Аталған орталық министрліктің бастамасымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Ұлттық музейдің жанынан құрылды.
Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітованың айтуынша, биыл министрліктің бастамасымен төрт орталық ашылған. Алғашқы орталық шет елдер мен өз елімізде концерттік жұмыстарды ұйымдастыру үшін құрылып, жұмысын бастап кеткен. Екінші орталық театр саласы бойынша жұмыстар атқаруда. Үшінші орталық «Туған жерге тағзым» деген атпен ашылып, кітапханалар қорындағы кітаптармен жұмыс істеуді қолға алмақ. Ал төртіншісі жоғарыда аталған «Қазақстан музейлерін дамыту бойынша үйлестіру-әдістемелік орталығы».
Іс-шарада Ұлттық музей директорының орынбасары Айбар Қасенәлі: «Қазіргі таңда Қазақстан музейлерінде әдістемелік әрі үйлестірушілік функциясы бар ешқандай орталық жоқ. Мәдениет және спорт министрлігі өзінің құзырет шеңберінде ғана қызмет атқарып келеді. Жалпы музейлерге әдістемелік тұрғыдан, дамыту бойынша нұсқаулық ретінде бағыт көрсетіп отыратын ұйым керегі анық. Осы мәселелерге байланысты аталған орталық құрылып отыр», деді.
Іс-шара барысында орталықтың міндеті болып табылатын мемлекеттік музейлердегі қазіргі заман талабына сәйкес халықтың түрлі санатына бағытталған мәдени туризм, өлкетану және экскурсиялық жұмыстарды дамыту, мемлекеттік музейлерді келушілерді тарту жөніндегі әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, музейлердегі көрсетілетін қызметтердің сапасын жетілдіру, музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын әзірлеу және біліктілікті арттыру шараларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Жалпы, еліміздегі музейлердің бір бөлігінің мәртебесі республикалық болса, қалғандарыныкі облыстық екені белгілі. Республикалық музейлер Мәдениет және спорт министрлігіне, ал облыстық музейлер облыстық әкімдікке бағынышты. Бұл тұрғыдан алғанда елдегі музейлер туралы бүкіл ақпаратты бір орталыққа шоғырландыру маңызды болса керек. Жаңадан ашылған орталықтың міндеттерінің бірі де осы болмақ. Яғни елдегі бүкіл музейлердің жұмысына мониторинг жасау, кемшін тұстарын анықтаған соң оны дамыту бойынша ұсыныстар жасауды да орталық қолға алмақ.