Аймақтар • 26 Ақпан, 2020

Ақтауда өзге ұлт өкілдері Абай өлеңдерін жатқа оқыды

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтаудағы Достық үйінде Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында «Тілім менің» байқауы өтті. Бұл туралы Қазақстан Халықтары Ассамблеясы Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтауда өзге ұлт өкілдері Абай өлеңдерін жатқа оқыды

Этнос өкілдерінің басын қосқан  байқауды ұйымдастырудағы мақсат – әркімнің өз ана тілінің көркемдігін сезінуі, басқа тілді құрметтей білуге шақыру және тілдік, мәдени әртүрлілікті, тілдік ерекшелікті сақтау, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту.

Байқауға қатысушылар өздерін мемлекеттік тілде таныстырды және Абай Құнанбайұлының шығармаларын қазақ тілінде мәнерлеп оқыды. Ұлы Абайдың шығармаларын әдемі жеткізе білген этнос жастарына баға беру қазылар алқасына да оңай тиген жоқ. Сайыс болған жерде жеңіс те, жеңіліс те болатыны белгілі.

Әділқазылар әділ шешім шығарып, нәтижесінде ІІІ орынды Донская Виктория (№12 орта мектеп) және Байрамов Денис (№10 орта мектеп), ІІ орынды Навасардян Диана (Н.Марабаев атындағы №17  мектеп-лицейі),  І орынды Байрамова Гульсум (Н.Оңдасынов атындағы №5 орта мектеп) иеленді.

Ана тілінің қадірін арттырған бұл шараға белсенді қатысқан өңіріміздің этномәдени бірлестіктерінің өнерпаз мүшелері ән-билерімен шашу шашып, кеш ажарын аша түсті.

Маңғыстау облысы