Аймақтар • 10 Ақпан, 2020

Маңғыстау ауданында 27 000 тонна мал азықтық шөп дайындалды

128 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жылдың қорытындысына сәйкес Маңғыстау ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жоғары. 2019 жылдың атқарылған жұмыстары туралы аталған ауданның әкімі Тілек Көшмағанбетов қорытынды есептік кездесуінде баяндап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Маңғыстау ауданында 27 000 тонна мал азықтық шөп дайындалды

Дәстүрлі жиынға аймақ басшысы Серікбай Трұмов, барлық басқарма басшылары мен аудан халқы қатысты. Ауыл шаруашылығы дамыған ауданда 36 егін шаруашылығы, 389 мал шаруашылығы, 425 шаруа қожалығы ата кәсіптің нәсібін көріп отыр.

Тауар өндірушілері өткен жылы 3272 тонна ет, 2754 тонна сүт, 116 мың дана жұмыртқа өндірді. Мал азықтық шөп дайындау үшін 27000 тоннаға жоспар жасалынып, 100% орындалды.

Жайылымды суландыру мақсатында «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында жаңадан 8 құдық қазылды.

Ауданда орта және шағын кәсіпкерлер саны 2321 адамға жетіп, 0,7% пайызға өсті. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» «Еңбек» бағдарламасы бойынша 58 адамға 248 млн теңге несие берілді.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында да біршама жұмыстар атқарылды. Ұзындығы – 1,65 және 4,8 шақырымды құрайтын селоішілік көшелердің автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.