Руханият • 02 Наурыз, 2020

Хан Абылай рухы асқақтайды

977 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ Ордасының төре таңбалы қызыл туы қайта көтеріліп, біртұтас, қуатты мемлекет ретінде қалпына келуі Абылай ханның есімімен байланысты. Бүгінде ақылды алаш азаматтары халқына аяусыз қызмет еткен асылзада ханын ұлықтап, алып монумент тұрғызбақ. Бұл елдің рухын көтерер, күрестің ерлік шежіресін еске түсірер батырлар салған жолды үлгі етер тарихи ескерткіш болатыны сөзсіз.

Хан Абылай рухы асқақтайды

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Абылай хан монументінің бой көтеруі туралы өт­кен баспасөз мәслихатына қоғам қайраткері Арман Шораев қатысты. Абылай ханның ерлігі мен ел бас­қару ерекшелігін кеңінен насихаттау, халық­тың рухын көтеру, ұлы тұлғаның келбетін жас ұрпақ­тың са­насына сіңіру мақсатында былтыр Арман Төле­ген­ұлы Абылай хан монументін тұрғызу бастамасын кө­терген болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз ке­зегін­де игілікті істі құп көріп, қолдау білдірді.

Кешен «Абылай Хан» монументі деп аталады, биіктігі 54 метр. Абылай ханның тақта отырған кел­беті суреттеледі. Ханның асатаяғына жедел саты орна­­тылады, келушілер сол арқылы зәулім биікке көтеріліп Оқжетпестің қиясына көз жүгіртіп, Бура­­байдың көлі мен сұлу Көкшенің кербез дала­сына көз тастап дамылдайды. Кешенді мем­лекеттік бюджеттің қаржысына емес, қарапайым халықтың қолдауымен салу көзделіп отыр.

– Абылай ханның біздің елдігіміздегі рөлін, тарихтағы орнын білесіздер. Үлкен шайқастардың алдында елімізді біріктіріп, қазақ тайпаларының басын қосып, жоңғарларды жеңуге ең көп үлес қосқан бабамыз. Бүкіл халық болып осы монументті қоюды жөн көрдік. Ал жобаға  5-7 миллион доллар қажет және ол қаражатты асарлатып, халық болып, кәсіпкер жігіт­тер болып жинаймыз», – деді Арман Шораев. Мо­ну­мент Ақмола облысы, Бурабай курортты айма­ғын­дағы Кенесары ауылында салынатын болып келісілді. Сондай-ақ кешен құрамында қазақ хал­қының хандық дәуірін суреттейтін музей, кітапхана, демалушыларға қажетті әлеуметтік нысандар ұйым­дастырылатын болады.

«Біреулер бабамыздың бейнесіндегі ғимаратты Ұлытауда, енді біреулер Алматы мен Семейде қою­­ды ұсынды. Ойлана келе, біз Абылай өз ордасын тіккен Бурабай мен Көкшетаудың арасындағы Кенесары деген ауылдың жанынан саламыз деп шештік. Ескерткіштің іргетасы ретінде пайдаланы­латын ғимаратта мұражай экспозициясы, конференц-зал, көрме залы және тағы басқалары орнатылады. Көкшетау Абылайханның есімімен ғана байланысты емес. Онда Біржан сал, Ақан сері, Шоқан бабаларымыздың іздері бар. Мұндай жобалар респуб­ликаның барлық жерінде болуы тиіс, осы арқылы ішкі туризмді дамыта аламыз», деді ол.

Баспасөз мәслихатында аталған жобаны іске асыратын сәулетші, дизайнер, суретші, инженер, құрылысшы мамандар арасында халықаралық ашық конкурс жарияланды. Яғни, Абылай хан кешенінің сызбалық нұсқасын жасауға әлемнің кез келген елі­нен үміткерлер қатыса алады.

Конкурс осы жылдың 1 наурыз бен 15 сәуір ара­лы­­­ғында өтеді. 7 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласын­дағы Қарулы Күштер әскери-тарихи музейінде комис­­сия құрамы конкурсқа келіп түскен үздік 5 жоба­ны анық­тайды. Ұйымдастырушылардың қаржы­лан­ды­руымен іріктелген 5 жобаның сызбалық нұс­қасы жасалады. Үздік 5 макеттің арасынан сәулеті мен тиімділігі жоғары саналған автордың жұмысы комиссия арқылы мақұлданады. Ұйымдастырушылар Хан Абылайдың монументі арқылы Қазақстанның тарихында қалуға ниетті сала мамандарын конкурсқа белсенді қатысуға шақырды.

Айта кетейік, комиссия мүшелерінің қатарында М.Әшімбаев, М.Әуезов, Т.Жұртбай, Қ.Мыңбай, Д.Жол­­жақсынов, Б.Уәлиев, Т.Қажыбаев, М.Ман­сұров пен З.Кабылдинов сынды бірқатар қоғам қай­раткерлері бар.