Расында халқымыздың бауырмалдық, адамгершілік, имани қасиеті болмаса жүздеген этнос өкілдерін бауырына басып, басынан сипап, тәңір бұйыртқан несібесін бөліп берер ме еді. Абай атамыз 14-ші қара сөзінде, рақымшылдық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі, дейді. Яғни дананың жоғарыдағы сөзі «Адамдарды жақсы көрмейінше, өзіңе тілеген жақсылықты басқаларға да тілемейінше шын мұсылман бола алмайсың» деген ислам өсиетімен ұштасып жатыр.
Осы орайда, қазақтың бауырмалдығы жайлы мына бір оқиғаны әңгімеге тұздық ретінде толғай отырайын. «Egemen Qazaqstan» газетінде техникалық редактор және компьютерлік дизайн ісіне жауапты Зәуреш Нұғманова деген қарындасымыз бар. Туған жері – Ресейдің Волгоград облысы.
– Үшінші сыныпта оқып жүрген кезім еді, – дейді Зәуреш Есмағұлқызы. – Әкеммен бірге қала шетінде орналасқан аса ірі әскери қосынға келдік. Мұндағы өңірлік әскери құрылымның командирі генерал-лейтенант ағай әкейдің жан досы еді. Екеуі үнемі аңға бірге шығатын әрі бала кезден бірге өскен ескінің адамдары-тын.
Келген шаруамыз түгескен соң сыртқа беттеп бара жатып, қосынның шеру алаңында шүпірлеп тұрған солдаттарды көрдік. Барлығы Қызыл Армия сапында борышын өтеуге келген жас сарбаздар екен. Әкей оларға таңырқай қарап: «Тауықтың үрпек балапандары сияқты сап-сары әрі бір-бірінен аумайтын өте бір қызық дүние екен» деп тың көрініске бажайлай қарап бара жатып, кенет «ананы қара» деді таңданып. Жалт қарасам, сап-сары балапандардың арасында қарғаның баласындай қап-қара біреу тұр. Әкей: «Ойбу, мына жалғыз қазақ баласы жат жерде қалай күн көреді, обал-ай» деп, күңіреніп кетті. Жақындап барып қара баладан «қайдан келдің?» деп сұрады. Анау «Қазақстаннанмын» деді. «Қызым ұрыста тұрыс жоқ, мен ана генерал досыма сөйлесейін, мына баланы үйге алып кетейік», деді әкем.
Сөйтіп қара баланы генералмен келісіп үйге алып келдік. Екі жыл тапжылмай біздің үйде тұратын болды. Одан кейін әскери борышын өтеген есебінде еліне қайтады. Қара баланың ұлты дүнген, аты – Гера екен. Қапшағайда туып-өсіпті. Қазақша әжептәуір біледі, орысшасы да жаман емес.
Мәселе қара баланың ұлтында емес, қазақ жерінде туып, қазақтың ауасын жұтып, түрі қазаққа ұқсаған бейуаз бейнені көрген қиырдағы бір қазақтың бауырмалдығы оянып, оны тұмсықтыға шоқыттырмай бауырына басқандығын айтпайсыз ба?! Міне, бұл қазақтың бауырмалдығының нақты дәлелі емес пе?!
«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп ардақты Абай атамыз айтқандай немесе атақты жырау Бұқар бабамыздың «Айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін, жат бойынан түңілсін, бәріңіз де бір енеден туғандай болыңыз» дегені сияқты қиырдағы бауырмал қазақ Есмағұл ағамыздың қайырымды ісі мұнымен бітпейді екен. Жарықтық жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілген өткен ғасырдың 90-жылдары ата-анадан бірдей айырылып жоқшылықтан ел кезіп, етегіне сүрініп жүрген Нұрлыбай атты жетім жігітті тауып алып: «ей, бауырым, жат жарылқамайды, ағайын алаламайды деген атам қазақ. Сенің тоңып жүргенің, менің тойып жүргенім жарамас, сен маған інім бол, мен ағалыққа жарайын, жүр үйге» деп алып келіп аузын аққа тигізген, асырап сақтаған.
Зәуреш қарындасым айтады: «Қалада еңселі үйіміз болды. Әкеміз көзіне қазақ көрінсе, жетелеп шаңыраққа алып келетін. Мен ес білгелі қонақсыз өткен күніміз жоқ. Менен кейінгі інім Салауаттың Арман деген досы бар еді. Тұрмыс-тіршілігі тақыл-тұқыл. Әкем оны да бала қылып алып, басына отау тігіп, қазанына ас салып, тірлігін тіктеп берді».
Кейде біз осындай бауырмалдық үлгісін ғараб пен фараб жұртынан іздеп, үзіп-жұлып жеткен аңыз-әфсанаға ентелей ұйып, етпеттей құлап отырамыз. Мұндай бауырмалдықты екі қазақтың бірі жасайды. Бүгінгі таңда Ұлы даламыздан несібесін айырып, есен-сау отырған жүздеген этнос қазақ бауырмал болмаса бастарына бақ қонар ма еді. Осындайда Асылы Осман апамыз үнемі айтатын «Қазақстандағы басқа жұрттар қазаққа қарыздармыз» дейтін мәнді тәмсілінде атан түйенің жүгі жатқан жоқ па?!
Сонымен әңгіменің басына қайта оралайық. Қиырдағы бауырмал қазақтың үйінде қона жатып, екі жылдық әскери мерзімін аяқтаған Гера аман-есен еліне қайтады. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегендей, шаңырағынан пана тапқан қазақ әулетіне хат жазып, үнемі хабарласып тұрыпты.
Арада тағы үш жыл өткенде, яғни 1992 жылы Нұғмановтар әулетіне Герадан хат келіпті. «Құрметті ата-ана, мен шаңырақ көтеріп, отау құрмақпын. Үйлену тойымның құрметті қонағы болып, құдалықты басқарыңыздар!». Туған ұлындай болып кеткен баланың қуанышына ортақтасу үшін Есмағұл ағамыз жары Сәуле апаймен бірге алып-ұшып жетеді. Гераның жары ұйғыр қызы екен. Екі жақ үйлену тойын қазақ дәстүрімен өткізіп, алыстан келген қос қонаққа қақ төрден орын беріп, әрі алыстан келген құрметті құдалар деп танып, ат-шапан сыйлаған екен.
Есмағұл ағамыз 2010 жылы дүниеден өтті. Сәуле апамыз қазір бала-шағасымен бірге жаңа қоныс Астрахань облысы Знаменск қаласында тұрып жатыр. Кеше астанадағы қызы Зәурешке хабарласып, «Қордай оқиғасына алаңдап отырмын, біздің Гера қайда жүр екен хабарын білші. Құдай қазақты бүліншіліктен сақтасын. Берекесі бұзылмасын» деп сәлем айтыпты.
Суретте: Қиырдағы бауырмал қазақ – Есмағұл Нұғманов