Жуырда немереммен Грозный қаласындағы Ислам медициналық орталығына бару қажеттігі туды. Марқұм Вахидтің ұлы Русланмен байланысып, Грозныйға маңдай тіреп баратын таныс адам керектігін айттым. Руслан әкесімен бірге туысқан апасының қызының ұлы Адам Сүлейманов деген азаматтың телефон нөмірін берді. Жосалыда туған Адам қазақша жақсы сөйлейді екен, телефон арқылы байланыстым. Бізді күтіп алатын, қонақүйге орналастыратын болды. Атырау арқылы таксимен Астрахань қаласына, одан әрі қарай Грозныйға түнделетіп жеттік. Адам күтіп алып қонақүйге орналастырды. Ертеңіне машинамен келіп Ислам медициналық орталығына алып барды.
Ислам медициналық орталығының тіркеу орнына құжатымызды көрсетіп, қабылдау бөлмесіне бардық. Сөйлесіп, жағдайды біліскеннен кейін емшіге жіберді. Кезекте тұрғанымызда бір чешен азаматымен қатар отырдық. Таныстық, Қазақстаннан келгенімізді айттық. Елмен сөйлесу үшін «сим» карта алып үлгермегенімізді айтып едік, ол сөйлесіп алуға телефонын берді. Кезектің реті келгенде әлгі кісі емшіге кіріп, бірер минуттан кейін қайтып шығып бізді кіргізді. Алла сөзін айтушы-емші «Жаңағы кісі өзінің кезегін сіздерге берді, қазір жұма намазының уақыты жақындап қалды, оған дейін мен бір адамды ғана қабылдап, ем жүргізе аламын. Сіздер Қазақстаннан келген екенсіздер, қазақтар чешен ұлтын жойылып кетуден аман алып қалды. Сіздердің жолдарыңыз үлкен, құрметке лайықсыздар», деді. Ем басталып кетті.
Медициналық орталықта ем тегін екен. Чешенстан президенті Рамзан Қадыров түрлі алдамшы емші-тәуіптердің, сәуегейлердің жолын кесу мақсатында, кеселге душар болған кіріптар жандарға Құран сөзімен қуат беру үшін осы орталықты ашқан.
Емшіге келген Руслан деген соғыс мүгедегімен танысып, тез шүйіркелесіп кеттік. Ол таулы аймақта жер астынан шығып жатқан ыстық бұлақ суы барын айтты. Кешегі Кеңес кезінде ол суға келушілер өте көп болыпты, басына шатыр тігіп апталап жатып ем алады екен. Суға түсу тегін екен. Бір кездерде біреулер иелік етіп ақылы еткен екен, суы аяқ астынан сарқылып қалыпты. Атасынан қазақтардың чешен ұлтына деген қамқорлығы жайлы көп естіген Руслан бізді сол бұлаққа апаратын болды.
Содан бізді Ойсхара (Жаңа Грозный) деген қалашықтағы өзіміз қалағандай орынға алып барды. Көрдік, ұнаттық. Арнайы құбырмен келетін шипалы су емін алғаннан кейін массаж жасайтын креслосы бар. Осы жерге Руслан бізді күнде алып келіп, біз ем алып болғанша (шамасы 1,5-2 сағат) күтіп жүрді. Ем біткесін үйіне алып келеді. Үйі мен Ойсхараның арасы 20 шақырымдай. Русланның үйінде төрт күн жаттық. Күнде чешеннің бір ұлттық тағамын дайындап қонақасы беріп, ол тамақ неден және қалай дайындалатынын айтып, түсіндіріп отырады. Руслан бізді үйіне алып келе жатқанда «Біз үшін ақысыз-пұлсыз бейнетке түсіп жүрген азаматтың қызметінің қайтарымын немен өтеймін?» деп ойландым. Үйіне кірген бойда әйеліне «Қазақта жаңадан үй салғанда, көлік алғанда, тағы басқа қуаныштарда байғазы береді. Мынау менің үйіңе берген байғазым» деп ақша ұсындым. Алмады. Бір кездері Қап тауынан арып ашып-келген аталарын паналатқан ұлтымның арқасында олардың ұрпағынан көп жақсылық көрдім.
Чешенстан екі соғысты бастан кешірген тұста қалаларының тас-талқаны шығып, ел-жұрт үй-жайларын тастап безіп кеткен кезі де болды ғой. Осыдан да төрт күн Русланның үйіндегі бос уақытымызда ел-жұртының әлеуметтік тұрмысы, мәдениеті, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары жайлы көп сөйлестік. Қазір мұндағы кез келген қала мен ауылда жұрттың тыныш, қорқынышсыз өмір сүруіне жағдай жасалған. Кісі тонау, қарақшылық, ұрып-соғып кету, көлік апаты, одан болатын адам өлімі жоқтың қасы. Ресей Федерациясы бойынша Чешенстан жағдайы қалыпты, ең қауіпсіз аймақ болып саналады екен. Сауда нүктелерінде, мейрамханалар мен кафелерінде спирттік ішімдіктер сатылмайды. Құмар ойындар мен жасөспірімдердің есін алатын түнгі клубтарға да тыйым салынған.
Қалалары мен аудан орталықтарында, ауылдарында көше тазалығына қатты мән беретіні ұнады. Үй қожайындары, кафе, дүкен, майда бизнес иелері ауласын, көше бетіндегі аула алдын, тротуарды тазалап айнадай етіп отыру міндеттелген және бұл талапты орындамау үлкен айып саналады. Бұл ережені бұзғаның үшін көретін шара, алатын жазаң қатаң. Лақтырып тастаған сусын құтылары, түрлі қалдықтарды кездестірмейсің.
Бір таңғаларлығы чешендер ауласында ит ұстамайды екен. Өзім осынша күн, түн жүргенде иттің үрген дауысын естімедім. Көшеде бос жүрген мал көрмедім. Чешен ұлты бар материалдық мүмкіндігін тұрғызған үйінің, дуалының, қақпасының әдемілігіне, тіпті архитектуралық әсемдігіне жұмсайды екен. Ресей Федерациясы құрамында болса да рухани тұрғыда еркін елдегі көп жаңалыққа еріксіз қызықтым.
Қызылордадан барғанымызда күтіп алған Адам Сүлейманов біз орналасатын қонақүйдің екі тәуліктік ақысын өзі төлеп қойыпты. Алғашқы күндерге қажетті заттарымызды да өзі сатып алып жеткізіп берді. Бірнеше рет мейрамханада қонақасы берді.
Бізге көрші бөлмеде жақын маңдағы ауылдан келген анасы мен қызы жайғасты. Қазақстаннан келген қонақсыздар деп бізді үнемі шайға, тамаққа шақырып жүрді. Қайтар уақытымызда жоғарыда айтқан Руслан бізді алып кетуге келгенде, көршіміз «Біз сіздер үшін мейрамханаға қонақасыға тапсырыс беріп қойғанбыз, қазір сол тамақты таксимен алып келеді» деп тұр. Көршілердің қонақасы тамағын жеп, рахметімізді айтып, қимай қоштастық.
Русланның Хусни есімді досымен танысып, бір-бірімізді көптен білетін адамдарша әңгімелестік. Мен Қармақшыда, Қызылордада өзім білетін азын-аулақ араласқан, таныс болған чешен азаматтарымен қарым-қатынасымды, олардың маған жасаған жақсылықтары жайлы айтып отырдым. Біраз әңгімеден кейін әлгі Хусни бізді Астраханьға жеткізіп салатынын айтты. Ақша берсем алмайды, досының қонағына құрмет көрсеткен Хуснидің азаматтығына риза болдым.
Сол сапарда Грозныйдың «Минутка» деген жерінен таксиге отырдық. Таксиші чешен азаматы, біздің жүзімізге қарап: «Қазақстаннан емессіздер ме?» деп сұрады. Біз жауап беріп жатырмыз. «Мүмкін қызылордалық боларсыздар?» дейді әлгі таксиші. Біз тағы бас изейміз. Күмәнданып тұрғанын түсініп, өзіміздің шынымен де Қызылордадан екенімізді айттық. Содан таусылмайтын әңгіме басталып кетті. Сөйтсек оның Малика деген апасы Қызылордада тұрыпты. Бізді Маликамен сөйлестірді. Ол кісі телефонның ар жағынан «Бакаев деген чешенді танисың ба, «Шанхай» жақтағы Ильич, Семенков көшелерін білесің бе?» деп сұрап жатыр. Біраз сөйлестік.... Мақсатты жерімізге жеткесін таксиші «Мен кетпеймін. Сіздер мына мекемедегі іздеп келе жатқан адамыңызға жолығыңыз, ол кісі орнында болмаса, мен қажетті жерлеріңізге жеткізіп саламын» деді. Бірақ біз оған рахметімізді айтып қоштастық.
Елге қайтатын күнгі соңғы шайдан кейін Русланның отбасы мүшелерінің басы қосылған тұста «Көзқарас» деген мысал әңгіме айтып бердім.
Бір күні бір кісі балтасын жоғалтып алады. Көрші баладан күдіктеніп, артынан бақылай бастайды. Қараса, жігіт шынымен-ақ ұрыға ұқсайды: жүрісі де, қимылы да, жұртқа қарағаны да, бүкіл пішіні де ұрынікіндей.
Біраз күннен кейін ол кісі балтасын отынның астынан тауып алады.
Кейін көрші жігітті тағы көрді. Қараса, мүлде ұрыға ұқсамайды, жүрісі де, қимылы да, көзқарасы да әп-әсем.
Асылы, барлығы қандай көзбен, қандай пиғылмен қарауға байланысты болса керек…
Осы сапарымда депортацияға ұшыраған елге қазақ халқының ұсынған қайырымды қолы, бөліскен жүрек жылуы, бір сөзбен айтқанда көрсеткен достық сезімдерінің жемісі ғасырларға жалғасқанының куәсі болдым. Ата-бабаларының, «Қазақтар чешен ұлтына қиын-қыстау кезеңде көп көмектесті, қазақ халқына құрметпен қараңдар» деп айтып кеткен өсиеттерін, аманаттарын іске асырып жүрген чешен ұлтының ұрпақтарына қалай ғана тәнті болмассың...
Сәби АҢСАТ,
еңбек ардагері
ҚЫЗЫЛОРДА