- Үкімет тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау облысының әкімдігіне әлеуметтік-инвестициялық жобаларды жасақтау тапсырылған болатын. Осыған орай, Жаңаөзен қаласында жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының сатып алуларын оқшаулау арқылы кәсіпкерлік субъектілерін тарту жұмыстары жүргізіліп, қорытындысында 33 компаниядан 39 жоба бойынша ұсыныс келіп түскен болатын, деп атап өтті облыс әкімі Серікбай Трұмов.
Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаевтың айтуынша, барлық жобалар бойынша инвестиция құны 25 млрд теңгені құрайды және 1 300-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда құны 759 млн теңгені құрайтын екі жоба бойынша келісім-шартқа қол қойылды, оның нәтижесінде 50-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Келісімшарт жасақтау сатысында 5 жоба қарастырылуда. Барлық 39 кәсіпорын 2020-2021 жылдар аралығында Жаңаөзен қаласында іске жосылып, қаланың жұмыссыздарын қайта оқыту арқылы осында орналастыру көзделіп отыр. Өндіріс орындар қатарын шыны талшықты құбырлар зауыты, электр қозғалтқыштары мен мұнай жылыту пештерін шығаратын кәсіпорындар құрамақ.