Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Жоламанов Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінде сөйлеген сөзінде айтты. Қазақстандағы ірі электр энергетикалық холдинг басшысының айтуынша, 2020 жылы Екібастұз ГРЭС-2 стансасын кеңейту және реконструкциялау жобасының жобалау-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізу аяқталады.
Екібастұз ГРЭС-2 нысанында жаңа энергия блогын іске қосу белгіленген қуат көлемін 636 МВт-қа арттыруға мүмкіндік береді. «Самұрық-Энерго» 2021 жылы жобаға жұмсалған қаржының өтелуін қамтамасыз ету мақсатында Нарық кеңесіне қуат нарығы аясында 2025 жылдан бастап қуатқа жеке тариф белгілеуге рұқсат алу үшін өтінім беруді жоспарлап отыр.
2019 жылғы желтоқсан айында «Самұрық-Қазына» АҚ ресейлік «ИНТЕР РАО ЕЭС» ОАО компаниясынан стансаның 50 пайыздық акциялар үлесін сатып алғаны белгілі. Бүгінде қор «Самұрық-Энерго» АҚ-пен бірлесе отырып Екібастұз ГРЭС-2 стансасына тепе-теңдік негізде иелік етеді.