1991 жылдан бастап, бұл салада бірсыпыра ізденіс жасалды. Десек те, еліміздің болашағын, алдағы 20-30 жылдан кейін өмірге белсене араласатын жас ұрпақты, ұлт көшбасшыларын, қоғам құрылысшыларын дайындайтын оқу орындарындағы жағдай көңіл көншітпей келе жатқаны белгілі. Біздің ойымызша, мұның басты себебі батыстық білім беру жүйесі – «Болон» үдерісін ешбір ойланбастан, дайындықсыз бірден жаппай қолданысқа енгізгеніміз болды.
Алдымен, «Болон» жүйесі дегеніміз не нәрсе, соған тоқтала кетейік. «Болонның» негізін 1980 жылдары Инвар Джонсон атты білім беру саласының маманы бірыңғай тестілеу емтиханының алғашқы жобасын жасап, қалаған. Алғашында оқу орындарының түрлі жиындарында баяндамалар жасап, насихаттайды. Әдістемелік жаңалық ретінде жұртшылық назарын аударған бұл әдіс мектептерге кеңінен тарайды. Жұлдызының оңынан туа бастағанын байқаған И.Джонсон «Білім сапасын бағалау қауымдастығы», «Капитал-Сити педагогикалық академиясы» ұйымдарын құрып, өзінің тәжірибелерін АҚШ-тың бүкіл мектептеріне таратады. Осы ұйымдардың басшысы ретінде ол білімді бағалау ісінің танымал сарапшысына айналады. Лекциялар оқып, курстан өтті деген сертификаттар, дипломдар, грамоталар таратады, мектептерді тексеріп, рейтингілерін анықтайды, әдістемелік жаңалықтарын жетілдіре, насихаттай түсу мақсатында бірнеше кітап, көптеген мақала жазылып, оларды мақтаған рецензиялар жарық көреді. Әрине, мұның барлығы да ақылы түрде жүргізілгендіктен И.Джонсон Американың ауқатты адамдарының біріне айналады.
Осылайша АҚШ-тың білім министрлігі И.Джонсонның оқушылардың білімін бағалау тәсілін бүкіл жүйеге енгізеді. Осыдан кейін бұл жүйе әлемнің басқа да елдеріне тарай бастайды. 1999 жылы 19 маусымда Италияның Болонья қаласында Еуропаның 29 мемлекетінің өкілдері «Болон» декларациясын қабылдап, басты мақсат Еуропа елдерінің ортақ білім беру жүйесін құру деп жариялады. Нақтылай айтқанда, еуропалық білімнің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру, ұлттық білім жүйелерін жақындастыру, үш сатылы жоғары білімді енгізу, академиялық кредиттер жүйесін қабылдау, білім сапасын бақылау, студенттер мен оқытушылардың мобильділігін кеңейту, т.б. көзделді. Осы жерде бір ескерте кететіні, «Болон» жүйесі – халықаралық өлшемдегі, онда да түп-тамыры АҚШ-та бастау алған батыстық жүйе бола тұрғанымен де оған мүше елдерге өз еліндегі ұлттық білім өлшемінен бас тарту міндеттелмеді. Тек қана студенттердің білім деңгейі ECTS кредиттік жүйесі арқылы анықталды.
Орталық Азия елдерінен бірінші болып, Қазақстан «Болон» үдерісіне 2010 жылдың 11 наурызында Будапештте өткен форумда мүшелікке өтті. Бізден кейін Қырғызстан да «Болон» жүйесін қабылдады. Қырғыздар еуропалық жүйені біз құсап түгелдей сол күйінде қабылдай салған жоқ. Барынша сақтықпен қарап, келеді-ау деген жақтарын ғана алды. Тілдік жағына келгенде, мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан келіп, қоғамдық пәндер халықтың өмір сүруін рухани жағынан қамтамасыз ететін ұлттық компоненттер болғандықтан, олардың барлығы да қырғыз тілінде өтетін болды.
Өзбекстанда дамыған Батыстың жүйесі екен деп елп ете қойған жоқ. Мәселеге сақтықпен қарап, әліптің артын бақты. Ең соңында осы жағы дұрыстау болар деген бірлі-жарым өзгеріс жасаумен шектелді. Мысалы, жоғары оқу орындары бес жылдық күйінде қалып, оның алғашқы үш жылы бакалавриат, одан кейінгі екі жылы магистратура, екі-үш жыл аспирантура, үш жыл докторантура сатыларынан тұратын болды. 2019 жылдың басынан бастап, кандидаттық, докторлық диссертация қорғайтын кеңестер жұмыс істей бастады.
Ресей Федерациясында бұл мәселе төңірегінде түрлі пікірталас өтті. Білім-ғылым саласының маңында жүрген ұлт зиялыларының көпшілігі жаңа жүйенің пайдасынан гөрі зиянды жағына көбірек назар аударды. Нәтижесінде орыстар білім беру саласының бұрыннан қалыптасқан, әбден тәжірибеден өткен, уақытпен бірге жетілдірілген кеңестік жүйені сақтап қалды.
Қазақстанның жаңа жүйеге енудегі басты мақсаты отандық білім жүйесін еуропалық озық тәжірибелер мен ғылыми жаңалықтарды батыл енгізу арқылы халықаралық үлгіде дамыту болды. Жаңа жүйеге Қазақстанның оқу орындары мен ғылыми мекемелері 2020 жылға дейін толық көшу міндеттелді.
Бірақ... Иә, осылайша жақсы басталған істің соңы біз ойлағандай болмады. 2000 жылдардың басында АҚШ мектептеріндегі оқушылардың білім деңгейі төмендеп кеткені жөнінде үлкен айқай-шу болды. Білім беру саласындағы жағдайды тексерген тәуелсіз сарапшылар көптеген былықтың бетін ашты. Ең бастысы, бұл жүйенің оқушыларға білім беруді емес, балл жинауды мақсат тұтатыны, ал балл жинау үшін тестілеуден өтудің ар жағында ақша тұрғаны, бүкіл білім беру жүйесінің ақша табу, бизнес көзіне айналғаны белгілі болды. Ең сорақысы, осынша жұмысты атқарып жүрген адамның 8 сыныпты ғана бітіргенін, одан кейінгі небір құжаттарды, дипломдарды, өзі ашқан ұйымнан алғаны белгілі болды. Ақырында Американың атақты ауқатты адамдарының біріне айналған И.Джонсонның үстінен қылмыстық іс қозғалып, 25 жылға сотталды.
2012 жылы АҚШ-тың мектептерінде И.Джонсонның білім бағалау жүйесі қолданыстан шығарылып, оның орнына кеңестік білім беруге ұқсас жаңа жүйе қолданысқа енгізілді. Бұл оқу жүйесінен Англия да бас тартып, өткен оқу жылынан бастап, еуропалық, онда да кеңестік бес жылдық оқу бағдарламасына толық көшкенін жариялады. Ұлыбританияның ақпарат құралдарында кеңестік оқу жүйесінің артықшылықтарына назар аударған мақалалар жарық көрді.
Биыл Қазақстанның «Болон» үдерісіне қосылғанына он жылдан асады. Осы уақыт ішінде еліміздің білім беру саласына жаңа жүйе қандай өзгеріс әкелді, жетістіктеріміз қандай, ойлағанымыз болды ма деген сауалдар төңірегінде ой қозғар болсақ, біраз мәселенің байыбына барғандай боламыз. Өкініштісі, білім берудің ең озық үлгісі ретінде барынша насихатталған білім жүйесі үкілеген үмітімізді ақтамады. Еліміздің білім беру саласына оң өзгерістер жасай алмады, керісінше, осы саланың проблемаларын одан әрі ушықтыра түсті.
Бұл жердегі басты мәселе – АҚШ-тың өзі жарамсыз деп, лақтырып тастаған жүйені сол күйінде әкеліп, «несін айтасың, дамыған Батыстың жақсы дүниесі» деп, бұрыннан жерсініп, қалыптасып, жемісін беріп келе жатқан білім беру саласына бірден қондыра салғанымызда жатқан сияқты. Қабылдар кезде бұл жүйе неге өз отаны АҚШ-та, Англияда қолданылмайды, жүйенің осы уақытқа дейін қолданылып келе жатқан оқу бағдарламаларынан қандай артықшылығы бар, неге қол жеткіземіз деген сияқты сандаған сауалға жауап іздемей, бірден қабылдай салуымыз біздің басты кемшілігіміз болды.
Шындығында да «Болон» жүйесінің білім беруді жетілдіруден гөрі, экономикалық, саяси сипаты басымдау. «Болон» жүйесіндегі Қазақстанның оқу орындары қазір «қанбазарды» көзге елестетеді. Әрбір студенттің, оқытушының, оқу орнының деңгейі балмен, рейтингімен өлшенеді. Оқуға түсу, емтихан тапсыру, т.б. үшін студент балл жинайды, ал шынына келгенде, мұның барлығын сатып алуға болады. Оқу орындарындағы негізгі мәселе сапалы білім алу емес, жоғары балл жинау, мамандық игеру емес, диплом алу болып кеткендей. Барлығын ақша шешетін нарықтық қоғамның ұстанымдары оқу орындарында да белсенділік танытып жатыр. Ал ұлттың жанын құрайтын тіл, тәрбие, сана-сезім мәселелерін саудаға салуға болмайтыны ескеріле бермеді.
Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің өзі «Біз университеттерге талдау жүргіздік: 100 адам түседі, 800 адам бітіреді. Студенттердің ауадан пайда болмайтыны белгілі. Сапалы білім беретін университеттер студенттерді ойланбастан шығарып жібереді. Ал «шаңсорғыштар» (оқудан шығып қалғандарды жинап алатын ЖОО – ред.) бұл балаларды нарықтың әр түкпірінен жинап алады, содан кейін оларға дипломдар береді» деп мәлімдеуге мәжбүр болды.
«Болон» жүйесінің тағы бір елеулі «жаңалығы» – оқылатын пәндердің, әр сабаққа бөлінетін дәріс сағаттарының күрт азайып кетуі. Мысалы, 1 сыныптан «Әліппенің» түсіп қалуы қоғамды біраз дүрліктірді. Жаңа жүйенің тауқыметін көп көрген әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері болды. Сағаты қысқарғанмен тұрмай, Қазақ тілі мен Қазақ әдебиеті қосылып, бір пән ретінде өте бастады. Бұрын жоғары оқу орындарында бір пән 120-140 сағат көлемінде оқытылса, қазір 32-48 сағат болып қалды. Қысқасы, «Болон» жүйесі ұлтымыздың болашағына балта шауып жатыр.
«Болон» жүйесі қазақ білімімен бірге ғылымын да тоқырауға ұшыратты. PhD докторанттарына «Thomson Reuters», «Scopus» рейтингілеріндегі ағылшын тіліндегі журналдарға мақала жариялау міндеттелген. Жоғары оқу орындарының ұстаздарынан педагогикалық қызмет атқару, түрлі ғылыми жобаларға қатысу үшін де осы сынды мақаланың болуы талап етіледі. Тіпті, жоғары оқу орны ұстаздарының, ғалымдардың ғылыми-педагогикалық қызметі ол жазған том-том ғылыми-зерттеу еңбектерімен емес, ағылшынға ақша төлеп аудартып, ақша төлеп жариялатқан мақалаларымен бағаланады. Қазақ тілінде көлемді монография жазған профессордың еңбегіне қарағанда, бір мақаласы ағылшын тілінде жарық көрген PhD докторының рейтингі жоғары. Осы жүйе бойынша, жоғары оқу орындарының рейтингі анықталды.
Міне, қазақ даласына «Болон» жүйесімен бірге келген ағылшын тілі қазақ тілін білім беру саласынан осылайша ығыстыра бастады. Осылайша, білімі, ғылымы өз тілінде сөйлемеген, ұлттық тәрбиесін алмаған ұлттың өзі де жоғалатынын естен шығара бердік.
Қазақстанның жоғары оқу орындары Батысқа емес, Қазақстанға қажетті мамандар даярлайды. Оның үстіне Қазақстанның дипломымен Еуропада қызметке ала қоюы екіталай. Десек те бірлі-жарым дарынды жастарымыздың дүние қуып, шетел асып жатқаны да жасырын емес. Бұл қаншама қаржы жұмсап, маман дайындаған еңбегіміз далаға кетті, мемлекетіміз экономикалық шығынға ұшырады деген сөз. Сол сияқты шетелде оқып жатқан қазақ жастарының елге оралып, Қазақстанның экономикасын дамытуға атсалысады деудің өзі де күмәнді. Демек, байқап қараған адамға «Болон» жүйесінде дайындалған маман әлемнің кез келген елінде жұмысқа тұра алады» деген әдемі сөздің артында небір қитұрқы әрекет жатыр.
Мемлекеттің мықты болуы ғылым мен техниканың жетістіктерін өндірісте, қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдана білуінде. Қазір әлемнің дамыған елдері ғылымға бөлетін қаржыны жыл сайын өсіріп келеді. Ал біздегі жағдай мүлдем керісінше. Ғылым саласына жұмсалатын қаражат жыл сайын қысқара 0,16 пайызды ғана құрап отыр. Қазақстан тәуелсіздік алғанда еліміздің ғылым саласында 42 мың ғалым еңбек етсе, қазір бұл көрсеткіш 22,4 мыңға дейін төмен түсіп кетті.
Қоғамдық ғылымдар, оның ішінде тілтану, әдебиеттану, тарихтану секілді ғылымдарды дамыту дегеніміз – ұлтты дамытудың қамы. Ұлтты сақтап отыратын да, іштей ірітіп құртатын да осы – қоғамдық ғылымдар. Сондықтан да дамыған елдер қоғамдық ғылымдарға келгенде, қаражатты аямайды. Қоғамдық ғылымдардың идеологиялық сипаты бар.
Тіл – ұлттың жаны. Тіл мықты болмай, рух мықты болмайды. Рухы жоғары ел ешқашан да жоғалмайды. Сол ұлттың тілін, сол тілде жасалған рухани құндылықтарын жас ұрпақтың бойына ұлттық білім беру, ұлттық тәрбие жүйесі сіңіреді. Олай болса, өзге жұрттардың бұл саладағы озық тәжірибелерінен үйрене отырып, жас ұрпақты тәрбиелеудің заманға лайықты ұлттық үлгісін жасау – бүгінгі маңызды мәселе.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор