Медицина • 28 Ақпан, 2020

Маңғыстауда МРТ, КТ зерттеулері үшін қаражат 1 миллиард 477,6 млн теңгеге өскен

117 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылдың қаңтар айының қорытындысына сәйкес, республика бойынша медициналық қызметтерді алу деңгейі өскен. Мысалы, жоспарлы түрде стационарлық қызмет көрсету көлемі 50%-ға көтерілген. Шұғыл көмек көрсету көлемі азайып отыр.

Маңғыстауда МРТ, КТ зерттеулері үшін қаражат 1 миллиард 477,6 млн теңгеге өскен

Демек, пациенттер ауыр жағдайда емес, жоспарлы түрде көмек алғаннан кейін, емделуде. Консультативтік- диагностикалық қызметтердің деңгейі 27%-ға өсіп отыр. Соның ішінде КТ мен МРТ - 54%, УЗИ-21%-ға өсіп отыр. Сонымен бірге медициналық оңалту мен қалпына келтіру емдеу қызметтері 48%-ға өсіп отыр, соның ішінде неврологияға қатысты емдеу қызметі 3,2 есе өскен.Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Маңғыстау облысы филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Осындай көрсеткіштер Маңғыстау облысы бойынша да байқалады. Консультативті-диагностикалық қызметтер үшін жаңадан кабинеттер ашу жұмыстары қолға алынуда. МӘМС жүйесі бұл қызметтерді тегін алуға мүмкіндік береді.

Қаңтар айында филиал атынан медициналық көмек қызметін жеткізуші ұйымдарға 3,5 млрд теңге аванстық төлем жасалды.

Маңғыстау облысының тұрғындарына МРТ, КТ зерттеулері үшін 2020 жылға 1 миллиард 503,3 млн теңге бөлінсе, ал 2019 жылы 25,7 млн теңге бөлінген. Биыл былтырғыға қарағанда тек МРТ, КТ зерттеулері үшін қаражат 1 миллиард 477,6 млн теңгеге өсіп отыр.

Тұрғындар жалпы тәжірибелік дәрігерден немесе учаскелік терапевтен медициналық көрсетіліммен жолдама алған жағдайда, МӘМС жүйесі бойынша МРТ, КТ қызметтерін тегін ала алады.

Бүгінде компьютерлік томография қызметі Ақтау қаласында 26 ш/а «Инвиво ВДП», 26 ш/а Маңғыстау облыстық ауруханасы, 8 ш/а «Ибн Сина Медициналық орталығы», 1 ш/а Хирургия институты, 1 ш/а «Софи мед групп» клиникасында, 14 ш/а «Нейрон»  сияқты 6 мекемеде, сондай-ақ Жаңаөзен қаласындағы көпбейінді ауруханасында көрсетіледі. Ал магнитті-резонансты томография Ақтауда, яғни 26 ш/а «Инвиво ВДП», 26 ш/а Маңғыстау облыстық ауруханасы, 1 ш/а Хирургия институты және «Софи мед групп» клиникасында бар.