Кино • 03 Наурыз, 2020

Болат байкенің «Ақ кемесі»

788 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Болат байкенің әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» атты повесінің негізінде түсірген осы аттас фильмінің соңғы сахнасын қайталап көруге жүрегім дауаламайтын еді. Үлкендердің лас әрекеттері мен қатыгездігінен шошынып қашқан жеті жасар құйттай баланың аппақ жанымен тек ақ кеме ғана үндесе алар еді. Өзі өмір сүріп отырған орта – кішкене ғана қорықшылар үйі, айнала әсем табиғат оны қаншалықты еліктіріп сүйіндіргенімен, сол жерді мекендеген әр пенденің бақастығы, пендешілігі күштінің әлсізді жаншып, жасытқысы келіп тұратын әрекеттері – ол ортаны да лайлап жібергендей көретін. Содан жабыққан сәтте іргедегі көл үстінен өзінің ақ кемесін іздейтін. Ол ақ кемеде өзі жақсы көретін тамаша жан, ағеділ жан – әкесі матрос болып қызмет ететініне құдайдай сенетін... Ақ кеме іргеге тұмсық тіреп тоқтаған күні ақ көкесімен табысып, мына әбігер дүниені гүл жайнатуға асық-тын. Тіпті, қатты сағынғанда өзі-ақ балыққа айналып, демде жетіп барсам деп ойлайтын еді...

Болат байкенің «Ақ кемесі»

Мен қайталап көргім келмейтін сол фильмнің финалы – шым-шытырық түс, апан-топан әлем баланың ақ арманын ғана емес, оған ілескен көрермен – біз пақырдың да жанашыр көңілін тығырыққа тіреп, белгісіздікке бастап кетер еді...

Болат Шәмшиев... Қырғыз халқының ғана емес, қазақ халқының да кино өнерін бір белестен асырып, шыңға тартқан суреткер. Қырғыз жұртында  кинорежиссерлер Мелис Убукеев байке мен Төлөмуш Өкеев байкенің ізін басқан, өзіндік ірі фильмдері  егіз халықтың ғана емес, бүкіл кеңес елінің рухани көлін толтырған  суреткер. Ол кісінің фильмдері шын мәнінде блокбас­терге айналып, кеңес өкіметінің кең қаржы қазанын да мәймілдеткен болатын.

Даңқты режиссердің атын естіп, өнерін қызықтағаным тым ерте басталған еді.

Мені кино өнеріне ынтық қылған екі фильм бар. Екеуі де ұлттық фильм. Екі дүниеге де ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің шығармалары негіз болған. Бірі – Т.Өкеевтің «Көксерек» фильмі. Алғаш рет туған ағам Бақытбекке еріп, жа­ңа клубтың қараңғы залында, кіш­кене адымыма шақ емес, таудай бас­палдақтарына шалынып жүріп барып, оты­рып, тамашалаған туындым. Екіншісі сол, бойым үйренген соң, клубқа өзім барып көрген «Қараш-қараш оқиғасы».

Ауылда өстік. Оқитынымыз – кітап, қызықтап көретініміз – кино. Ол кезде экранға әр шыққан фильм үлкен оқиға-тын. Болат байкенің «Қараш-қараш оқиғасы» фильмінің дүниеге келгеніне біраз жыл болса да жыл аралатып ауыл клубына келіп тұратын. Келген сайын көреміз. Еш жалыққан емеспіз. Оның өз себебі бар еді. Алғаш үлкен экраннан тамашалап үйге оралғанымда әкем жүзіме барлай қараған:

– Қай киноны көріп келдің?

– «Қараш-қараш» қой...

– Жақсы фильм, иә?

– Күшті фильм! – деймін мен масаттанып. Ары қарай оның «күшті» жерлерін әңгімелей бастадым. Өзіне (Бақтығұлға) қарсы шапқан байды (Жарасбай ғой) қақ жүректен атып салатынын. Оған қарап қасқайып тұратынын. Сосын аты суға ағып кеткенде оның қалай еңкілдеп, жануар да қимай жылайтынын әңгімелеймін. Оның ғажап батырлығын суреттеймін. Әкем лекіткен менің сөзімді бөлуге мәжбүр:

– Ол кино біздің ауылда түсірілген ғой?

– Қойыңызшы, – деймін мен таңғалып, – Шынымен бе?

– Иә, мына «Шұбарбайталда» түсіріл­ген.

«Шұбарбайтал» – біздің ауылға, сол кездегі Жамбыл облысы, Красногор ауданы, Киров колхозына тиесілі (қазір Қордай ауданы, Кенен ауылы) қыстау. Алматы қаласынан Бішкекке қарай жол тартсаңыз, таспадай тартылған тас жолдың оң жағын ала қарт Алатаудың сілемі бірінің бауырына бірі тұмсық тығып, созылып жүреді де қояды. Біздің ауылды шекелей өтетін үлкен тас жолға жақын бір аңғарда «Шұбарбайтал» бұйығып жатар еді. Бір жағы бетегелі бел, ары қарай өр­кеш­ті тау, көгалды, көрікті бір тамаша жер. 

– Ана Бақтығұлдың аты ағып кететін жер де біздің ауылда түсірілген бе? – деймін мен үміттеніп.

– Жоқ, ол басқа жерде түсірілсе керек, біздің өңірде ондай асау, буырқанған өзен жоқ қой... Қырғызстан-ау шамасы...

«Шұбарбайталдай» шұрайлы жерде неге ондай өзен жоқ деп сәл-пәл өкініп қалам.

– Онда біздің ауылдан Нысанбай ағаң ойнаған, – дейді әкем.

– Қай жерінде?

– Ана «сүйінші» деп шауып келгенде, атын жетектеп кететін ше? Сол Нысанбай ғой?

Нысанбай бізің ауылдағы даңқы асқан озат шопан еді. Қақ-соқпен ісі жоқ, біртоға адамдай көрінетін, ондай үлкен кинода қалай ойнады екен деп таңғалады бала көңіл.

Кейін ол киноны неше қайтара көрсем де Нысанбай ағамды байқай алмай-ақ қойдым. Қызық киноның шытырман оқиғасына елітем бе, жоқ, топ адамның (массовканың) арасынан адасып қалам ба, әйтеуір, көзіме іле алмадым. Тіпті, кейін таспасы қолға түскен соң жай айналдырып, тоқтатып байқадым: шекесі жалт етеді екен де мұртынан күліп, аттың басын бұра жетектеп, кадрдан ғайып болады екен. Ол да қуаныш.

Жас кезден оқыған кітап, көрген кином­ның авторларын көңілге түйіп жүретін едім, фильмді жазған сценаршылардың қатарынан Әкім Әшімов деген есім-сойды көңілге жазып алғанмын. Бірақ менің Кино институтында ұстазым болатын, үлкен жазушы-драматург, киногер –  Әкім Тарази екенін кейін білдік әрине.

Т.Жүргенов атындағы Театр және кино институтының кинодраматургия бөліміне оқуға түскен соң, бұрынғы бала көңілмен сипай көрген фильмдерімізді қайыра, саралап қарай бастадық. Негізгі тақырып «Қараш-Қараш оқиғасы» болған келесі бір сабақта Әкім ағайдан фильм туралы кеңірек сұраудың реті түскен. Ағай да ол фильмнің қалай дүниеге кел­генін ерекше ризалықпен есіне алар еді. Фильм сценарийінің жазылу үрдісі, құ­рылымы мен формалық ізденістеріне дейін тәптіштеп түсіндіретін. Режиссерға деген ілтипаты да ерекше-тін:

– Онда ол жап-жас, сендер құралыптас жігіт еді, еліктің асығындай ширығып, үйіріліп тұратын, – дейді Әкім ағай.

– Жас болғанда нешеде еді, – дейміз біз.

– Жиырма бес... жиырма алтыларда болар...

Мен іштей саусақ бүгіп санай бастайтынмын. «Қазір жиырма төрттемін. Уақыт келіпті ғой. Бір-екі жылдың айналасында біз сондай дәрежеге жете аламыз ба?».

– Ол оған дейін «Манасшы» деген керемет деректі-көркем фильм түсіріп, одақ көлемінде бәйгеден келіп, ауызға ілініп еді, – деп, ағайымыз одан бетер «қорқытып» қояды.

Аталған оқу орнында «кинодраматургия стилистикасы» мен «режиссурадан» дәріс оқыған жазушы, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов ұстазымыздың да Болат байкенің шығармашылығына деген ықыласы ерекше еді. Алпысыншы жылдардың орта шенінде «Қазақфильм» киностудиясында ерекше рухани сілкініс болғаны белгілі. Сол жылдарда кино өнеріне ұлттық өрнек, қазақы қалып берген біраз қадамдар жасалды. Киностудияның редакция алқасына уақытында-ақ  аттары ауызға ілініп, қазақ әдебиетіне ірі толқын ретінде қосылған бір шоғыр таланттар: Әкім Әшімов (Тарази), Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов, Асқар Сүлейменовтер келген еді. Мәскеуде құпталғанымен «Қырғызфильмде» тұрақ таппай, «Қазақ­фильмде» бойына қан жүгірген «Қараш-қараш оқиғасы» фильмінің жолы даңғыл бола кеткен жоқ. Бірінші күдік Болат Шәмшиевке түскен еді. Бұрын үлкен көркем фильм түсіріп көзге түспеген, студент орындығынан жаңа тұрған, түбіт мұрт бозбалаға қазақ әдебиетінің классикалық туындысы саналатын Мұхтар Әуезовтің ұлы шығармасын оп-оңай ұстатып жібере қоюға тартынған еді. Сол тұста әрине жоғарыда аталған қазақ әдебиетінің бүгінгі аңыздары режиссерді қолдай білді. Асқар Сүлейменов фильм редакторы болып, жас режиссерге қолдау білдіріп, рухтандырып отырды. Асқарға етене, бар-жоғы Мәскеудің кино институтының екінші курс студенті, бүгінгі мэтр Сатыбалды Нарымбетовті Болаттың жанына қосқан да сол Асқар Сүлейменовтің қамқорлығы.  Жалындап тұрған, түсірілім алаңына деген ықыласы өрт – Сатыбалды ағайымызды түсірілім тобына қалай қосарын білмеген Асқар мен Болат байке оны «бала тәрбиешісі» деген қисынмен енгізіпті. Сатыбалды аға бүгінде қазақ-қырғыз кино өнерінің классикасына айналған дүниені жасаушылардың құрамында – үлкен мектеп болғанын әрдайым айтып отырады.

Қазақ-қырғызды рухани құндылық­тармен сусындатқан «Қараш-қараш оқиғасынан» өзге Болат байке талай құнар­лы дүниелерді өмірге әкелді. «Қасқыр­дың апаны» фильмі неге тұрады?! Бір байқағанымыз, сонау алғашқы фильмі­нен бастап Болат Шәмшиев қазақ пен қыр­ғыз актерлерінің басын қосып, тоқай­ластырған дүниелер тудырды. Ел кино өнерінде аса байқалмаған таланттарды бір қазанда қайнатып, таланттарын жар­қырата көрсетуге жағдай жасады. Кенен­бай Қожабеков, Лидия Кәденова, Венера Нығматуллина, Құдайберген Сұлтанбаев секілді актерлер қырғыз фильмдерінде жаңа қырынан көрініп, қос ел көрермен­дерінің, ол ғана емес, бүкіл одақ  көрер­мендерінің ортақ көз қуанышына айналып жатты. Болат Шәмшиев түсірген фильм­дер шын мәніндегі ұлттық дүниелер еді. Ұлттық мінез бен ұстанымның кені – ұлт әдебиетін ол кісі бастау бұлақ ретінде қа­былдады. Ұлы Мұхаңның шығар­масынан басталған бұл үрдіс кейін де толасын тапқан жоқ, сол кезде атағы әлемді кезіп кеткен қырғыз жазушысы Шыңғыс  Айтматовтың қаламынан туған дүниелер кезек-кезегімен экранға жол тартып, кино тіліне қотарылып жатты. «Ақ кеме», «Ерте келген тырналар», «Бетпе-бет», «Көктөбедегі кездесу» фильмдері соның дәлелі. Болат Шәмшиевтің біз бағалаған бір ерекшелігі – негізі мықты, тастұғыры берік дүниелерді таба білетінінде, бағалай білетінінде, оны жаңа түр, жаңа пішін беріп ұсына алатынында еді.

«Менің бойымда ата-бабамның аманаты, рухы қайнап жатыр, соны ұрпаққа беруім керек», дейді Болат Шәмшиев. Оның  халтураға, жеңіл олжаға, ұшпа өнерге жаны төзбейтін. Кейін отыз жылға жуық уақыт Болат байке кино өнерінен қол үзіп қалды. Бұл оның қажырының мұқалғаны емес, оның талантының сарқылғаны емес, бұл – оның жоғарғы ұстанымына беріктігінің дәлелі еді.

Қос елге де тәуелсіздік келді. Сол өлара жылдары кино өнері жаңа жолға түсті. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кетті. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» болды. Бұл үрдіс кино өнеріне, оның жасалу жолдарына кеңес заманындағыдай аса жауапты қарайтын Болат байке үшін тосын және бөтен еді. Қырғызстанда кино өнері «еркін жүзу» жағдайында еді. Әркім хал-қадерінше қаржы тауып, өзіндік фильмдерін жарыққа шығарып жатты. Көрермендерге арналған жеңіл әзіл мен ұсақ ситуацияға құрылған фильм­дер кино деп қабылданып жатты. Рас, жеке студияларда шет елмен байланысып, фес­тивальдарда жеңіске жеткен, авторлық фильмдердің дамыған кездерін де жоққа шығара алмаймыз. «Ой арт» секілді бірлескен жеке студия құрып, жемісті еңбек еткен: Ақтан Абдықалықов (Актан Арым Кубат), Темір Бірназаров, Эрнест Абдыжаппаровтар өзгеше бір төбе әрине, бірақ олар топан арасындағы қалтқыдай ғана топ еді.

Сол бір апаш-құпаш жылдарда да Болат Шәмшиев қырғыз халқының рухани жоқшысы болды. Беделін салып, ел басшыларына арнайы кіріп, «Халықаралық көшпенді жұрт ойындарының» жобасын жасап, үлкен, дүбірлі жарыс ұйымдастырды. Сол кездерде мүлдем құрдымға кетуге айналған көшпелі жұртқа ортақ көкпар ойынына олимпиадалық мәртебе алып бере алмаса да, ережелі ойын ретінде қайта жаңғыртты. Осы күнгі қос қазандық құрып тартысатын «көк бору» ережесін Болат байке алғаш қағазға түсіріп, түзіп шыққан болатын. Әлі күнге сол ереже ойынның негізі саналады. Көк бору бүгінде қырғыз ағайындардың өмірінің бір бөлшегіне айналған. Сол арқылы баба рухымен табысып, еңселерін биіктетіп тұғырларын бекіте түскен. Ол ойын бойынша қырғыз көкпаршылары осы күнге дейін өзінен ешкімді оздыра қойған жоқ. Бұл да бір Болат бәйкенің «бабалар рухының аманаты» иесі екендігінің көзге түскен көрінісі.

Болат байке кинодан үмітін үзген жоқ. Бірақ түсірмеді де. Атақты орыс-грузин режиссері Г.Данелияның «қазіргі киноларым қағаздан талпынып шықпай жатыр» деген сыңайда айтқан сөзі бар еді. Кейінгі жылдар Болат Шәмшиевтің де көп дүниелері қағазда тұншығып қалып қойды. Сондай жобаларының бірі –  қырғыз жұртының атақты балбаны туралы – «Қожамқұл» киносценарийі еді. Ол не жазса да, қандай киноның жобасын қағазға түсірсе де, ұрпаққа не береді, қандай жан азығы болады деген сұрақты алдыға қоятын. «Атақты Қожамқұлды біреу атты иығына салып жүрген дейді, бірі түйені ұйықтан шығарып алғанын әңгіме етеді, енді бірі сом темірді игенін айтады. Мен үшін оның бәрі – сыртқы көрініс. Мен бірінші кейіпкерімнің жан дүниесіне үңілемін. Оның ішінде не қайнап жатыр? Өмірінің мәні не? Неге ұмтылады? Сол қызық. Мен үшін ол – адам. Маған адам зерттеу маңызды» дейтін еді.

Оның бәрі арман күйі кетті.

Болат байкенің жобалары сол күйі мемлекет тарапынан қолдау таба алған жоқ. Себебі – белгісіз. Мүмкін, Болат байке індетіп қумаған болар. Мүмкін, ешкімге кішірейіп барғысы келмеген болар... Мүмкін... Бірақ елі қадірледі. Болат Шәмшиев қайтыс болғанда мемлекеттік дәрежеде аза тұтты. Көптің ішінде ел президенті де жүрді...

Маған Болат байкем өзінің көрікті қорығында ақ кемесін сарыла күткен бала секілді елестейді... Дәл сол өзінің «Ақ кеме» фильміндегі жеті жасар баладай...

 

Данияр САЛАМАТ,

кинорежиссер