Елімізде ұзақ уақыт бойы қызу талқыланып келе жатқан тарихи бетбұрыс жай ғана тілдік реформа емес, рухани сананың жаңғыруы екенін айтқан ғалымдар, негізгі төрт мәселені жіпке тізіп, өз ойларын ортаға салды. Тіл мамандары әліпбиде қазақтың төл дыбыстары, яғни 19 дауысты, 9 дауыссыз дыбыс жеке-жеке таңбалармен көрініс табуы керек деп есептейді. Одан бөлек, жаңа әліпбиде бір дыбыс бір таңбамен берілуге тиіс. Сонымен қатар, латын графикасындағы дауысты дыбысты таңбалайтын таңбамен тек дауысты дыбысты, тиісінше дауыссыз дыбыстарды таңбалайтын таңбамен тек дауыссыз дыбыстарды таңбалауымыз қажет деген пікір бірауыздан қолдау тапты.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар бұл тарихи қадамға бет түзерде ең алдымен орыс тілінің емес, қазақ тілінің әліпбиін жасап отырғанымызды назардан шығармауымыз керектігін айтады. Неге десек, бұл істе нақты бір тоқтамға келе алмауымыз жоғарыда келтірген төрт мәселеден туындап отырған көрінеді. Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін бұл принциптер түрлі пікір қайшылықтарын тудыруда. Ғалымдардың пікірінше, ең алдымен осы қағидаларды қаперде ұстаған абзал.
– Орыс тілінің барша дыбыстары қазақ тілінің әліпбиінде көрініс тапқан. Біз оларды айнытпай пайдаланамыз. Кейбір ғалымдар қазір қазақ тілінде көптеген орыс тіліндегі дыбыстар барын айтады. Біз оларды қолданамыз. Дегенмен ғылыми тұрғыдан қарасақ, біз тек орыс сөздерін айтамыз. Қазақ төл сөздерінде орыс тілінде бар сөздер жоқ. Қазақ орфографиясында кейбір орыс әріптерін пайдаланғанымызбен, бірде бір бөтен дыбыс қазақ тіліне енген жоқ. Қазақ тілінің дыбыс құрамы өзгерген жоқ. Ежелгі қалпында. Біздің шет тілдің сөздерін айнытпай пайдаланатынымыз, сол дыбыстар, сол ережелер тілімізге енді дегенді білдірмейді. Мәселен француз бен неміс бір-біріне өте жақын туыс тілдер. Бірақ оларда бірде-бір басқа тілдің бүкіл дыбыс жүйесі көрініс таппаған. Көптеген француз дыбыстары неміс тілінің әліпбиінде кездеспейді және керісінше. Ал орыс тілі мен қазақ тілінің ережелері ғылыми тұрғыдан мүлде сәйкеспейді. Бір-біріне қарама-қайшы. Дегенмен біз бәрібір орыс сөздерін айтқанда сол тілдің дыбыстарын пайдаланамыз. Қазіргі кезде бізге ешқандай қатысы жоқ, шет тілдерде ғана көрініс табатын дыбыстардың ара-жігін ажырата алмай келеміз. Екі тілдің ережелері тілдік жүйемізге жарысып енген. Түптің-түбінде содан арылып, тек қана төл әліпбиімізді жасауға ұмтылуымыз керек, – дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек.
Басқосуда Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет, белгілі ғалымдар Әлімхан Жүнісбек, Құралай Күдеринова, Юлай Шамиоғлу сөз алып, өз пікірлерін білдірді. Мамандар орфография өте күрделі сала, ең алдымен сауатты жазу үшін орфография мен ғылыми негіз болу керек екенін айтады. Сондықтан оның негізгі принциптеріне сүйену маңызды. Бұл тұрғыда шет елдердің тәжірибесіне де көз жүгірткеннің артықтығы жоқ. Ең бастысы тіліміздің табиғаты бұзылмауы керек. Әліпби деген қатып-семіп қалған дүние емес. Ол жол-жөнекей жөнделе, толықтырыла түседі. Алайда «көш жүре түзеледі» деп қазір реттеуге болатын маңызды мәселелерді кейінге шегеру дұрыс емес. Өйткені латын әліпбиіндегі қазақ жазуын қалыптастыру – ұлттық сананы азат етіп, ұлттық бірлікті одан әрі нығайтуға ықпал ететін маңызды қадам.