Аймақтар • 02 Наурыз, 2020

Алматыда «Бабалар аманаты» атты республикалық көрме өтеді

784 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2020 жылдың 4 наурызында сағат 16.00-де Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Қазақстанның «Көркем еңбек» пәні мұғалімдерінің қатысуымен «Бабалар аманаты» Республикалық көрмесінің ашылуы өтеді.

Алматыда «Бабалар аманаты» атты республикалық көрме өтеді

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында  өткізіліп отырған бұл көрменің мақсаты – Республикамыздағы бүкіл көркем еңбек пәні мұғалімдерінің басын қосу, болашақта өскелең ұрпақтың тәлім тәрбиесімен білім негізін ұштастыру, сондай-ақ әр қилы жанрдағы туындылардың қыр-сырын тарих тағлымына терең бойлата отырып, осы ұстаздардың арқасында көрерменге жеткізу.

Кескіндеме әлемін бойына сіңіріп, алуан бояулар арқылы  жан-дүниесін бейнелеген ұстаз, профессор, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ерзат Рахимов балаларға білім берумен қатар «Бабалар мұрасы», «Түркістан» тағы да басқа тың туындыларымен көптеген көрмелерге қатысу арқылы жас буынды тәрбиелеуге атсалысуда.

«Парасатты ұстаз» төс белгісінің иегері,  Дизайнерлер одағының мүшесі, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің түлегі, ұстаз Сапаров Қалдыбек Балабекұлы ағаш шебері, заманауи үлгідегі үй интерьерлерімен айналысып, безендіру ісіне өз үлесін қосып келеді. Оның «Жанұя», «Қобыз» туындылары көркем де шебер орындалуымен ерекшеленеді.    

Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, Суретшілер одағының мүшесі профессор Кодеков Қанағат Қалиұлы 2014 жылы Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде «Жаңғырық» атты жеке көрмесін өткізді. Ол осы көрмені ұйымдастырушылардың бірі. Туындылары Түркия, Қытай, Италия және Республикамыздың көптеген қалаларындағы музейлер мен жеке қорларда сақтаулы.

Тоқабаева Гүлназ Қадырбайқызы, батик әлемінде өзінің шеберлігін мойындата білген көп жылғы еңбек өтілімі бар құрметті ұстаз, «Ұлағатты ұстаз» медалінің иегері. «Таңбалы тас», «Бейуақ» туындыларының авторы. Шәкірттері көптеген ғылыми жобалардың жеңімпаздары. Шоқпаров Бердібек Сүйіндікұлы ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі», Дәркенбай Шоқпарұлының шәкірті. Ол ағаштан көптеген ұлттық жәдігелер жасап сәндік-қолданбалы және бабалар өнерінің өркендеуіне ат салысып келеді. ЭКСПО-2017 жылы көрмеде шеберлік сабағын ұсынды.

«Өнер – өмір шындығын көркем образдар жүйесі арқылы бейнелейтін, қоғамдық сана мен адам іс-әрекетінің өзіне тән ерекшеліктерімен дараланатын форма. Өнер арқылы берілген эстетикалық тәрбие адамның сана-сезімінің байлығын қалыптастырып, ұдайы сұлулық пен әдемілікті дұрыс ұғынуға  жетелейді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнерлі ұстаздардың, өнері, білімі тең таразыланған. Абай Құнанбайұлы айтқандай «Егер мал керек болса қол өнер үйренбек керек, мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» – деген бағытты ұстанған ұстаздар ұжымы құрылып көрме ұсынып отыр»,- дейді көрме жетекшісі Айсұлу Үсентаева.  

Көрме 2020 жылдың 31 наурызына дейін жалғасады.