Қазақстан • 11 Наурыз, 2020

13 наурыз күні «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздары анықталады

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде IV «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесі номинанттарының шорт-парағы жарияланды. Құрамына медиа индустриясының отандық және халықаралық өкілдері енген қазылар алқасы өз категориясы бойынша үздік атағына қырық үміткерді іріктеп алды. 13 наурыз Казмедиа Орталығының Конгресс-холлында естелік статуэтка мен бір миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық иегерлерінің есімдері белгілі болады.

13 наурыз күні «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздары анықталады

«Тұмар» Ұлттық телевизиялық сыйлығы 2017 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің (ҚР АҚДМ) бастамасы бойынша тағайындалған. Бірнеше жылдың ішінде отандық телевизиялық журналистиканың 36 маманы эксклюзив мүсіншенің иегері болды. Жеңімпаздар қатарынан саланың майталмандарын да, жас, болашағынан үміт күттіретін және кәсібилігі аса жоғары адамдарды да кездестіруге болады.

Ақпарат комитетінің төрағасы Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, «Тұмар» Ұлттық сыйлығы жоғары кәсіби стандарттардың жарқын сипатына айналды, сонымен қатар, телевизия қызметкерлерінің шығармашылық ізденістеріне оң мотивация сыйлап, саланың дамуына және өз ісінің шеберлері арасында адал бәсекелестіктің өсуіне серпін берді. Биыл жобада 10 номинация бойынша 211 жұмыс қабылданды. Өтінімдердің көп бөлігі «Үздік әлеуметтік жоба» және «Үздік деректі фильм» номинациялары бойынша келіп түсті, ал «Үздік телевизиялық сериал» номинациясында Қазақстанның төрт бірдей жетекші телеарнасының танымал сериалдары статуэткаға таласпақ».

«Жыл сайын жұмыстардың сапасы жақсарып келеді, мысалы, телесериалдар тек тв-эфирге ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік желілерге де бағыттала бастады. Өзекті тақырыптар көбірек қозғалып, жаңа форматтар енгізілуде», деп Л.Сүйіндік атап өтті.

Жоба жүзеге асып келе жатқан жылдар ішінде 898 қатысушы сыйлыққа ие болу үшін ниет танытты, олардың 138-і шорт-парақтарға енгізіліп, бас жүлде - белгілі зергер-суретші Қамбар Есмұхановтың жезден және әйнектен жасалған эксклюзивті «Тұмар» мүсіншесі үшін таласты. Мүсіншеде сенім бойынша иесін жамандықтан және көз-сұқтан қорғайтын түркі талисманы - тұмар бейнеленген.

Төртінші «Тұмар» бәйгесі ерекше болмақ – Ұлттық бәйгенің қазылар алқасының мүшесі, танымал тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы осылай пікірімен бөлісті.

Медиа-менеджердің айтуынша, іс-шараны ұйымдастыру комитеті өткен жылдардағы қазылар алқасы мен кәсіби қоғамдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, биылдан бастап «Тұмар» мүсіншесіне миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы тағайындауды шешті. Оған қоса, байқау тарихында тұңғыш рет қазылар алқасының құрамына тек қазақстандық телевизия мамандары ғана емес, халықаралық деңгейдегі сарапшылар да енді.

Бәйгенің ұйымдастырушыларының бірі, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры бас директорының орынбасары, танымал тележурналист Махаббат Есен айтқандай: «Ұлттық бәйгенің мақсаты – кәсіби мамандармен әділ бағалауды ұйымдастыру арқылы қазақстандық телеиндустрияның дамуына септік болу. Бұл дегеніміз қазылар алқасының алдында күрделі тапсырма тұрды – берілген жобалардың барлығын қарап-талдау және оларға әділ баға беру, бұл бағалау саладағы үздіктерді тануға, олармен мақтануға және үлгі етуге үлкен септік».