқа!

    Құрметті Әнуар Тұрлыбекұлы!

Біздің ұлы жерлесіміз, әлем әдебие­тінің корифейі Низами Гянджевидің туғанына 850 жыл толуына арналған іс-шара Мәскеуде ұйымдастырушылық және рухани-эстетикалық деңгейде өткенін ризашылықпен атап өтемін. Ақын ескерткішінің ел астанасында ашылуы да, академиялық Үлкен театр­дағы салтанат та Әзербайжан халқының жадында өшпес із қалдырды.  Осы зор табысқа Сіздің қосқан жеке үлесіңізді біз жақсы түсінеміз және жоғары бағалаймыз! Бәріне рахмет!

Аяз Муталибов, 
Әзербайжан Республикасының Президенті

Баку. 30 қазан, 1991 жыл.
(Хат мәтіні аударылып берілді – редакция)

Әнуардың мұрағатындағы мақала, аудар­ма және хаттармен танысу барысында өмірде өте қарапайым болған қалам­дас ағаның адами қадір-қасиетін, қалам­г­ер­лік күш-қуатын тани түстім. Әсерімді қыс­қаша айтсам:

біріншіден, Әнекеңнің халықаралық деңгейде танымал болғанын шетелдер зиялыларынан келген жылы лебізді он­даған хатты оқып сүйіндім (рас, кере­ғарлықсыз өмір болған ба, өзімізден, Ре­сейден әлдебіреулер Әнекеңе: «Сен ұлт­шылсың! 1986 жылғы Желтоқсан оқи­ғасы үшін басшыларды кінәладың, жан керек болса, басқа жаққа кет!» деп жауыға, қор­қыта хат жіберіпті);

екіншіден, Қорқыт ата мен әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Құрманғазы, Махамбет, Жамбыл, Шоқан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мір­жақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев ағаларымызды және бергі құрдас, іні ақын-жазушыларымыздың біразын орыс­тілді оқырмандарға кең таныстыра танымды мақалалар жазған;

үшіншіден, Сәкен Сейфуллиннің екі әңгімесін, бір хикаятын және Бейімбет Майлиннің «Шұғасынан» орыс тіліне үзінді аударған;

төртіншіден, Әнекең 1989 жылғы шілдеде Семей қаласында өткізілген ха­лықаралық конференцияда және 1990 жылы Ұлыбританияның Қауымдар палатасында әдетінше жалындап сөйлеп, Семей полигонын жабуды және дүние жүзінде атом-ядролық қару жасауды, сынауды тоқтатуды талап еткен. Әнуар – социалистік елдердің әлемінен Лон­донның төрінде сөйлеген жалғыз қайраткер;

бесіншіден, Қазақстанына, қазағына күйе жаққандарға дереу қарсы тұ­рып,­ «Литературная газета» мен «Ком­сомольская правда» газеті бетінде жауап берген. «Молодая гвардия» журналында Н.Кузьмин дегеннің «Соғыстан соғысқа дейін. Түнгі әңгіме» жазбасы жарияланып, онда Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтен бастап бірнеше ақын-жазушымызға күйе жағылғанда, намысқа қамшы басып, оған баспасөз бетінде бірінші болып тойтарыс берген;

алтыншыдан, қазақ әдебиетінің жас таланттарын, арқалы ақындарын КСРО-дағы және шетелдердегі қаламдастарына танытуға күш салған (мәселен, Мұқағали Мақатаевтың 55 өлеңі мен 3 дастанын орыс тіліне аудартып, өзі алғысөз жазып, «Зов души» деп атап шығартқан);

жетіншіден, өзіміз атын атаудан жас­қанып жүрген жылдары «Зар-за­ман» жырауларының және беріректегі «ұлт­шыл, керітартпа» ақындарымыздың біраз өлеңдерін орысшалатып (құрас­тыруды Мұхтар Мағауинге тапсырып), Ленинград баспасынан «Поэты Казахстана» деген атпен жинақ етіп шығарудың жолын тапқан;

сегізіншіден, 1967 жылы болар, шет- елдерге кезекті бір сапарында Қараши қаласына атбасын тіреген Әнуарды Пәкістанның көрнекті суретшісі Салых Айын Орталық банк ғимаратындағы Суреттер галереясына алып барыпты. Ішкі қабырғаға майлы бояумен салынған көне суреттер арасында қазақы реңді бір кісінің домбыра ұстап тұрған суретін көре қалған Әнекеңнің: «Бұл кім?» дегеніне Салых: «Бұл – Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Әбу Синадан бастап барлық ғұла­маларымыздың екінші ұстазы. Біздің осында орналасқан кітапханамызда Аристотельдің, Эвклидтің, Птоломейдің еңбектеріне жазған түсініктері, өзінің көптеген жазбасы бар», деп жауап қайы­рыпты. Әнуардың сол сәтте қандай сезімге бөленгенін ойлап байқаңызшы!.. Ол сол суретті Айынға көшіртіп алып, ел­ге оралысымен қылқалам шеберіміз Бек Ыбыраевқа толықтыра айтып отырып салдырып, бабамыздың бүгінде бізге қымбат бейнесін алғаш рет жасатты! Фарабитануды негіздеген ғалым Ақжан Машанов ағамызбен қанаттасып, әл-Фараби еңбектерінің насихатталуына көп күш жұмсады. «Ұстаздың оралуы» атты роман жазды. Бұл тарихи романы – әрқашанғысынша мұқият зерттеуінің нәтижесі десем, оған дайындық кезеңін­дегі мына тұжырымы дәлел:

«Как о гениальном ученом древности говорит о нем в статьях и лекциях крупнейший литератор и историк Алжира Башир Хадж Али. Труды Мухаммеда аль-Фараби и книги о нем до сих пор остаются объектом пристального внимания ученых Каира и Стамбула, Дамаска и Багдада, Тегерана, Самарканда, Душанбе, Герата и Алматы. В библиотеках Лондона, Парижа и Берлина вот уже много веков хранят как бесценное сокровище его трактаты, переведенные на языки народов Европы...».

Айтпақшы, егер жаңылыспасам, 1958 жылы «Дипломмен – селоға!» деген бүкілодақтық үндеу жарияланғанда Әнуар «Литературная газетада» ашық қарсы мақала шығарып: «Қазақ жастарын қашанға дейін мал соңына салып қою керек? Олар техникалық білім алып, өнеркәсіп салаларында қызмет істеуге, инженер болуға құқылы!» – деген болатын. Осы орайда дипломат Болатхан Тайжанның «Жазбаларындағы» (1966 ж.) мына бір сыры есіме түсті:

«Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеруді бастарда Кеңес өкіметі, компартиясы, кәсіподағы бірігіп, арнайы қаулы шығарыпты. Онда: Қазақстанның Тың өлкесін игеруге баратындарға он жылға өсімақысыз несие берілсін; егер колхоз-совхоздарда істеп жатқан шаруа­лар тың өлкесіне баратын болып, ал олар өз колхоз-совхоздарына борышты болса, ол борышы өшірілсін; егер Қазақстанға бара жатқанда шаруалар өздерінің сиы­рын, шошқасын, тауығын ала кетемін десе, мемлекет есебінен тегін жеткізіліп берілсін, ал малын Қазақстанға апармаймын, қалдырып кетемін десе, арнайы анықтама алсын, Қазақстанға барғанында сол анықтама бойынша Қазақ КСР үкіметі оларға сол мөлшерде сиыр, тауық, шошқа беретін болсын; Тың өлкесіне барғандар ең бірінші кезекте баспанамен, немесе соған қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілсін», делінген. Қазақстанға басқа рес­публикалардан баратындардың бәріне осылайша көптеген жеңілдік жасауды міндеттеген қаулының соңында: «...бұл шарттар мен жеңілдіктер Қазақстанның тұрғындарына қолданылмасын», де­лі­ніпті.

Қысқасы, тың игеруге баратын сырт­­та­­ғыларға «коммунизм жасалып», іште­гілерге, яғни қазақтарға көңіл аударудың керегі жоқ делінген. Сұм­дық емес пе?! Қа­зақ­ты қорлау ғой?!. Сөй­тіп қыстығып жүр­генімде бір күні Мәскеуде жазушы Әнуар Әлімжановты кездестіре қа­лып, қаулының қолыма түскен көшір­месін көрсетіп: «Әнеке-ау, Сіз – интер­националиссіз, ал енді көріңіз, міне», дедім.

 Әнекең намыстан жаралған қазақ еді ғой! Бүкілодақтық әдебиет институты өткізген кездесуде ширығып сөйлеп, одан кейін газетке мақала шығарып, жаңағы қаулының өктемдіктің ең сорақы фактісі болғанын, одан қазақ халқы материалдық та, моральдық та орасан зиян шегерін өткір айтты да, жазды да.

Джавахарлал Неру атындағы халық­аралық сыйлықтың лауреаты, әлемге әйгілі публицист-жазушы Әнекең сол жы­лы Лениндік сыйлыққа ұсынылған-ды. КОКП Орталық комитетіндегі сырлас жолдастарымның бірінен ондағы әпербақан шовинистердің Әнуарға дереу қарсы тұрып, оның аты-жөнін тізімнен сыздыртып тастағанын естіп: «Кесірім тиіп кетті-ау! Айтуға неге ғана асықтым екен?!» деп қатты өкіндім. Содан бірде Әне­кеңнің Мәскеуге келгенін естіп, із­­деп мейманханаға барып жолығып, өкі­­нішімді білдіріп, кешірім сұрадым. Әне­кең өте қарапайым, кішіпейіл адам еді ғой, балаша бейқам күліп: «Бөке-ау,­ біз сыйлық үшін туған жоқпыз ғой, шын­дықты айту үшін тудық қой?! Маған анау албасты қаулыны айтқаның жақсы болды, кештеу болса да, талайдың көзін аштық емес пе?!. Бұл біздің же­ңістеріміздің басы болды, оны жумау обал болады», деп сылқ-сылқ күліп, дастарқан жайды...

Шындықтан жаңылмай өмір сүру бақыт екен!».

Сөйткен Әнуарға өзін ұшырған ұясы өгей болып тұр. Өзге жоғары оқу орындарын бітірген: агроном, зоотехник, дә­рі­гер, геолог, педагог, мұнайшы, құры­лыс­шы, суретші, т.б. мамандық иелерін әс­пет­теуші «Өнегелі өмірдің» тізгін-шыл­бырын ұстаушылар бар құрлықта өшпес ізі жатқан Әнуар Әлімжановтың аруа­ғына тағзым етер емес. Тап мұндай «табандылықты» көрген де, көрмеген де «арманда» дейін. Иә, «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса», тіпті шығар­май қойса да.

Алайда олардың мына бір хатты «оқи салғандары» зиянды бола қоймас (орыс тіліндегі нұсқасы):

 Дорогой Господин АЛИМЖАНОВ!

Это письмо является попыткой рассказать Вам, как мы высоко ценим Ваш визит в наш колледж. Слова являются важнейшим средством выражения чувств моих студентов и моих личных. Нет вопроса, что весь их опыт, который они имеют от жизни в колледже не превышает всего того, что они пос­тигли за то время, что Вы были с нами.

Литература, культура и история казахского народа, о которых вы говорили так красноречиво, показались нам чудесной картиной, воспроизведенной перед нашими глазами. Студенты впоследствии говорили о вашей скромной манере держаться, которая завоевала их сердца.

Мы также очень рады встречи с Вашим переводчиком, Мисс Аурье, которая проделала значительную работу по выражению не только Ваших слов, но и огромных чувств вместе с мыслями, которые были Вами высказаны.

Еще раз, мой друг, примите нашу искреннюю благодарность. Казахский народ всегда будет жить в наших сердцах. Теперь эта страна не будет для нас всего лишь далекой землей на карте. Мы теперь многое знаем о ней.

Желаем Вам благополучного возвращения домой и дальнейшего успеха в вашем труде!

Искренне Ваш: профессор Едвард С.МЕЙХАРД, Президент Ассоциации Негритянских профессоров Америки.

  1. ХІ. 1970 г.

  

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ