Аймақтар • 12 Наурыз, 2020

Шәкәрімнің ойлы шәкірттері

522 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Үкімет қаулысы бойынша елордадағы бірнеше мектепке ұлт зиялыларының есімі берілді. Соның ішінде «Бос­тандық таңы атты, қазағым, көріңдер» деп ел еркіндігін жыр­­лаған қазақтың біртуар тұлғаларының бірі Шәкәрім Құдай­берді­ұлының есіміне ие болған №56 мектеп-лицейі де бар. Осын­­дай игілікті істің хакім Абай Құнанбайұлының 175 жыл­ды­ғы­мен сәйкес келуі мектеп ұжымына үлкен қуаныш, тың серпін сыйлады. Өйткені біздің әрбір қадамымыз, өркенді ісіміз осы ғұлама қос ақынның есімімен байланысты десек, артық емес.

Шәкәрімнің ойлы шәкірттері

2006 жылы мектептің іргесі қаланғаннан бері жас ұрпақты Абай мен Шәкәрім тағылы­мын­да тәрбиелеу, жеке тұлға­ның шығар­машылық құзыреттілі­гін дамыту бағытында ашылған «Абай-Шәкәрім» клуб-мұражайы жылдан-жылға толысып келеді. Басты нысанамыз – жас буынды жоғары интеллектуалды, руха­ни бай, өмірге әлеуметтік жағынан бейімделген тұлға ре­тінд­е қалыптастыру және білім мен тәрбие ісінде әуелі ұлттық құндылықтарды шәкірт бойына сіңіру.

Абай мен Шәкәрім шығар­ма­ларының, басқа да көрнекті ақын-жазушылар мен ғалымдар­дың құнды ой-пікірлерімен үн­де­стігі аясындағы кездесулер­дің ұр­пақ үшін маңызы зор. Осы орайда белгілі қоғам қайрат­кер­­лері, ғалымдар, ақын-жазу­шы­лар­мен жүздесулер жиі өт­кізі­леді. Аталған мақсатта ұйым­даст­ырылған дөңгелек үстелге Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқы­тушысы, филология ғылым­­дары­ның кандидаты Омар Жәлел, көрнекті Алаш қайрат­­кері Қошке Кемеңгеровтің ұр­­пағы, Л.Н.Гуми­лев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Қайырбек Кемеңгер және ақын Алмахан Мұха­метқалиқызы қатысып, абай­тану мен шәкәрімтану, алаш­тану бағытын­дағы өскелең ұрпақ­пен байланыстың маңызына тоқ­тал­ған болатын. Осы үрдіс әрі қа­рай жалғасын тауып, Семейдегі Абай қорық-мұражайының бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Қай­ранбаева, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орта­лығы дирек­торының орынбасары Қайыр­жан Күзембаев және тағы басқа зия­лы­лармен жарқын кездесулер өтті.

Білім ордасы бас шаһардағы «Дарын» орталығымен, Оқушы­лар сарайымен, «Атамекен» этнокешенімен, мұражайлармен, Ұлттық кітапханамен тығыз байланыс орнатқан. «Абай-Шәкәрім» орталығында жыл сайын қала­лық «Абай-Шәкәрім» оқулары ұйым­дастырылып келеді. Биыл да Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында мектептегі әр сабақ Абайдың қанатты сөз­дерімен сабақтастырылып өт­кізілуде. Мектеп ұстаздары мен оқушылары бір-бірінен челлендж қабылдап, ақын өлеңдері мен әндерін насихаттауға үлес қосуда. Абай топырағын басып, ерекше шабытпен оралған шәкірттеріміз ғылыми жобаларын жетілдіріп жатыр. Шәкәрім атындағы пән кабинеті де білім ордасының аталған есімге лайық­ты екенін байқатады.

Сондықтан «Мен өлсем, ұр­пағым, артымда қаларсың, шат­тықпен шалқытып, әніме са­лар­сың» деп Шәкәрім жыр­лаған­дай, ақын аманатына адал­дық танытып келе жат­қан №56 мектеп-лицейінің ұйым­шыл ұстаздар қауымы мен оқушы­ларын әлі талай белес күтіп тұр деп ойлаймыз.

 

Роза ХАЛЕСОВА,

Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейі «Абай-Шәкәрім» орталығының жетекшісі