Сонымен, көптен бері сөз болып, қолға алғалы жүрген шаруаның тұсауы кесілді. ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының алғашқы бес жылын қамтитын үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бекітіліп, ондағы белгіленген шараларды толығымен жүзеге асырудың нақты стратегия, қаржыландырылу көздері, тиімді басқару мен жеке жауапкершілік, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау, нәтижені бақылау және бағалау тәрізді қажетті шарттары анықталды. Сәтін салып, қолға алынғалы отырған істеріміз жүзеге асып жатса Қазақстан өз тарихында болмаған экономикалық серпіліс жасап, әлемнің дағдарыстан кейінгі алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің тізіміне ілінеріне еш күмән жоқ.
Әрине, бұл – біздің осы уақытқа дейін жасаған тіршіліктеріміздің бәрі болымсыз, өзгелердегінің бәрі керемет деген сөз емес. Шүкіршілік, біздің де басқаларға үлгі ғып тартар үрдістеріміз бар екендігі даусыз. Келімді-кетімді шетелдік әріптестеріміздің айтатын ортақ пікірі осындай. Мысалы, жапондық “Toshіba” корпорациясының өкілі Акихиро Такубо былайша пайымдайды: “Егемендігін жариялағаннан бергі қысқа мерзім ішінде өзінің дамуымен, сындарлы саясатымен, жарқын болашағымен бүкіл әлемді мойындатқан бірден-бір ел – Қазақстан”.
Дей тұрғанмен, дамудың табан жолынан енді-енді шығып, оның даңғыл жолына аяқ басып келе жатқан бізге бүгінгі жаһандану дәуірінде мейлінше жоғары сапа деңгейіне көтерілу үшін индустрияландыру үрдісін қолға алу ауадай қажет. Осы игі шара, түптеп келгенде бізге қосымша құны жоғары, бірінші кезекте өзіміздің отандастарымыз тұтынатын, өнімдер шығаратын өндіріс орындарын молынан ашуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, индустрияландыру отандық өндірістің қарқынды дамуында шикізаттың үлесінің мейлінше азаюына септігін тигізеді. Бұл деген шикізат өнімдерінен мүлдем бас тарту емес. Бізге керегі – өзгелер тәрізді барды орынды пайдалана білу.
Атап айтқанда, соғыстан кейінгі жылдары Германияның экономикасын көтеруге мейлінше еңбек сіңірген белгілі неміс экономисі Людвик Эрхард Маршалл жоспары бойынша бөлінген 1,4 млрд. долларды тек шикізат алуға көздеген. Бізде бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Бүгін, қазақстандықтар жерінің көлеміне шаққанда 0,2 пайызды құрайды, ал шикізаттың байлығы тұрғысынан әлемнің алдыңғы бестігі қатарында. Яғни, әрбір азаматқа келетін байлық жөнінен Қазақстан дүние жүзінде бірінші орында. Мұның өзі оның зор болашағын байқатады. Тек осыншама байлықты дұрыс ұқсата отырып, жаратқанның берген сыйының басым бөлігін келер ұрпаққа зор мұра ретінде қалдыру қажет. Сондықтан, алдағы онжылдықта дамудың тұрлаулы да теңдестірілген индустрияландыру бағдарламасы жедел әртараптандыру және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. Нәтижесінде, 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) өңдеу өнеркәсібінің үлесі 13 пайыздан кем емес мөлшерін құрауы тиіс. Экспорттың жалпы көлемінде шикізаттық емес экспорттың үлесі 27-ден 45 пайызға дейін ұлғаюы, еңбек өнімділігі өңдеу өнеркәсібінде екі есе, ауыл шаруашылығында кем дегенде төрт есе артуы қажет. ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығы 25 пайыздан кем емес мөлшерде төмендеуі, кәсіпорындардың инновациялық активтерінің үлесі 4-тен 20 пайызға дейін өсуі қарастырылып отыр.
Шыны керек, көзделіп отырған шаралардың жүзеге асуы оңайға түспесі анық. Бәрімізге белгілі, еліміздің ішкі жалпы өнімінде шикізаттың үлесінің молынан болуы академик Фазылхан Байымбетовтің сөзімен айтсақ, “атадан қалған мұра” іспетті. Танымал ғалымның айтса айтқанындай, КСРО кезінде Қазақстанда өндірілген руда тіпті сол жер жынысы күйінде Ресейге немесе басқа да одақтас республикалардың біріне жеткізіліп, сонда өңделіп отырды. Қазақстан “КСРО асыраушысы” аталып келгенімен, миллиондаған гектар жерде өсіп шыққан миллиардтаған пұт алтын астықты жинайтын комбайндар одақтас республикалардың бірінде жасалып, бізде соқа да шығарылмайтын. Қазақстан индустриясы негізінен әскери мақсатта дамып, зауыттарымыздың басым бөлігі Кеңес Одағының қорғаныс саласының тапсырыстарына қызмет ететіндіктен, халық тұтынатын тауарларды шығарушы өндіріс орындары аса көп болмайтын. Бірақ олардың өздері КСРО ыдырағаннан кейін жұмыстарын доғарды. Мәселен, мәшине жасау және металл өңдеу кәсіпорындарының көбі қазір тоқтап тұр. Кезінде 50 мың шынжыртабан тракторлар шығарған Павлодар трактор зауыты, тракторлар мен автокөліктердің поршеньдерін дайындаған Алматы поршень зауыты тәрізді алпауыт кәсіпорындар осындай күй кешіп отырса, 60 пайыздай мәшине жасау кәсіпорындарында өндіріс жабдықтары әбден ескірген. Айталық, 10 жыл ғана жұмыс істеуге тиісті ондағы станоктар 30-40 жыл бойы пайдаланылып келеді. Әрине, кез келген шетелдік фирма өз өнімдерін мұндай кәсіпорындарда дайындатуға құлықты болмайтыны айдан анық. Осыған ұқсас жағдайлар басқа салаларда да орын алып отыр. Мысалы, темір жол бойында локомотив және вагон паркінің 70 пайызға жуығы толық жаңаруды қажет ететін ескі дүниелер. Шамамен 15 мың шақырымға созылған магистральды темір жолдың 70 пайызы жаңалануы керек. Елдегі коммуналдық шаруашылықтардың меншіктеріндегі дүниелер де ең бері алғанда 50-60 жыл бойы пайдаланылып келе жатқан нысандар. Біразы Хрущев түгіл, Сталин заманынан қалғандар. Мінеки, осындай жағдайда “енші алған” Қазақстанды алдыңғы қатарлы индустриялық мемлекетке айналдыру міндеті тұр.
Осы ретте, Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылғандай, еңбек өнімділігінің кешенді артуы аса маңызды міндет болып табылады. Қазақстанда, тұтастай экономика бойынша бір қызметкер жылына 17 мыңдай доллардың өнімін өндірсе, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 90 мың доллардан асып отыр. Ауыл шаруашылығындағы ахуал да көңіл көншітерлік деуге келе қоймайды. Мұнда да еңбек өнімділігі көп төмен және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келеді. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды. Ауыл үшін өсу перспективасы, міне, осында. Нарық қоғамында “тауар өтімділігі” дейтін ұғым бірінші кезекке шығатынын ұмытпағанымыз жөн. Экспорттық әлеует пен қамтамасыз етілмеген өндіріс орындарының өрісі тар. Тіпті, әлемге танымал алпауыт “Тойота”, “Форд” компанияларының өздері шығынға батып жатқан кезде мұны ескермеуге болмайды. Ендеше, өркениет көшінде лайықты орын алу үшін біздің қоғамға аса қуатты инновациялық қозғалыс керек, яғни инновациялық үстемдік пен креативті үлгідегі тәртіп қалыптастыру қажет. Сонда ғана өндірістің жоғары өтімділігін қамтамасыз ете аламыз. Айталық, Израильдің бюджет кірісінің 60 пайызын ақпараттық технологияларға толығымен икемделген кәсіпорындар қамтамасыз етуде, сөйтіп өткен ғасырдың 50-ші жылдары қу мекиен даладан өзге ештеңесі жоқ бұл мемлекет қазір экономикасы қарқынды дамыған елге айналып отыр. Сондықтан, Елбасымыздың “білім – ғылым – өндіріс” тізбегін тұйықтау қажеттігі жөніндегі берген тапсырмасын орындауды Үкімет енді қолға алуы тиіс. Мәселен, Батыста университет – мұнай химиясы зауыты – мұнай өндірісі компаниясы тұтастықта жұмыс істей бастады. Демек, осындай шара ғылымның барлық салалары бойынша қолға алынса іс нәтижелі болмақ. Біз сияқты халқының саны аз, экономикасы даму үстіндегі елге технология ауадай қажет. Сонда ғана әлемнің алып мемлекеттері мен төңірегіміздегі елдер бізбен санасады.
Үкіметтің, барлық деңгейдегі әкімдердің алдында тұрған нақты әрі келелі міндеттер, міне, осындай. Осы жылғы 12 наурызда өткен Қазақстанның индустриялық өндірісін құруға арналған арнайы кеңесте Мемлекет басшысы тағы да бір қабат олардың жауапкершілігін айтып өтті. Әсіресе, өңірлердегі басшылар алдында аса жауапты міндеттердің тұрғанына назар аударылды. Өйткені, индустрияландыру бағдарламасы аясында іске асатын жалпы құны 4,7 трлн. тенге болатын 191 жобаның ағымдағы жылы 144-і облыстардың деңгейінде аяқталуы тиіс. Басты мәселе, нысандардың дер кезінде берілуін қадағалаумен қатар, оның толықтай жобалық қуатын игеруді қамтамасыз ету керектігіне тіреліп отыр. Мәселенің былай қойылуы кездейсоқ емес. Бізде соңғы уақыттарда саяси ұраншылдық пен науқаншылдықтың бел алып бара жатқаны ащы да болса шындық. Тіпті көзбояушылыққа дейін жол берілетін жағдайлар көрініс беруде. Осыған байланысты Елбасының өзі алаңдаушылық білдіргенін білеміз. Ол кісі, мәселен, “Дженерал электрик” компаниясының технологиясы бойынша Еуразия континентінде тұңғыш рет локомотивтердің бесінші буыны болып саналатын жаңа тепловоздар шығару зауытының өткен жылы Астана қаласында алғашқы өнімін беру тұсаукесеріне қатысқанын, ал шындығында алғашқы тепловоздың қазір ғана толық құрастырылып біткенін айта келе, бұл іс-шараның әншейін алдау екендігін қатты сынға алды. Алдағы уақытта мұндай жөнсіздіктердің тамырына балта шабу қажеттілігін ескерте отырып, Президент барлық деңгейдегі әкімдерге өз аймақтарында бүгіндері жұмыс жасап жатқан және таяу болашақта іске кірістірілетін кәсіпорындарды тұрақты назарда ұстап, олардың ұзақ мерзімді тапсырыстар алуына ықпал етіп отыруын тапсырды. Елбасы, сонымен қатар, барлық басшыларға халыққа жақын болу керектігін, олардың мұң-мұқтажын дер кезінде шешіп отыруды, әрбір қазақстандықтың жағдайының жақсаруына көмектесуін, жеке басының қарапайым болуын қатаң ескертті. Иә, бүгінгідей шешуші тұста тізгін ұстаған азаматтар тойдан гөрі ойға ден қойса, жағымпаздықтан гөрі жасампаздыққа бой ұрса, әсіре қызығушылықтан гөрі прагматикалық қадамдарды ұстанса ұпайымыз түгенделіп, шаруамыздың бүтінделетіні сөзсіз.
Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы мемлекеттік ресурстармен қатар, барлық қазақстандықтар мен бизнесті жұмылдыруға да байланысты екендігін атап өткен жөн. Мынадай бір ақиқатқа назар аударсақ. Қай елдің болса да әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы жеке меншік секторының, соның ішінде шағын және орта бизнестің үлесіне тікелей қатысты. Тауар өндірісін ұлғайтып, азық-түлік молшылығын жасайтын да, қызмет сапасын жақсартатын да – осы орта тап. Экономика тұрақты болуы үшін шағын және орта бизнестің үлесі 70-80 пайыз, кем дегенде 40-50 пайыз болуы керек. Ал, Қазақстанда бұл көрсеткіш 20 пайызға жетер-жетпес қана. Сондықтан, 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама іске кірісті және ол “Бизнестің жол картасы-2020” деген атауға ие болды. Бұл бағдарламаның мақсаты кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады. Олай болса, жұмысқа ынталы әрбір азамат үнді халқының ұлы перзенті Джавахарлал Нерудің “Табыс кім батыл қимылдаса, соның үлесіне жиі түседі” деген қанатты сөзін қаперде ұстап, осы бір оңтайлы сәтті ұтымды пайдаланғаны жөн.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы.