Аймақтар • 04 Наурыз, 2020

Ақтауда 7 жасар қыз балаға күрделі ота жасалды

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тура бір айдан кейін 7 жасқа толатын қыз бала жол-көлік оқиғасына түскен. Оқиға кеше, яғни 3 наурыз күні кешкісін шамамен 18.00-де орын алған, жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына шұғыл жетіп, ауыр жарақаттанған оқушыны Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізген. Айта кету керек, ауруханаға жеткен кезде қыз баланың жағдайы өте ауыр болатын, себебі ол сол сәтте есін жоғалтқан, деп хабаралйды Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі.

Ақтауда 7 жасар қыз балаға күрделі ота жасалды

Дәрігерлер қыздың маңдай сүйегінде батық фрагменттік сынықтың барын, маңдайлық үлесінің жараланғанын, зақынданудан есеңгіреудің ІІ-ІІІ деңгейінің бар екендігін,бас миының іскендігіне көз жеткізді.

Сондай-ақ, клонико-тоникалық құрысуының жайылғандығы байқалған. Қуантарлығы шеткі қанайналымы бұзылмаған. Жүрегінің соғуы бір қалыпты.

Бала нейрохирургі Ербол Кенжеваловтың айтуынша, кезекші реаниматолог қарап болған соң сұйықтықпен (инфузионный) емдеу, шоққа, бактерияға қарсы және күрделі ота жасау шаралары қолға алынған.

 - Бірінші сынып оқушысы алғашында шұғыл түрде қабылдау бөлімшесіне жеткізілген болатын. Бізге келген кезде оның жағдайы өте ауыр болатын, себебі сол мезгілде ол есін жоғалтқан. Бас миы компьютерлік томографияға түсірілді. Маңдай сүйегі сынған болып шықты. Сол бойда жан сақтау бөлімшесіне жатқызылды. Ота 1 сағат 15 минутқа жалғасқан болатын және нәтижесі жаман емес. Қазіргі уақытта қыз баланың жағдайы орташа ауыр деуге болады. Ең бастысы ол есін жоғалтқан жоқ, барлық сұрақтарға тұшымды жауап қайтарып отыр. Ота жасау кезінде қасымда анестезиолог және көмекші болды, дейді ол.

Дәрігерлердің айтуынша, кішкентай қыз бала қазір ақ халаттылардың үнемі бақылауында. Ауруханада шамамен 10 күндей жатып емін алады, ал жағдайы жақсарған соң үйіне жіберіледі. Қалған ем-дом шараларын тұрғылықты мекенжайы бойынша емханада жалғастыратын болады.

 

Маңғыстау облысы