Экология • 03 Наурыз, 2020

Ауаға да дауа керек

528 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр жергілікті бюджеттен Алматы қаласының табиғатын қорғау мен қоршаған ортаны жақсартуға 1,5 млрд теңге бөлінген. Одан бөлек қала маңында орналасқан табиғатты пайдаланушылардың есебінен осы мақсатта 2 млрд 100 млн теңге аударылыпты. Аталған қаржының 70 пайызы қаланың ауа кеңістігін жақсартуға жұмсалғанымен, нәтиже аз.

Ауаға да дауа керек

Жуырда мегаполистің бас экологтары бас қосып, өткен жылдың нәти­желерін қорытындылады. Сарапшылар мен белсенділер ауаның күннен-күнге лас­танып бара жатқанына алаңдайды. «Зе­леное спасение» экологиялық қоға­мының жетекшісі Сергей Куратовтың айтуынша, қаладағы экологиялық жағ­дайды заң жүзінде реттеу қажет. Өйт­кені кейбір үлкен өндірістік кәсіп­орындар мен шағын бизнес иелері эко­логиялық-санитарлық талаптарды сақ­тамайды. Соның салдарынан ең ал­дымен адамдар зардап шегеді. «Біз­дің қоғамға Алматыдағы «Қайрат» шағын ­ауданының тұрғындары шағымданды. Олардың үйлерінің жанынан үлкен автобус паркі ашылыпты. Бір қарағанда қалыпты жағдай сияқты. Қоғамдық көлік қалаға қажет-ақ. Мәселе мынада. Қолданыстағы заңға сәйкес, автопарк ауаны ластайтын құралдардың қатарына жатады. Сондықтан бұл тұрақ үйлерден кем дегенде 300 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Ал бұл автобус паркі мен тұрғын үйдің арасы небәрі 10 метр. Таңертең қоғамдық көліктерді оталдыра бастағанда жан-жағын қара түтін қаулайды. Осыған орай біз қаладағы барлық жауапты және құзырлы мекемелерге түсініктеме берулерін сұрадық. Өкінішке қарай бүгінге дейін мардымды жауап ала алмадық», дейді С.Куратов.

2019 жылдың қорытындысы бойын­ша ауаға 124 мың тонна ластаушы заттар шығарылса, соның 80 мыңы авто­көліктерден бөлінетін улы заттарға тиесілі екен. Шаһардың өзінде тіркелген темір тұлпарлардың саны жарты млн-нан асса, сырттан тәулігіне 200 мыңдай кө­лік кіреді.

Сарапшылардың айтуынша, мегаполистің ауасын ластап отырған негізгі екі фактор бар. Оның алғашқысы біз жоғарыда келтірген көліктердің көптігі болса, одан да сорақысы қаланың басым бөлігін жылумен қамтып отырған жылу қазандығынан шығатын көмір түтіні. Сондай-ақ қала маңындағы 3 мыңнан астам жер үй әлі күнге дейін газға қосылмаған.

 – Әсіресе қыс пен күз айларында тау аңғарына шығып қарасаңыз, қаланың төбесі ыс пен түтінге толады. Жылыту маусымы басталған бұл кезеңде, мегаполистегі ең үлкен ЖЭО-ның да тіршілігі қайнай түседі. Өкініштісі, онда әлі күнге көмір пайдаланылады. Күні-түні будақтаған улы түтін қаланы торламай қайтсін. Оны газға көшіру мәселесі талай рет қозғалды. Дегенмен, техникалық, физикалық тұрғыдан мұның қауіптілігі де бар. Осыны ескерген мамандар бұл проблеманы шешудің басқа да оңтайлы жолдарын ұсынды. Меніңше, қаланың 8 ауданына жеке-жеке газбен жылытатын қазандықтар орнатпай, мәселе толық шешілмейді. Бұдан бөлек, қала іргесіндегі жеке секторда орналасқан үйлердің жартысына жуығы газға қосылмаған. Оған себеп, газбен жылытуға қосылудың бастапқы құнының қымбаттығы. Оны арзандату мәселесін көтеріп, жағдайды бақылауда ұстау қажет. Көмірмен жылытатын қазандықтар сүзгісінің ұдайы ауыстырылып тұруын да қатаң қадағалаған абзал. Алматының екі млн ғана тұрғыны бар. Алайда экологиялық ахуал 20 млн халық шоғырланған Мехико, 17 млн халық өмір сүретін Тегеран мен Шанхай, 10-15 млн-ның аралығында халқы бар Нью-Йорк, Ыстанбұл, Мәскеу сияқты қалалармен қатар тұр. Бұл өз кезегінде кімді болсын ойлантатын өткір мәселе. Өйткені мемлекет үшін адам денсаулығынан асқан байлық жоқ, – дейді қоғам белсендісі Асхат Асылбеков.

 Маман тілге тиек еткен қоршаған ортаға ЖЭО арқылы тарайтын түтін де, көліктерден келетін кесапат та таяуда өткен қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халыққа есеп беру жиынында да айтылмай қалған жоқ. Шаһар басшысы екінші жылу электр орталығын аралағанын айтып, қазандықтардың жұмысын көріп, газға ауыстыру мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын. «Қаланың ауасын ненің көп ластап жатқаны маңызды емес. Аталған мәселені шешу бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Біз осылай қосымша қаржыландыруға қол жеткіздік және екінші жылу электр стансасын газға ауыстыру жұмысына кірісіп кеттік. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Оны тұрғындармен талқылаймыз және бірігіп шешім шығаратын боламыз», деген болатын Б. Сағынтаев.

 Мамандардың сөзіне сенсек, бір ғана көліктің жыл ішінде ауаға тастайтын қалдықтарының ішінде көмірқышқыл оксиді 800 килоны, азот оксиді 40 килоны құрайды. Басқа да ауаға тарайтын көмірқышқыл заттары бар. Осылайша көлік түтінімен қоршаған ортаға 200-ден астам зиянды заттар түседі. Жалпы ел аумағында қоршаған ортаны ластайтын заттардың 60 пайызы көліктерден келеді. Оған қоса жанармай құю бекеттеріндегі бензин мен дизель сапасын күн сайын тексеріп отыру қажет.

 Бұл ретте шаһарда агрегаттарында ақаулары бар көліктерді жүргізбеу мақсатында тиісті шаралар қабылданған. Іс-шара барысында 189 көлікке тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 47 автокөлікте ластаушы заттардың нормативтен ауытқуы анықталған. Заңға сәйкес жүргізушілерге тиісті әкімшілік жаза қолданылған.

 Сайып келгенде Алматының экологиясын қалыпта ұстау жан-жақты кешенді жұмыстарды қолға алуды қажет етеді. Былтыр Алматы қаласын дамытуға бағытталған кеңес өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шаһардың экологиялық ахуалына айрықша тоқталып, қоғамдық көліктерді газға және басқа да жанармайдың экологиялық зиянсыз түрлеріне көшіру ісін кешеуілдетпей аяқтауды, қаланың жеке секторларын және қала маңы аймағын газдандыруды жүйелі жүзеге асыруды, ағаштар мен алма бақтарын заңсыз отағандарға шара қолданып, қатаң бақылау орнатуды міндеттеген еді. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Дегенмен экологтар тарихы тереңде жатқан ару қаланы экологиялық апаттан қалай да сақтап қалу керек деп дабыл қағуда.

 

АЛМАТЫ