Абай • 13 Наурыз, 2020

Хакімді тану дегеніміз...

722 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Асылында, Абайды тану:

«Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

Соқтықпалы-соқпақсыз жерде  өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!», – деген төрт жол өлеңнің мән-мағынасын танып-түсінуден басталатын сияқты.

 

Хакімді тану дегеніміз...

Бұл да айтарға болмаса, әркім түсініп, рухани азық етерге аздық ететініне көзім жетті.

Өткен өміріме шегініс жасап, ой жүгіртіп көрсем, менің Абай есімін естіп, өлеңдерімен таныс бола бастағаныма тұп-тура 67 жыл болған екен. Осынау уақыт ішінде Абай тағылымын, Абай поэзиясының шарапатын сезініп, рухани азық етпеген сәттерім болған жоқ десем орынсыз мақтанғандай болмасыма кәміл сенемін. Солай бола тұра күні кешеге дейін ұлы Абайдың жұмбақтарын шешудің не екенін толық түсінбегеніме қайран қалдым. Оған себеп болған бір кездейсоқ жағдайды айтпас бұрын өзімнің ұлы адамның рухани мұрасымен қашан, қалай танысқаным жөнінде айтқым келеді.

Менің әкем Дәулетхан Шылбы Әліма­хұн­ұлы Шығыс Түркістан жұмһұрия­ты (1945-1949) тұсында астана болған Құлжа қаласында хадимше әрі жәдитше білім алған мұғалім еді. Әкесі Шылбы Әлімахұн Көбекұлы Іле өңірін мекендеген Матайдың «төрт қызай, төрт сама­сы­ның» мұфтияты тағайындаған (1898 жыл­дан) ағламаһұн еді. Мешіт, медресе салу жолында аянбай тер төгіп, ел құрметіне бөленген діни ғұлама, ақын, сазгер әрі зергер-ұста болған адам. Қазан төңкерісіне дейін қазақ еліне кең таралған «Айқап», «Қазақ», «Шора» басылымдарын алып тұрған.

Ахмет Байтұрсынов әліпбиімен шық­қан қисса-дастандарды, оқу құралдарын алып тұрғандықтан әкем де олармен жа­сынан таныс болған. Әкемнің қобди­шасында сақталған ол басылымдарды мен сауат ашқаннан бастап түртінектеп оқи бастағам. Бірақ олардың арасында хакім Абайға қатысты бір нәрселер бол­ған-болмағаны есімде жоқ. Бірақ 1953 жылдың қысқы айларының бірінде біздің шаңыраққа жеткен мүбәрак күн бүгінгідей көз алдымда.

Әкем Ырымбайдың Мұқаны деген Құлжадағы ұйғырлардың көтерме сау­дасын жасайтын құдандалы адамнан бір тоқтыға алған сырты қап-қатты мұқабалы бір кітапты әкеліп күні-түні бас алмай оқу­ға кірісті. Төте жазумен басылған кі­тап­тың ішкі бетінде оң қолын кеудесіне қой­ған келісті адам – Абай Құнанбайұлы деген ақын екен. Алматы. «Жаңа өмір» баспасы. 1951 жылы деп жазылыпты. Мен 1952 жылы үйден сауат ашып алғандықтан 1-сыныпта оқымай, 2-сыныпқа аттап өтіп оқып жүрген едім.

Әкем мектепте мұғалім болып істейді. Қайда барса Абайды өзімен бірге алып жүріп, өзі ғана оқымай маңайын­дағы­ларға да оқып беретін. Өлеңдерді оқып отырып: «Мына өлең пәленшеге, ана өлең түгеншеге арналғандай екен» деп айтып, күле отырып талдап та бере­тін. Сөйтіп қасиетті Құран Кәрімді жат­қа білетін Дәукең, енді ұлы Абайды жат­қа айтатын абай­шыл адамға айнал­ды. Сөйтіп жү­ріп менен үлкен апайым Дариға екеуміз­ге Абай­­дың қысқа өлеңдерін жаттатқыза бас­­та­ды. Әкеміздің үйі екі-ақ бөл­мелі қор­жын там. Ересектеу төртеуміз төр алдын­да бір көрпе астын­да жатушы едік. Әкем ұйықтар алдын­­да алдымен Құранның қыс­қа аятта­рын жаттатқызатын, қашан бір аятты мақамымен жаттап болған­ша ұйық­тат­пайтын. Арасында қалғып кетсек көр­пе­нің сыртынан қамшымен тартып жібе­ріп оятатын. Сол ауыртпалықты көтере алмай әбіржіп жүргенде, енді Абай өлең­дерін жатқа айту тапсырмасы қо­сылды. Кезінде қанша ауыр азаптай көрін­ген сол жаттаулар, менің кейінгі өмірі­ме қымбат азық боларын қайдан білей­ін. Алғашында зорланып, әкемізден қорық­қаннан оқыған Абай жырларын 70 жылдық мына өмірімде сан мәрте қайталап оқыған шығармын. Ал жатқа білетін Абай өлеңдерінің 90 пайызын 1955 жылы аудан орталығы Бестөбедегі орта мектепке барғанша жаттап алғаным анық. Қытайдың құдайсыз компартиясы мен кеңестік құдайсыздар қоғамында өмір сүрген жылдарда Құраннан да, Абайдан да алыстап қалсам да, бастауыш мектеп жасында әкем үйреткен ілім-білімдерге негіз болған қасиетті иман мен тағылымдық Абай өнегесінен қол үзбедім.

Абайды бір кісідей білем деп көңілім­де тоқ санап жүрсем де, хакімнің әлі де шешілмеген жұмбақтары көп екеніне көзім жеткен бір мысалды айта отырып, Абай жылын өткізгелі жатқан отандастарыммен өз ой-толғанысымды бөліссем деп отырмын.

Менің осы жылдардағы (2007 жылғы ауыр онкологиялық отадан шыққаннан бергі) бар уайымым да, бар ой-қиялым да денсаулығыма байланысты болып қал­ған еді. Көптен күткен Өскемен – Катон­қарағай сапарының сәті түсе қалды. Ақын бауырым Қасымхан Бегманов­тың ұйымдастыруымен бұған дейін де екі рет емделіп қайтқан болатынмын. Қазақ қаламгерлері мен ғалымдарына қамқорлық жасауды азаматтық парызына балаған сол кездегі облыс басшылары­ның қолдауымен 15-20 белгілі қазақ ақын-жазушылары мен ғалымдарды бұғының мүйізі кесілетін шілде айында арнайы ұшақпен Өскеменге апарып, он күн демалдырып, сауықтырып қайтарушы еді. Бұл ретте жұбайым Мәриям екеуміз ғана жолға шыққанбыз. 21 шілдеде Өс­ке­меннен 360 шақырым шалғайдағы Катон­қарағайға басшыларының тапсырмасы бойынша Мұхаметкәрім деген азамат өз машинасымен алып жүрді. «Жанат» атты демалыс орнына барғанша қасиетті Алтайдың бар сұлулығы мен әсемдігіне көзімізді суарып, жер-су аттарымен танысып, Ертіс, Бұқтырма, Нарын өзендерін өрлі-қырлы жағалап, көк-жасыл әлемді көзбен де, көңілмен де тамашалап келеміз. Өзім ерекше сыйлап, құрметтейтін аяулы қаламгерлер Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхан, Әлібек Асқардың туған өлкесі, әйгілі атбегі Бошай Кітапбайдың ел-жұрты, әйгілі Әбдікерім болыс пен Сұлтанмахмұттың ізі қалған Қаратай елінің құт мекені жайлы білетін естеліктерім көз алдымнан көлбей өтіп жатты.

Жол бойындағы үлкенді-кішілі елді мекендердің сырт жағындағы бейіттердің тұсынан өтерде көліктің жүрісін баяулатып, аруақтарға Құран оқып отырдық. Қаратай елінің бейіт-мазарларының көлемі шағын әрі түгел дерлік ағаш шарбақ­тар­мен ғана қоршалады екен. Бірінен-бірі ас­қақ­­­таған күмбезді бейіт мұнда мүлде жоқ. Ол әрине жер жағдайына, құрылыс материал­дарына да байланысты болар. Ме­­нің назарымды ерекше аударған бір көрі­­ніс болды. Көпшілік қорымдардан кемін­­де бірер жүз метр шетте – көбінше бейіт­­тер­­дің шығыс жағында бір, кейде екі ағаш қор­шаулы бейіттер көзге оғаш көрінеді екен.

– Мынау, оқшау қоршауда адам жерленген бе, әлде басқаша бір жағдайларға қатысты нәрселер ме? – деп сұрадым жолсерігімнен.

Ол маған таңданғандай жымиып бір қарады да:

– Ой, ағасы-ау, ол бақсылардың бейіті ғой. Сіздер жақта мұндай бейіттер болмай ма? – деп өзіме сұрау салды.

Мен, әрине, ондайды осы жақтан ғана көргенімді айтып:

– Сонда бақсыларды неге оқшаулап тастаған, олар мұсылман емес пе? – дедім.

– «Бақсылар жынмен, пері қыздары­мен тілдесіп, солармен бірге өмір сүреді, Құдайға серік қосады» деп молдалар баяғыдан осылай жерлеу рәсімін ұста­нады. Бізде солай, – деді.

Сол сәтте менің құлағыма ұлы Абай­дың «Сегіз аяғы», ондағы: «Ағайын бек көп, айтамын ептеп, сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының, жалғыз қал­дым тап шыным», - деген зарлы даусы жаңғырып жеткендей болды.

Менің көз алдымда дүние шыр айнал­ғандай, уақыт шіркін әлгі оқшау бейіттер маңында біржола тоқтап қалғандай, қасірет құрсауынан құтылу үшін «Бетті бастым, тұра қаштым жалма-жан» деп жанталасқан ұлы тұлғаның сұлбасын көргендей болдым.

Құдай-ау, Абайды 70 жылға таяу уақыт­тан бері білемін, «Сегіз аяқты» сексен рет оқып та, әндетіп те жүрген мен пақыр ұлы Абайдың өлеңдерін 10 жасымнан жатқа білемін деп қалай айтқанмын?!

Ұят-ай, тірлігінде түгіл, өлгеннен кейін де туған халқымен табысып-қабыса алмай аласталған бақсыларға өзін теңеген шерлі Абай аруағынан ұялдым. Содан бері Абайдан қалған өлең, дастандар мен қара сөздерін зерттеген үлкенді-кішілі абайтанушылардың еңбектерін шола қарастырғанымда, хакім Абайдың неге «моласындай бақсының» дегеніне анықтаманы кездестіре алмадым. Сонда ғана Абайдың біз әлі шеше алмаған немесе шешуін іздеуге талпынбаған бейғам­ды­ғы­мыздың аз емес екендігіне назар аудардым.

Сонау ІХ ғасырда өмір сүрді делінетін ұлы ойшыл, қобызшы-сазгер һәм бақсы-балгер Қорқыттың өлімнен қашса да құты­ла алмай қаза болған Сырдария жаға­сын­дағы жалғыз моласы он ғасырдан бері қалқайып тұрғаны есіме түсті. Қаңлы, кердері, оғыз тайпаларымен қып­­шақ­тарға құт мекен болған Сыр бойын­­да қасиетті Қорқыт баба неге жапа­­­дан-жалғыз жатыр? Оның басты себе­бі – Мәуреннаһрға кең тарала баста­ған Ислам діні бұрынғы шамандық-тәңір­лік наным-сенімдер мен салт-дәс­түр­лерді ығыстырып, мұсылмандық шариғат заңдары бойынша өмір салтын орнықтыра бастаған тұста қайтыс болғандықтан тағдырға – һақ өлімге мойынсал болмай, қобызын сарнатып, жын-перілерден медет-қолдау сұраған шаманды көпшіліктен аластап, бейітін оңашалап тастағаны өткен тарихтың бір естелігі болып қалса керек.

Ислам оңтүстіктен солтүстікке, шы­ғыс­тан батысқа қарай тарала келе, Жошы, Шағатай ұлыстары аумағында мұсыл­ман­дықты жаппай қабылдаған ата-бабаларымыз адам жерлеуді исламдық рә­сім­дер бойынша атқара бастады. Сөй­­тіп кең-байтақ қазақ даласындағы мазар-қорымдардан оқшаулап жерленуге тұрар­лық атақты бақсы-балгерлер мүлде қалмады деуге болады. Ал Ислам діні, ең кеш жеткен шалғайдағы Алтай, Боғда, Қалқаны мекендеген соңғы түрік тайпалары, оның ішінде керей, наймандардың бір бөлігінде ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін тәңірлік-шамандықтың сарқыншағындай болған жын-перілердің иесі – бақсылардың ел ішіндегі беделі мен қызметі жалғасып келгені белгілі.

Таулы Алтай, Боғда өңіріне Ислам діні таралып, адам жерлеудің жаңа та­лап­тары орныға бастаған заманда бақ­сыларды мұсылман қорымдарынан оқшаулап жерлеу салты пайда болады. Ол бақсылардың мұсылман екені, өздерінің туған-туысқандары екені ескеріліп барып ойлап тапқан қазақилық болса керек.

Қалай болғанда да қазақ руханиятында, діндік наным-сенімдері аясында ала­с­т­ал­ған, оқшауланған, жалғыздықтың, ба­қыт­­сыздықтың бейнесі болып қалғаны анық.

Ұлы Абайдың жалғыздығы мен қасі­рет­ті көңіл күйіне етене жақынды­ғына бұдан артық теңеу, «тап шыны» табыла қоймас.

«Сегіз аяқ» халқымыздың дәстүрлі толғау жыры үлгісінде жазылған. Абай­дай данышпан сыншыл ақынның, ойшыл ағартушының, мыңмен жалғыз алыс­қан күрескер қайраткердің бүкіл шығар­машылық ғұмырының өзегі – бағдар­ламалық қағидаларының көркемдік жиынтығы десек болғандай.

Иә, «Сегіз аяқты» бүгінгі жаппай са­уат­­­­­тан­­ған қазақтың бәрі де біледі, әнде­тіп жатады, әсіресе 175 жылдығы ата­лып жат­­қан тұста бүкіл қазақтың бала­бақ­­ша­­дан бастап, жас-кәрісі жаппай жарыс­қа түсіп, елеуреп-ереуілдеп тұрған­дай. Ұлт­тық, мемлекеттік мәні бар осынау келе­лі науқанға мен жаңа­шырлықпен қарай­тын­­дардың бірімін. «Сегіз аяқты» оқып, оның ішіне бойлаған сайын осыдан ширек ғасыр бұрын жазып, «Жұлдыз» журна­лы­ның 1994 жылғы №5-6 санында жария­лаған «Мағжан және қазақ поэзия­сы» атты көлемді зерттеу мақа­ламызда айтылған ой­лары­мыздың дұрыс­тығына көзім жете түсті.

Ұлы Абайдың жұмбақтарын шешуді өмірлік мақсат еткен санаулы абайтанушы аға буын өкілдері Құлмат Өмірәлиев пен Мекемтас Мырзахметтердің бірлік­те жазған «Абайтанудың жайы мен міндет­тері» атты мақаласында: «...Осы­нау әрі қат-қабат жатқан тегі бар, әрі тіл асты мазмұнға, терең де астарлы ойға құрылған, әрі шешу бермес жұм­ба­ғы, сырлы сыры мол және де бұлар­дың баршасы соншалықты көркем түрі шебер тіл тапқан шығармалардың кілтін таба қою да, ішіне бойлай кіре қою да қиын. Ол үшін Абайдың қолы жетіп, ақылы табысқан, сырлас болған арғы-бергі дәуірдің барша ой иелерінің дүниелерімен танысып барып, содан соң ақынның өзіне келу керек болады және сол Абайдан сол ой иелеріне қайта жол салу талап етіледі. Бұларсыз Абай бізге өзі айтқандай «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген күйінде қала бермек», деп жауапкершілігі аса зор істі міндеттеген болатын.

Бұл күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақ аза­матына тапсырған абайтану дегені­мізді осылай түсініп, осылай зерделеу деп қабылдадық.

Абай жұмбағының бір кілті 200 жол, 25 шумақтан тұратын «Сегіз аяқ» толғау жырында жатыр. Бүгінгі қоғамдық сана­мызға қозғау салар мәңгілік құбылыстың кілті де сонда деп білемін.

 

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,

Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология

институтының профессоры