Үкімет • 03 Ақпан, 2020

Білім мен ғылым саласын дамытудың алдағы міндеттері айқындалды

1507 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігі 2019 жылғы жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарымен бөлісті. Ведомствоның кеңейтілген отырысына Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Президент Әкімшілігінің өкілдері, сенаторлар, мәжілісмендер, білім мен ғылым саласының қызметкерлері қатысты.

Білім мен ғылым саласын дамытудың алдағы міндеттері айқындалды

 Былтырғы нәтиже қандай?

Бірінші болып сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алдымен 2019 жылда атқарылған істерді баяндады.

Мектепке дейінгі тәрбие мен білім. Былтыр 3-6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 100 пайызға жетіп, жоспар толық орындалған. Елімізде барлығы 10 583 мектепке дейінгі ұйымда 892,3 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақшалардың 6 284-і – яғни 59 пайызы мемлекеттік, ал 4 299-ы – яғни қалған 41 пайызы жекеменшік ұйымдар. Балаларды ерте жастан дамыту бағдарламасы енгізілді. Осы саладағы 7 600 қызметкер біліктілікті арттыру курсынан өткен.

Орта білім беру. Министрдің баяндамасына сәйкес республикадағы 6 975 мектепте 3,2 млн оқушы білім алады. Оқушылардың 95 пайызы жаңартылған білім бағдарламасына көшті. Бір жыл ішінде 21 мың орындық 70 жекеменшік мектеп іске қосылды. Орта білім беретін оқу ордаларының 446-сы жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. 2020 жылдан бастап барлық мектеп осы жүйеде жұмыс істемек. Ұлттық біліктілікті арттыру курсынан өткен 156 мың мұғалім 30-дан 50 пайызға дейінгі үстемеақы алады.

Кәсіптік-техникалық білім. Еліміздегі 801 колледжде 469 мың студент түрлі кәсіпті игеріп жатыр. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмысшы мамандықтарда білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысы 16 769 теңгеден 21 878 теңгеге, яғни 30 пайызға көбейді. Ал 2020 жылдың 1- қаңтарынан орта буын мамандықтарында даярланып жатқан студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға, яғни 16 769 теңгеден 20 948 теңгеге өсті. «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасымен 300 мың адам оқытылды. «Жас маман» жобасының жүргізу мен қаржыландырудың ережесі бекітілді.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру. Кадр даярлауға бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың көлемі артты. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 39,7 мыңды құраса, 2019 жылы 66,5 мың болған. Соңғы 4 жылда жастардың жоғары білім іздеп шетелге кетуі азайған. Мәселен, 2016 жылы 1600 адам шекара асса, 2019 жылы 535 талапкер жоғары білімді өзге елден іздеген. Қазақстан World University Rankings рейтингі бойын­ша Чехия, Түркия мен Эстонияны басып озып 37-орынға тұрақтапты. Бір жыл ішінде отандық университеттерде білім алып жатқан шетелдік студенттердің саны 9 мыңға артқан. Қазір 39 558 шетелдік студент отандық ЖОО-ларда білім алып жатыр.

Ғылым. Республика көлеміндегі 384 ғылыми-зерттеу институтында 22 378 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Олардың 869-ында PhD докторы дәрежесі, 4 мың 373-інде ғылым кандидаты атағы, сондай-ақ 4 563 магистрлер мен 35 жасқа дейінгі 7 748 жас ғалым бар. Былтырдан бастап жас ғалымдардың жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған байқау 3 млрд теңге көлемінде жыл сайын өткізіледі. Отандық ғалымдар мен зерттеушілер жазған ғылыми мақалалардың 80 пайызы рейтингі жоғары журналдарда ағылшын тілінде жарияланған. 

 Биыл шешілуі тиіс мәселелер

Мектепке дейінгі тәрбие мен білім. А.Аймағамбетов алдағы жұмыс жоспарына бекітілген, күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелерге тоқталды. «Проб­лемамызды ашық айтпасақ, іс алға баспайды. Сондықтан облыстың дең­гейін түсірмеу үшін жалған ақпарат беретін жергілікті атқарушы органдар мен білім басқармаларындағы қыз­мет­керлерге бізді дұрыс, шынайы, объек­тивті статистикамен қамтамасыз етуін сұраймын. Біз сонда ғана қай жерде қан­дай мәселемен шұғылдану керек екенін білеміз», деген министр жекемен­шік балабақшалар санының азайғанына алаңдаушылық танытты. «Біз тиісті әдістеме бекіткеннен кейін сол әдістемені орындау керек. Елімізде қазір теріс үрдіс қалыптасып отыр. Кезінде қаншама жаңа балабақша ашылды. Енді қаржының жетіспеушілігіне байланыс­ты бұл жекеменшік балабақшаларды сатып, оны басқа нысанға айналдыру байқалады. Оған жол бермеуіміз керек. Біз жаңа мемлекеттік бағдарламада осы үшін 448 млрд теңге қосымша қаржы қарастырдық. Орталық бюджеттен де тиісті көмек көрсетіледі», деді ол. А.Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, үш ірі қала мен Атырау және Алматы облыстарында 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту орташа республикалық көрсеткіштен төмен. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеу мен оқытуға жағдай жасаған мектепке дейінгі ұйымдардың үлесі өте аз. Мысалы, Түркістан облысы мемлекеттік бағдарламада жоспар бо­йынша 70 пайыз, бірақ қол жетізгені 11,7 пайыз, Қызылорда облысы 30 пайыз, 18 пайызға ғана қол жеткізді. Атырау облысы 35 болса, 31 пайызға ғана орындалды. Бұл өте қиын жағдай. Осы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасалмай жатыр.

Орта білім беру. Мектеп оқушыларын сабақтан тыс уақытта қосымша біліммен қамту төмен деңгейде қалып отыр. «Бізде мектепішілік үйірмелер мен іс-шаралар бойынша әдемі сандар бар. Мектеп деңгейіндегі білім беру үдерісінің барлық қатысушылары қатысатын қажетті және маңызды жобалар жетерлік, бірақ бұл толық көрсеткіш емес», деген министр әкімдіктерге мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тігі есебінен мектептен тыс ұйым­дар желісін дамыту және балаларды қо­сымша біліммен қамтуды ұлғайту бойынша шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді. 

 Еліміздің орта мектептеріндегі критериалды бағалау жүйесі сол күйінше қалады. «Соңғы уақытта мектептегі бағалау жүйесі туралы көптеген жағымсыз ақпарат тарап жатыр. Біз бұл мәселені талқыладық. Жалпы, министрліктің ұстанымы келесідей: критериалды бағалау жүйесі қалады. Бірақ оны жетілдіру үшін тиісті өзгерістерді енгізуге дайынбыз», деді А.Аймағамбетов.

Сонымен қатар үш ауысымды және апаттық мектептер мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Бұл түйткілдердің түйінін тарқатуда жекеменшік серіктестік жүйесі жұмысын жандандыру керек.

Кәсіптік-техникалық білім. Колледждердегі дуалды білім беру жүйесін жетілдіру қажет. «Жас маман» жобасы жалғасады. Қазір 180 колледжге байқау жарияланды. Биыл осы байқаудың қорытындысына сай колледждерді материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету қолға алынады. Сонымен қатар «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы әрі қарай жалғасын табады.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру. ЖОО ректорларына педагогикалық білім беру мазмұнын қайта қарауға және материалдық базаны нығайтуға ерекше назар аудару қажет. Өйт­кені кадрларды даярлау сапасы мен дең­гейін ескере отырып, мемлекеттік жо­ғары оқу орындарына гранттарды бөлу мәселесі қайтадан қаралмақ. Енді сапа­сыз ма­мандарды даярлайтын жоғары оқу орын­дарына мемлекеттік грант бөлін­бей­ді.

Жатақханалар жайы да көңіл көншіт­пей тұр. Ведомство басшысының баян­­дауынша, былтырға белгіленген көрсеткіштерге толық қол жеткізілгеніне қарамастан, биыл жатақханаларда кемінде 15 мың орын, ал 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орын енгізу міндеттелген.

Білім және ғылым министрлігі университеттерде білім беру саласындағы заңнаманың сақталуын тексереді. Заң талаптары бұзылған және білім беру сапасының төмен деңгейі анықталған жағдайда жоғары оқу орындарының лицензиясын тоқтату немесе одан айыру шаралары қолданылады. Жақында ең көп студенттері бар жекеменшік жоғары оқу орнының жабылғаны белгілі. Бұл жұмыстар әлі де жалғаспақ. Себебі сапа бірінші орында тұруы тиіс.

Ғылым. Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша ғылымды қаржы­лан­дыруды ұлғайту мәселесі шешілді. Қаржыландырудың жалпы көлемі таяу­дағы 3 жылда шамамен 2 есе өседі. 2025 жыл­ға қарай қаржыландыруды ІЖӨ-нің 1 па­йызына дейін арттыру жоспарланып отыр.

Бүгінде ғылыми жұмыстардың 56 пайызын жоғары оқу орындары жүзеге асырып келеді. Оның басым көп­шілігі ҚазҰУ, ЕҰУ, ҚазҰТЗУ, Назарбаев Университетінде, Қазақ агротех­никалық университетінде, ҚазҰПУ-де шоғырланған. Жыл соңына дейін кон­курстық негізде үздік ЖОО-лар іріктеліп, олардың базасында министр­ліктің қаржылық қолдауымен «Акаде­миялық басымдықтар орталығы» құры­лады. Мұндай орталықтар жаңа ғылыми мектептерді қалыптастыру және әлемдегі өз зерттеулерін ілгерілету арқылы жаңагенерацияны зерттеушілерді даярлау ісін негізгі міндетіне алмақ. Нәтижесінде мұндай ЖОО-лар QS және Times Higher Education рейтингтерінде лайықты орын алуы тиіс. Сондай-ақ докторанттарға оқу аяқталғаннан кейін министрлік тарапынан төлемсіз тағы бір жыл беру жоспарланып отыр. Оның ішінде оқуды жалғастыруға және санкциясыз қорғап шығуға рұқсат етіледі.

Министрдің орынбасарлары да өз бағыттары бойынша баяндама жасады. Вице-министр Бибігүл Асылованың айтуынша, енді мұғалімдер «Favorit» электронды жүйесі арқылы өз жалақысын есептей алады. Бұл педагогтерге еңбек өтілі, дәптер тексеру, сынып жетек­шілік сынды әртүрлі міндеттері мен білік­тілігі, магистрлік дәрежесі секілді ерекше­ліктеріне қарай қосымша үстеме­ақысының көлемін білуге көмектеседі.

Отырыс соңында вице-премьер Б.Сапарбаев Үкіметтің білім беру саласын айтарлықтай қолдайтыны екі-ақ мысалдан айқын көрінетінін атап өтті. «Тек қана жалақы мен стипендия­ны көтеруге бюджеттен жарты трлн теңге кетті. Үкіметте білім беру мен ғылым саласын дамытуға мемлекеттің қаржысынан бөлінетін қаражат көлемін 2025 жылға дейін ІЖӨ-нің 7 пайызына жеткізу көздеген. Бұл – үлкен көрсеткіш, қомақты қаржы, лайықты қолдау», деді. Б.Сапарбаев тиісті ведомство басшылары мен жергілікті атқарушы органдарға аталған саланы дамытуға байланысты бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде бейнебақылау камералары, күзет, даладағы дәретханалар, ата-анамен мектеп арасындағы қарым-қатынас, оқушылар арасындағы қылмыстық істер мен өз өзіне қол жұмсау көрсеткішін азайтуға көмектесер қосымша білім беретін спорттық, мәдени орындар мәселелері қозғалды.