Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет алдына митингтер туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Осыған сәйкес Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиындар туралы заң жобасын әзірлеген еді. Аталған заң жобаларының таныстырылымына Мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері мен белгілі саясаттанушылар, БАҚ өкілдері қатысты.
– Заң жобаларын «Ашық деректер» порталында жариялағаннан бері азаматтардан 261 ұсыныс келіп түсті. Сондай-ақ еліміздің 9 қаласында тыңдалым жүргізілді. Қазақстандағы халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдер үшін заң жобаларының жеке таныстырылымы ұйымдастырылды. Сонымен қатар қоғамдық көзқарас зерделеніп, әлеуметтік желілердегі пікірлер де ескерілді. Әлеуметтік зерттеу жасадық. Қарама-қайшы пікірлер өте көп болды. Мемлекеттік уәкілетті орган ретінде бізге барлық мүдделі тараптардың көңілінен шығу оңай болған жоқ, – деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел-мониторинг жүргізу бюросы Конрад Аденауэр қорының қолдауымен қазақстандық азаматтардың арасында еліміздің барлық аймақтарында сауалдама жүргізді. Нәтижесінде, сауалдамаға қатысқандардың 40%-ы митингтер елдегі жағдайды тек тұрақсыздандырады деп жауап қатса, 73%-ы митинг өткізуде билікпен келісу қажет деп есептейді.
Ал Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік сауалдама барысында оған қатысқан отандастарымыздың 87,7%-ы шеруге шыққылары келмейтінін жеткізген. Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жүргізген әлеуметтік сауалдамаға сүйенсек, қазақстандықтардың 53,7%-ы митинг өткізуге рұқсат алу осы митинг өткізушілер үшін міндетті болуы тиіс деп санайтындар екен. Айта кетейік, сауалдамаға қатысқандардың тек 21,4%-ы ғана Қазақстанда митингтер өткізуге оң көзқарас ұстанған.
Заң жобасын талқылау кезеңінде үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың пікірін ескере отырып, бірқатар өзгерістер енгізілді. Жекелеген нормалар қолданыстағы заңнамамен үйлестіріліп, ұйымдастырушылардың кейбір міндеттері алынып тасталды. Реттелетін тәртіп түсінігі күшін жойды.
Кейбір жекелеген мәселелер бойынша аса қызу пікірталас жүргізілген кездер де болыпты. Мәселен бұған дейін митингке қатысушылардың саны 250 адамнан аспау керек деген пікір болған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіріп, алдын ала ескертілген бейбіт жиындарға қатысушылардың санын шектеу орынсыз қадам екенін жеткізген болатын. Солай бола тұра ұйымдастырушылар митингке қатысушылардың санын алдын-ала ескертулері тиіс. Д.Абаевтың айтуынша, бұл қадам қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Осылайша митингті ұйымдастырушылар да, жергілікті билік те қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысты ортақ жауапкершілік арқалайтын болады. Бұл ретте демонстрациялар мен шерулер өтініш беріп, келісім алғаннан кейін тек арнайы орындарда өткізіледі. Бұл норма Қазақстан Конституциясының 32-бабына сәйкес келеді.
Сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсанда қабылдаған қарарындағы азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 21-бабына сәйкес, бейбіт жиындарға қатысты құқық мойындалады.
– Біз халықаралық тәжірибені барынша тыңғылықты зерделеп шықтық. Соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибелері бар. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, әлемнің көптеген елінде бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу барысындағы басты басымдық қоғамдық қауіпсіздікке беріледі. Қоғамдық-саяси ахуалдың нашарлап кетуіне байланысты бейбіт жиындар өткізу жөніндегі заңнамаларын қатаңдатуға барған бірқатар демократиялық елдер де бар. Сонымен қатар либерализация жолымен жүріп келе жатқан мемлекеттер де аз емес, – деді Д.Абаев.
Заңдарын ырықтандыруға барған мұндай мемлекеттердің қатарында Франция, Германия, Ұлыбритания, Польша, посткеңестік кеңістікте Қырғызстан мен Армения сынды елдер де бар. Аталған мемлекеттерде бейбіт жиындарды өткізу барысы ескерту жүйесі арқылы жүзеге асады. Ал рұқсат беру жүйесі АҚШ, Швеция, Жапония, Сингапур елдерінде қолданылады. Елімізде бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізуді реттейтін қолданыстағы заңнама осыдан 25 жыл бұрын – 1995 жылы қабылданыпты. Яғни қоғам санасына бейбіт жиындар мәдениетін сіңіретін уақыт келді. Сондықтан қолданыстағы заңнаманы өзгерту ғана емес, тұжырымдамалық тұрғыда жаңа заң жобасын әзірлеу қажеттілігі туындауда. Аталған заң бейбіт жиындардың барлық түрлерін ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін реттеуге негізделеді. Солай бола тұра митингтер өткізу – азаматтық құқық қана емес, жауапкершілік екенін де ұмытпау қажет.
Мәжілісте талқыланған заң жобаларына қатысты пікірлер де сан алуан болды. Сарапшылардың бірі құжатқа енген баптардың құқықтық нормаларына тоқталса, енді бірі халықаралық тәжірибеге сүйенді. Заң ғылымдарының докторы, саясаттанушы Марат Башимов заң жобасының қоғамда үлкен талқыға түскенін алға тартты.
– Құжат өкілетті органдардың, тәуелсіз сарапшылардың, мемлекеттік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кеңінен талқыланды. Барлық пікірлер ескерілді. Сол себепті де бұл заң жобаларына үлкен сенім білдіремін. Митинг өткізуге арнаулы орындарды белгілеу туралы мемлекеттің ұсынысын қолдау керек. Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен, арнаулы орындардың болуы митинг өткізуге өтініш білдірген адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Митинг саяси, экологиялық, әлеуметтік, мәдени мақсатта өтуі мүмкін. Әр адам ойын еркін жеткізуге мүмкіндік алуы тиіс, – деді М.Башимов.
Оның айтуынша, бейбіт жиынға шығатын азамат белгіленген алаңдарда орынның барына сенімді болып барады. Сондай-ақ адам көп жиналатын орындарда денсаулық сақтау мәселесі назардан тыс қалмау керек деген пікірді де ұстанып отыр. Яғни митинг өткізудің арнайы орындары болса, дәрігердің көмегі қажет болған жағдайда мамандар да дайын тұрады. Бұл ретте қоғамдық тәртіпті сақтау да өзекті мәселе болып отыр. Марат Башимовтің айтуынша, белгілі бір мәселеге қоғам назарын аудартуға ұмтылғандар үшін арнаулы алаңдар тиімді болмақ. Себебі ұйымдастырушылар шеру туралы хабарды алдын ала таратып, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділерін шақыра алады.
Заң ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Амандықова заң жобасы халықаралық тәжірибеге сай дайындалғанын атап өтті.
– Халықаралық-құқықтық құжаттар мен Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия және өзге де елдердің тиісті заңдарына терең талдау жасалды. Шетел заңнамаларында митинг ұйымдастырушылар мен оған қатысушылардың жауапкершілігіне үлкен мән берілетінін айта кету керек. Бұл мемлекетіміз бен отандастарымыздың өзара жауапкершілігінің конституциялық-құқықтық қағидасына сәйкес келеді. Егер мемлекет аталған шаралар ел заңнамасында көрсетілген талаптарға сай болуына жауапты болса, ұйымдастырушылар да еліміздегі заңдардың орындалуын қадағалауы қажет. Бұл – халықаралық тәжірибеге сай әрекет, – деді С.Амандықова.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саиров бейбіт жиындарға қатысты заң жобасы Мәжіліске дейін қоғамда ұзақ уақыт талқыланғанын айтты.
– Бұл заң жобасы бір айдан астам уақыт талқыланып келеді. Жалпыұлттық пікірталас тудырды деуге толық негіз бар. Құжат еліміздегі демократияны дамытып, азаматтық қоғам қалыптастыруда үлкен рөл атқармақ. Талқылау барысында айтылған сын-ескертпелер назарға алынып, өзгертулер енгізілді. Құжаттың бастапқы нұсқасы мен қазіргісін салыстырсақ, бірқатар өзгеріс барын байқауға болады. Азаматтық қоғам мүшелері мен белсенділердің ұсыныстары негізінде заң жобасы жетілдірілді, – деді Е.Саиров.
Заң жобаларын таныстыру барысында Мәжіліс депутаттары Д.Абаевқа бірқатар сауалдарын жолдап, ойларын ортаға салды.
Рауан ҚАБИДОЛДА,
Меруерт БҮРКІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»