Медицина • 28 Ақпан, 2020

Маңғыстаудағы балалар ауруханасына соңғы үлгідегі үш аппарат берілді

210 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Тотал Е энд П Дунга ГмбХ» ЖШС есебінен Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына «Hamilton G5» өкпені жасанды желдету аппараты, рентгендік диагностикалық «С-дуга Ares MR» және «4К мен 3D» форматындағы лапароскопиялық хирургияға қажетті бейнекешені сыйға тарту етілді. Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстаудағы балалар ауруханасына соңғы үлгідегі үш аппарат берілді

Өңірдің кішкентай тұрғындарының денсаулығын қорғауда облыстық көпбейінді балалар ауруханасы стационарлық көмек көрсететін бірден-бір аурухана болып табылады. Сонау 1978 жылы ашылып, казіргі таңда 205 кереуеттен құралған, оның ішінде жаңадан туылған нәрестелер патологиясы, жүйке-жүйесі, педиатрия, хирургия, травматология-ортопедия, оториноларингология, жұқпалы аурулар және жан сақтау бөлімдері қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар 1 жасқа толмаған сәбиден бастап 18 жас аралығындағы жасөспірім балаларға әртүрлі  деңгейде күрделі оталар жасалынады. Жылына ауруханаға 10 000-ның  үстінде балалар жатқызылып, түрлі ем-дом алады. Ақтау мен Жаңаөзен қалалары, сонымен қатар Бейнеу, Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау және Мұнайлы аудандарының тұрғындарына консультативтік-диагностикалық көмектер көрсетіледі. Штат бойынша ауруханада 49 дәрігер, 150 орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Осылардың ішінде 15 дәрігер жоғары санатты, 5 бірінші, 5 екінші санатты дәрігерлер болып табылады. 2018-2019 жылдары ауруханаға 15 жас маман жұмысқа қабылданған.

-Бұл аппараттардың қажеттілігі өте маңызды. Мәселен лапороскопиялық тіреуіш дегеніміз инвазиялық ота жасауға, оның ішінде балалардың ішкі құрылыстарына ота жасау кезінде таптырмас құрылғы. Оның үстіне бұл соңғы үлгідегі модель. Қазіргі таңда біздің мамандар осы аппаратуралармен жұмысты бастап кетті. Екінші аппарат «С-дуга Ares MR» бұл травматологиялық ауруларға көрсететін көмектің деңгейінің жоғарылауына үлкен септігін тигізеді. Ал үшіншісі «Hamilton G5», бұл да соңғы үлгіде шыққан. Қазіргі кезде бізде реанимациялық бөлімшеде жатқан науқастарға ауадай қажет. Жылына 600-ден астам науқас балалар ем алады, оның 40 % 1 жасқа дейінгі балалар, олардың ішінде өте ауыр жағдайда түсетіндер аз емес. Соларға көмек көрсету деңгейі жоғарылай түседі деп сенеміз. Бұрынғы аппараттар бар, бірақ олардың дені ескірген, деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Аманбек Жұмыров.

Демеушілік көрсету арқылы өңірдің денсаулық сақтау саласының жақсаруына үлесін қосқан «Тотал Е энд П Дунга ГмбХ» компаниясының өкілдеріне Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев та алғысын айтты.

Өз кезегінде сөз алған «Тотал Е энд П Дунга Гмбх» компаниясының менеджері Шон Ларком, ынтымақтастық әлі де жалғасатынына сенім білдірді.

-Маңғыстау өңіріне көмектесуге әрдайым дайынбыз, әсіресе Ақтау қаласына. Себебі біз мұнда жұмыс жасаймыз. «Доңға» кенорны бойынша өзіміздің өнімді бөлу жөніндегі келісімді ұмытпай өзіміздің міндеттемеге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. 2002 жылдан бері жұмысымызды жалғастырып келеміз, сонымен қатар біздің келісім 2039 жылға дейін ұзартылғанына қуаныштымыз. Менің өзімнің кішкентай балаларым бар және Ақтау шаһарында өсіп келе жатқан кішкентай тұрғындардың денсаулығы жақсы болсын деп тілеймін. Балаларға қолдау білдіру үлкен жауапкершілік деп білеміз және бүгін сыйға тарту етілген аппаратуралар расында да үлкен пайдасын тигізетініне сенімдіміз, - деді ол.

Шара соңында компания өкілдері, денсаулықтар сақтау басқармасы және облыс әкімдігінің өкілдері естелік суретке түсіп, арадағы ынтымақтастық әлі де нығая түсеріне сенім білдіріп тарқасты.