Аймақтар • 02 Наурыз, 2020

Дархан халқыма ризамын

307 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде бірнеше жыл қатарынан маңызды да ауқымды мереке – Алғыс айту күні аталып келеді. Көктемнің алғашқы күні, яғни 1 наурызда мерекеленетін бұл күн – елжандылықтың, қазақстандық патриотизмнің және ымыра бірліктің көрінісі. Бұл – тағдыр тәлкегімен қуғынға ұшырап Қазақстанға қоныс аударған этностардың Қазақ еліне ризашылығы мен бір-біріне деген риясыз құрметінің күні.

Дархан халқыма ризамын

Біз бұл күні өзегімізден теппей, басымызды өз шаңырағының астына біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлығына алғаны үшін Қазақ еліне алғыс айтамыз. Қиын-қыстау уақытта бір тілім нанымен бөлісіп, сүйеу болған қазағымыздың жерінде сол достық, сол келісім мен бейбітшілік сақталып келеді. Қазақ жері – біздің Отанымыз.

Адамгершілік қарым-қатынастың үлгісіне айналған бұл айшықты мереке – Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен сәйкес мерекеленеді. Елімізде тұратын этностар бұл айтулы күннің мән-маңы­зын өте жақсы біледі әрі құрметтейді. Сталиндік режім кезіндегі жылдарда 800 мыңға жуық неміс, 100 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 550 мың өкілі, Қиыр Шығыстағы 18 мың корей отбасы Қазақстанға қоныс аударған. Вагондарға тиеліп, айдалаға әкелініп тасталған олар қазақ отбасыларынан пана тапты. Озбыр саясаттан зобалаң көріп, жапа шеккен түрлі этностар Қазақ еліне осылайша сіңісіп кетті.

«Отанын сатқандардың жұбайлары» қатарында болған Гертруда Платайстың естелігінің желісімен жазылған «Құрт – қасиетті тас» оқиғасын баршамыз жақсы білеміз. Дәруменге бай, ашық­қанға қорек, аш-жалаңаш бала-шаға мен торыққан әйелдерге талшық болған қазақтың ұлттық тағамы құрт – шынында да қасиетті.

Ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен бірлігін жаңа деңгейге көтерген ерекше мереке республика бойынша, әр өңірде дәстүрлі түрде аталып өтіледі. Бұл айтулы күннің негізі «Өз тарихыңды ұмытпа және оны мақтан ет» деп аталады. Ақ пейіл, адал көңіл Қазақ елі бауырмалдығынан еш танған емес. Елбасының бастамасымен өмірге келген бұл мерекенің сипаты да сол. Бұл мереке бізге осы тұрғыдан аса қымбат. Елордамыздың 20 жылдығына орай, Қарағанды облысы биіктігі 14 метр «Қазақ еліне мың алғыс» монументін сыйға тартқан болатын. Онда корей, кавказ, орыс балаларын бауырына басқан қазақ әйелінің мүсіні орнатылған. Монументтің ашылу салтанатында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тари­хындағы халық жадында сақталған қи­лы кезеңдердің маңыздылығына тоқ­талған болатын. «Жақсылықты бағалай біліп, оған жақсылықпен жауап қайтару өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Құндылықтардың қадіріне жете алған елдің келешегі кемел», деген еді.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассам­блея­сы сан алуан этностарды азаматтық тұр­ғыда топтастырған қуатты құрал­дар­дың бірі. Жалпы алғанда, өз қыз­меті­­нің алғашқы күндерінен бастап Қазақ­стан хал­қы Ассамблеясы елі­мі­здегі этнос­тар­­дың мәдениетінің қай­та жаң­ғыруы мен дамуына елеулі үлес қосып келе­ді. Күр­делі заманды иық тіресе бірге ең­­серіп, Тәуелсіз Қазақ­станды құру жолын­­да аянбай тер төккен еліміздің бар­лық аза­мат­­тының бір-біріне құрмет білдіре­тін күні құтты болсын! Қазақ еліне мың алғыс!

 

Увайс ДЖАНАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары,

«Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы

 

Қарағанды облысы