Қазақстан • 13 Наурыз, 2020

«Келешегі жоқ ауыл» болмауы керек

1052 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мен мансап иесі болған емеспін, еңбек көрігінде шыңдалған адаммын. Екі қоғамда да ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қостым.

«Келешегі жоқ ауыл» болмауы керек

1973 жылы Қазақстанда Тың игерудің 25 жылдығы мерекесіне орай, Алматыда Одақтың бірінші басшысы Л.Брежнев, А.Косыгин қатысқан үлкен кеңес өтті. Д.Қонаев бастап ашып, сөзді Б.Әшімовке берді. Осы жиындағы жарыссөзде сол кездегі Жамбыл облысының бірінші хатшысы Хасен Бектұрғанов мінбеге көтеріліп, одақтың су шаруашылығы министрі Алексеевскийге қарата сөйлеп, Қырғызстан мен Жамбыл облысының арасында су жөнінде даулы мәселе бар екенін айтты. Әрі сол мәселені шешіп беруді сұрады. Сондағы Х.Бектұрғановтың «біз бәріміз Мәскеудің перзентіміз, Мәскеу перзенттерін алалауға тиісті емес» деген сөзі әлі ойымда. Сол кезде «Это правильный вопрос, решать надо» деп жауап қайтарды, көзілдірігінің құлағымен ойнап отырған Леонид Ильич. Әрине мен тыңгер емеспін, Алматыға басқа шаруамен барған болатынмын. Райкомның тапсырмасымен сол жиналысқа қатысып едім.

Жоғарыда айтқандай, бәріміз Қазақстанның перзентіміз. Біз көп халық емеспіз. Қазақы сөзбен айтқанда, бір-ақ уыс халықпыз. Сондықтан Қазақ елін қалай да өсіру, тұрмыстық жағдайды қалай өркендету мәселесін Елбасы күн тәртібіне қойды. Қазақ елі өсу үшін осы сөзді іске асыру керек.

Қазіргі таңда «келешегі жоқ ауыл» деген сөз орманға тиген өрттей қаулап бара жатыр. Қазақстанның азғантай халқын біреуін әкесі бар баладай, біреуін жетім өгей баладай бөліп ұстауға болмайды ғой. Мен бәрін де түсінемін, ауылдардың бірін «тірек ауыл» деп, екіншісін «келешегі жоқ ауыл» деп бөлу – біздің азғантай халыққа жараспайтын шаруа.

Біз баспасөзден оқып, теледидардан көргеніміздей, «тірек ауылдар арқылы көмектесеміз» дейді. Бұл ұсыныс жалпы халыққа ұнамайды. Қазақта «әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» деген сөз бар. Туған ауылының түлегенін бәрі қалайды. Жасыратыны жоқ, қала мен ауыл халқының арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Ауылға үйреніп, ауыл­да еңбек етіп үйренген адамның қалада ондай еңбек ететін қабілеті болмайды, қаланың тәртібін, жұмыс тәсілін білмейді. Елден қалаға барған жастар не үйі, не күйі жоқ қиын өмір кешуде. Көшеде арба сүйретіп, біреуге от жағушы болу тағы осы сияқты жағдайлармен күндерін өткізіп жатыр. Елде отырып малын бағып, шаруа қожалықтары мен кооперативтер құрып жұмыс істеп отырған ауыл халқында қазір үрей бар. Мемлекеттен көптеген жеңілдікпен техника, субсидия алып, жеңілдікпен техникаларына жанар-жағармай алып өркендеп дамып келе жатқан ауылдардың қорқатыны сол: қай күні мектебімізді жауып тастайды деген үрей. Біз қазір құқықтық мемлекетпіз, әркім өзінің қалаған жеріне қоныстануға ерікті, өзінің қалаған орнында отыра беретінін білеміз. Бірақ «келешегі жоқ ауыл» деп ат қойғаннан кейін халықтың көңілі орнықпай, әсіресе жастар жағы тұрақтамайды. Ауылдан жастар кеткен соң, «ауыл қартайып» жаңағы құрылған шаруашылықтар өркендемей, құрып бітпей ме? Келешектегі елдің иесі жастар емес пе?! Ауылда жастарға жұмыс жоқ деген қаулаған сөз бар. Бұл дұрыс емес. Бір ғана мысал келтірейін. Бір шаруа қожалығында 500 бас ірі қара, 500 бас қой, 300 бас жылқы бар дейік. 500 бас ірі қараны 4 адам бағады, жем-шөбін 5 адам дайындайды, 3 механизатор – барлығы 12 адам жұмыс істейді. 500 басқа 500 бас бағу әрі төлдетуі, шөп дайындауға 6 адам еңбек етеді. 300 бас жылқыны 3 адам бағады. Құрылысшылар 7 адам, сонда бір қожалықта барлығы 28 адам еңбек етеді. Адамның еңбекпен қамтылуы деген міне, осы. Бір ауылдық округте 20 шаруа қожалығы болса 560 адам жұмысқа орналасады деген сөз. Осындай жағдаймен елді мекенді толқытпай жұмыс істесе, орнықса, ел қалпында қаймағы бұзылмай отырар еді. Қала мен ауылдың айырмашылығы бар екенін білеміз. Менің түсінігім бойынша, қала халқын асырау үшін даланың еңбегі керек. Қазір қаланың дүкен сөрелерінде сырт елден келген жасанды тағам толып тұр. Бұл тағам көп жағдайда адам денсаулығына зиян келтіріп жатыр.

Біз өз алдына тәуелсіз мемлекет бола тұра, мынадай байлықпен өзімізді өзіміз қамтамасыз етпеу – халыққа талаптың дұрыс қойылмауы. Мынадайда ақпарат шықты: келешегі жоқ ауылдан қалаға көшсе тегін пәтерлер береміз, көші-қон тегін болады. Мен ойлаймын: келешегі жоқ ауылдан 200 үйді көшірді дейік, әрбір отбасына 15 миллионның үйін, көлігін есептегенде, 200 үйге 3 миллиард теңгедей қаржы жұмсалады екен. Одан да халықты орнынан қозғамай, жыл сайын 3 миллиард теңгені сол келешегі жоқ ауылға бөліп отырса, өзінен өзі өркендеп кетер еді. Содан кейін жанағы ауыл орнығып, өздері кәсіптерін ашып, тиісті салығын мемлекетке төлеп, өркендер еді. Содан кейін халық малын өсіріп, жерін баптап қаламен еншілес болып барлық өсірген өнімін мемлекетке тапсырар еді. Химиялық жолмен өндірілген шет мемлекеттердің өнімі емес, халықты таза табиғи өнімдермен қамтамасыз етер еді.

Тағы бір айта кететін жағдай, біз осы тәуелсіздік алғаннан бері қарқынды дамып келе жатқан елміз. Бірақ дамыған Америкамен салыстыруға әлі ерте. Мыса­лы, пәленше пайызы қалада, түгенше пайы­зы ауылда дейді. Біздің ауылдың дәре­жесі оған жеткен жоқ. Мысалы, жаңа­ғы жауып тастаған әкімшілікті қыс­қар­тып, енді өздерің күндеріңді көре берің­дер деп халықтың өздерін салып қояды. Ол ауылда мектеп, дәрігерлік пункт, кітапхана, мәдениет үйі болмаса, ауырған адамға көңіл бөлінбесе, жол салынбаса бұл баланың көрпе астына тығылып «көкек» ойнағаны сияқты іс болмақ. Қазақстанның байтақ жері, әсіресе ауылдық жерлердегі өзендер, көлдер, шабындықтар, жайылымдық жерлер бос қалса, мал бағатын жерлер игерілмесе келешекте халықтың жағдайы қалай болмақ? Бос жатқан жерге ие болатын шаруа қожалықтары, кооперативтер болмаса, жерді сұраушылар көбеймегенде қайтеді?

Осы жерде қаншама өзендер, көлдер, таза құдықтар, шабындықтар, жайылымдық және егістік жерлер, халық тұрақтанып отырса ел игілігіне жаратылар еді. Мынау ел басқарып отырған жігіттерге «мектепті неге жабасыңдар?» деген сұраққа «оқитын бала жоқ» деген сөзді айтады. Сол сияқты бір сөздің дәлелін айтайын, осыдан бес-алты жыл бұрын Қостанай облысы әкімінің орынбасарына «мектептер неге жабылады?» деп сұрақ қойғанымда ол «елді мекендерде мектепте оқитын бала жоқ, халық аз» деп жауап берді.

Осы жанайқайымызбен жазылған мақаланы Елбасымыз, Президентіміз, Үкіметіміз назарына алып, екі атау­ды, яғни «келешегі жоқ ауыл» мен «тірек ауылды» өзгертіп, халықтың көңілі орнығатын бір Қазақстанның халқы жұмыс істеп жатыр деген шара қолданылса дейміз. «Ауыл – ел бесігі» дейді. Бала сол бесіктен өседі. Қайың да, қарағай да жер бетіне шыққан өсімдіктердің бәрі тамыр арқылы өседі, қала халқының түп-тамыры – ауылда. Қазақстанда халық санын өсіру, әсіресе ауылдың хал-ахуалын қысқа мерзімде шұғыл көтеру керек, кешіксек ұтыламыз.

Бір ұсыныс – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалаларды айтпа­ған­да, моноқалалардың әкімдеріне, аудан басшыларына мемлекет тарапынан қатаң бақылау болса... Мысалы, сол аудан­дар мен округтерден, моноқалалардан жөн-жосықсыз көшуі мәселесін облыс басшылары қатаң бақылауға алса... Сонда халық орнығып атакәсібін жасар еді. Осы сөзімнің дәлелі ретінде айтарым: Көлқамыс – менің туып-өскен ауылым. Қостанай облысы Жангелдин ауданына қарасты осы ауылдың іргетасын кеңестік заманда өзім қалаған едім. Ауыл тұрғындары тоқырау жылдары жан-жаққа көше бастады. Өз қолыммен іргетасын қалаған ауылым тапа-тал түсте талан-таражға түсіп жатқанын көріп, халықты жинап, ақылдасу кеңесін өткіздім.  «Жағ­да­йы­мыздың қиындауына байланыс­ты ауылда не жарық жоқ, не байланыс жоқ, не дүкеніміз жоқ тағы басқа себептерге байланысты көшкіміз келеді», деп түсіндірді тұрғындар. Кеңестік заманда Үкімет бәріне жұмыс, тамағы мен киімін беріп, мектебі, емханасы жұмыс істеп, балаларын оқытып, алаңсыз өмірге үйретті. Кейін қоғам өзгергеннен кейін бұрынғы совхоздар жабылып, әлеуметтік нысандардың бәрі тоқырауға ұшырады, жұмыссыз қалған адамдар не істерін білмей абдырап қалды. Мен туған ауылымды сақтап қалу үшін, көші-қонды тоқтату мақсатында жеке шаруа қожалығын ашып, ауылдастарыма жағдай жасап, жұмыс берсем қалай қарайсыздар деген ұсыныс жасадым. Жоспарыммен бөлістім. 9 жылдық мектеп, медициналық пункт, кітапхана, мәдениет үйі барлығын сақтап қаламыз. Көлқамыс ауылын 1992-2005 жылдары басқардым. Үкімет тарапынан еңбегім бағаланып, 10 мемлекеттік наградамен марапатталдым. Алланың берген жасы 82-ге келсем де, ауылымның өсіп-өркендеуіне үлесімді қосып келемін.

2005 жылдан бері «Сыма-К» жеке шаруа қожалығын Манат Карбозов басқарып келеді. Ол – Қостанай облыстық мәслихатының депутаты. Ауылда 300 шамасында халық тұрады, барлық мәдени мекемелер жұмыс істеп тұр. Әр үйге телефон байланысы мен жоғары жылдамдықтағы интернет қосылған. Үкіметтің елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бекітілген «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында «Сыма-К» жеке шаруа қожалығы жеке қаражатынан 6 млн теңге бөліп, ауылға ауыз су құбырын тартып берді. Шағын ауылдың көшелеріне тас жол төселген, ауылымыз жағалай жасыл ағаштармен көмкерілген, яғни дәулетіне сәулеті сай Көлқамыс болды.

 

Кәкімжан КАРБОЗОВ,

Қостанай облысының құрметті азаматы