Таным • 12 Наурыз, 2020

Хан ордасы орналасқан көше

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен «Жеті ата» қақпасына дейінгі ортағасырлық магист­ралды көшені анықтау және тарихи қалпына келтіру, туристік нысан­ның біріне айналдыру мақсатында археологиялық қазба жұмыстары жүруде.

Хан ордасы орналасқан көше

 

Ортағасырлық бас көшеде қолға алынған жұмысты Мәде­ниет және спорт министр­лігінің бастамасымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қо­рық-музейі және «Қаз­қай­та­жа­ңарту» мекемесінің архео­ло­г­ия­лық тобы жүргізуде.

– «Бас көшенің ұзындығы – 620 метрді, ені – 5 метрді құрай­ды. Қазір­гі таңда 100 метрге жуық жерде архео­логиялық қаз­ба жұмыс­тары жүр­ді. Биылғы жы­лы 320 метрден аса аумақты зерт­теуіміз қа­жет. Жолдың қос қап­т­алындағы тұрғын үйлермен қоса есептегенде тарихи көше­нің ені 25 метрге дейін ұлғаяды. Бұл көшенің бойында Есім хан негізін қалаған Хан ордасы мен мешіті бар. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табыл­ған табыстар бұл орынның ал­тын­шы құры­лыс қабаты XVII ға­сырдың соңы мен XVIII ғасыр­дың бірінші жартысы арасында қалыптасқандығын, яғни бұл кезең­де Хан ордасын – Тәуке, Қайып, Болат, Сәмеке және Әбілмәмбет хандардың ме­кен еткен кезеңіне сәйкес келе­тінін көрсетеді. 1743-1745 жылдар ара­лығында Сәмеке ханның үлкен ұлы Сейіт Ахмет Ясауи кесе­несінің шығыс бетінен екінші Хан ордасын қалыптастырады. Әбіл­мәмбет хан өлген соң (1771ж.) қазба жүргізіліп жатқан Орданы оның ұлы Болат хан 1798 жылға дейін мекен еткен деген тұжы­рым жасауға болады. 2011жылы қазбадан аршылған бөлмелердің 15-нің қабырғалары саз кесекпен қайта өріліп, сақталуына және маңыздылығына қарай олардың биіктіктері 1,2 метрден 2 метрге дейін көтерілді. Бөлмелердегі сыпалар, тандырлар, ташнаулар, сандалдар қайта қалпына кел­тірілді. Қабырғалары сабан аралас сыбақпен сыбалып ханның тұрған үйінің бір бөлігі сол заман­ғы көрінісімен жасалған», – деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері, археолог Марат Тұяқбаев.

Археолог Марат Қымызұлы­ның айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен «Жеті ата» қақпасына дейінгі аралықты жалғайтын Жеті ата көшесі 1950 жылдарға дейін жұмыс істеп тұрған. Аталған аумақтың тарихи орны сауда-саттық пен қолөнершілердің мекені болған. Осы орайда көшені XVIII ғасыр­дағы бөлігіне дейін зерттеп, жол­дың қос қапталындағы үй­лер­­дің де орнын ашып, қайта қал­пына келтіру жоспарланған. Нәти­жесінде, Түркі­стан қаласына келген туристер қыш, ағаш, керамикадан жасалған қолөнер бұйымдарын сатып алып, тіпті қолөнер­шілермен бірге жасап, үйренуге де мүм­кіндік алмақ. Сондай-ақ ежелгі шаһарға саяхаттап келгендер тарихи орындарды тамашалап қана қоймай, хандар мен билер мінәжат еткен мешітке де бас сұғып, Хан ордасымен де танысатын болады.

Айта кетсек, Тұң­ғыш Пре­зидент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев тарихи-мәдени мұра саласында өте ауқым­ды міндеттер жүктегені бел­­гілі. Солардың қатарын­да тари­хи-мәдени мұраларға архео­ло­гия­лық қазбалар циклын жүр­гізу, олар­ды реставрациялау, музее­фика­циялау және әлемге таны­мал ту­ристік орталықтар­ға айнал­дыру мәселелері күн тәртібінде тұр. Ірі жобалардың бірі – Түркістан қаласында ор­на­ласқан «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты тарихи ескерт­кіштерді қайта қалпына келтіру, зерттеу және оларды танымал туристік орталыққа айналдыру үшін реставрациялау және қайта жаңғырту жоспарланған. Кешен­ді ғылыми-рестав­ра­ция­лық және археологиялық жұмыс­­тар Рабия Сұлтан Бегім кесе­не­сі, Есім хан кесенесі, Сегіз қыр­лы кесе­не, Шіл­де­хана, XIX ғасыр­дағы Түркі­стан цитаде­лінің көше­лерін­де ат­қа­рылып, «Жеті ата» қақпа­сы­­нан ке­сенеге дейінгі орта­лық ма­гис­т­рал­ды көше қалпына келтіріледі.