Аймақтар • 20 Ақпан, 2020

Жұмақын Қайрамбай Халық университетінде дәріс оқыды

489 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыдағы Рахманқұл Бердібаев атындағы Халық университеті айына бір рет шығармашылық адамдарын өнер сүйер жастармен жүздестіріп, дәріс өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. «Әуезов үйінде» шымылдығын түрген кезекті басқосуда есім сойы қазақ кескіндемесіндегі жаңа реализмнің жарқын өкілі ретінде жұртшылыққа жақсы таныс Жұмақын Қайрамбай өз қолтаңбасының  құпиясымен бөлісті.

Жұмақын Қайрамбай  Халық университетінде дәріс оқыды

Алпысыншы жылдардан бастап қазақ сурет өнері ерекше қарқынмен дамыды. Ұлттық идеямызды, ұлттық мәселелерімізді тереңнен қозғауда сурет тілі өте астарлы, айшықты рөл атқарды. Бұл тұрғыда қылқалам қасиетін терең меңгерген Әбілхан Қастеев, Молдахмет Кенбаев, Салихитдин Айтбаев  бастаған таланттар шоғырын алға тартсақ  жеткілікті. Бабадан жалғасқан буырқанған бұла өнерді бүгінгі жастарға жеткізіп жүрген шебер Жұмақын Қайрамбай «сурет тілін, тек музыкамен ғана салыстыруға болады» деп есептейді.

Суретшілердің картинасын көру мен оларды тыңдау екі басқа дүние. Әңгімесін «Мені Құдайдың суретші ғып жаратқанына шүкір деймін! Құдіреттің күші қандай, айналаңда тұмса табиғат тұнып тұр, бірақ соны көбіміз көре бермейміз. Былайша басып, таптап өтіп кете береміз. Ал суретшінің міндеті соны тоқтатып, көздеріне көрсету», деп бастаған туындыгер қазақ сурет өнерінің өткені мен бүгіні туралы ой өрбітті. Ұлт тарихынан ойып тұрып орын алатын арғысы Абылайхан, бергісі Жамбыл сынды бірқатар тұлғалардың портретін кескіндеген ол ұлылардың  болмыс-бітімін, мінезін, ішкі дүниесін ақтару оңай болмағанын айтады.

– Абылайханның алғашқы бейнесін жасау менің бағыма бұйырды. Қазір қарап отырсақ,  батырларымыздың бәрі бірдей болып кетті. Бәріне дуылға кигізіп, атқа мінгізіп, қолдарына қалқан мен қылыш ұстатып қойдық. Әйтеуір, мынау Бөгенбай, анау Қабанбай деп айта береміз. Арнайы комиссия құрып түбінде мұны бір ізге түсіруіміз қажет. Абылай бейнесін жасаудың тарихы өз алдына үлкен әңгіме. Оны қалай болса солай сала беруге болмайды. Ал біз көрген сурет «наброска» болса да түпнұсқадан салынды. Енді бұған қосымша тарихи, әдеби еңбектердегі Абылайханның образы, ондағы ақ түс, міне осылардың бәрін қарап, сұрыптап, саралап кеп Абылайдың портретін жаздым. Тарихшылардан қалпақтың ұзындығы қанша болады деп сұрадым, өйткені түпнұсқаның өзінде де қалпақ сыймай тұр. Мен сыйғызып салайын деп едім, ешбір өлшемге келмей қойды, содан мен де кесіп тастадым. Кім  қалай ойлайды, оны өздері біледі, ал маған образы керек болды. «Абылайға» өмірлік барлық материалдарымды түгел қамтып, сарқып салдым десем де болады», дейді қылқалам иесі.

Ұлы Абай бейнесін де алғашқылардың бірі болып кенеп бетіне түсірген ол хакім портретін салуда  терең ізденіске барған.  «Абай ол басы дөңгелек, толық кісі. Осы тұлғасына оның ақындық арманы мен мақсатын, махаббаты мен мұңын, ашу-ызасын енгіздім. Сөйтіп ем, ол кісі рамкаға сыймай қалды. Міне, өздеріңіз де көріп отырсыздар. Демек, Абай ешбір өлшемге сыймайды, ал оны өзінің өлшемімен салу немесе сыйғызу соншалықты сәтті бола бермейді. Мен үшін әуелі Құдай, содан соң Абай бар, осы қос құндылық өмірімнің де, өнерімнің де шамшырағы деп білемін!» – дейді Жұмақын Қайрамбай.

Дәріс барысында суретшіні қазақ бейнелеу өнерінің болашағы алаңдататынын байқадық. «Таланттар тасада қалмаса» деген шебер бұл тұрғыдағы бірқатар олқылықтарды да жіпке тізді.

«Санкт-Петербургтегі мен оқыған Академияны Екатерина ІІ салдырған. Оған 300 жыл болды. Ал бізде академия әлі жоқ. Біздің өнер академиясы дегеніміз – әртістермен араласып кеткен. Суретшілер Академиясы қырғыздарда, тәжіктерде, түркімендерде де бар. Шеберханаларымыз ыңғайсыз: жан-жағынан күн түседі, ал бізге күн түспеу керек. Сөйтіп жүріп, балаларымызды қараймыз, шетелге барғанда шеберлік сабағын өткіземіз.  Қарап отырсақ, қазақтың балалары құдай берген бе, әйтеуір жартысын айтсаң болды қағып алады, шетінен талантты», - дейді суретші.

Шығармашыл жастардың басын қосқан игі шараға мұрындық болған белгілі ғалым Кенжехан Матыжанов біздегі сурет өнері басқа да рухани бағыттарға қарағанда, қалтарыста дамып жатқан сала екенін  айтады. Суреттің тарихы сонау көшпелі мәдениет, ары тереңдесек сақ дәуіріне дейін барып, соңы Шоқанға дейін жалғасып жатыр. Белгілі бір кезеңдерде, әсіресе Ислам дәуірінде сурет өнеріне мән берілмеуінің тарихи себептері болғаны белгілі. Ал киелі өнердің көшін алға сүйреу үшін таланттарымызды жас ұрпаққа танытудың жөні бөлек.