Аймақтар • 28 Ақпан, 2020

Маңғыстауда өткен жылы 88 миллиард теңгеге жуық қаражатқа 71 жоба жүзеге асырылды

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстауда «Қарапайым заттар экономикасы» аясында жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді, деп хабарлады МО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі.

Маңғыстауда өткен жылы 88 миллиард теңгеге жуық қаражатқа 71 жоба жүзеге асырылды

2019 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 88 миллиард теңгеге жуық қаражатқа 71 жоба жүзеге асырылды. Олар толық іске қосылған жағдайда 1 095 жұмыс орны құрылатын болады. Мәселен, Жаңаөзен қаласында 2025 жылға дейін іске қосылуы тиіс қант пен набат өнімдерін шығаратын «Орда өндірістік базасы» ЖШС-і 50 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтып, жылына 890 тонна жергілікті өнім шығаруды жоспарлап отыр.

Ал, «Оймаша» ЖШС болса, техникалық тұз өндірісін қолға алмақшы. Жоба құны 100 миллион теңгені құрайды. Жылына 100 мың тонна техникалық тұз шығару арқылы өңірде толықтай импортты алмастыра алады. Сондай-ақ, экспортқа шығару үлесі артады. 

Екінші деңгейлі банктер мен Агро несиелеу корпорациясы (АНК) жалпы сомасы 57 миллиард теңгеге 38 жобаны мақұлдады. Банктер мен АНК қарауында сомасы 1 230 миллион теңгеге тағы 7 жоба бар.

-«Қарапайым заттар экономикасының» негізгі мақсаты- мемлекеттің қолдауымен кәсіпкерлікті дамыту. Мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық өнімді, жергілікті шикізатты алуға мұрындық болу. Сол арқылы отандық кәсіпкерлерді бәсекеге қабілетті қылып, нарықта жойылып кетпеуіне жағдай жасау. «Қызметтер» саласында «Өнімдер мен тауарлар» тізімін кеңейту, атап айтқанда, объектілерді салуға (қайта жаңартуға) бағытталған жобалар шеңберінде негізгі құрал-жабдықтарды сатып алу сұралды. Нәтижесінде денсаулық сақтау және білім беру салаларында 775 миллион теңгеге 4 жоба қабылданды, дейді МО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гүлмира Қалмұратова.

Басқосу соңында мемлекеттік мекемелерге «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 2020 жылы атқарылатын жұмыстар есебін наурыз айының 2-не дейін өңірлік кәсіпкерлер палатасына тапсыруға тапсырма берілді.

 

 

Маңғыстау облысы