Қоғам • 13 Наурыз, 2020

«Қарама-қайшылық көп»: Сенатта медиацияның жай-күйі талқыланды

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенатта «Қазақстан Республикасының медиация туралы заңнамасы: жай-күйі, проблемалары және жетілдіру бағыттары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы болды. Дөңгелек үстелге қатысушылар медиация мәселелерін одан әрі жетілдіру жөніндегі заң жобасын әзірленген сенаторлармен құжатты талқыға салды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарама-қайшылық көп»: Сенатта медиацияның жай-күйі талқыланды

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Сафинов Қанатбек дөңгелек үстелді аша келіп, бүгінгі күні елімізде құқықтық дауларды сот арқылы шешуге баса назар аударылатынын атап өтті.

«Бүгін соттарда қаралатын істердің көбеюі, бір жағынан, сотқа деген сенім дәрежесі жоғары екенін білдіреді, екінші жағынан, бұл қоғамдағы қарама-қайшылықтың көптігінің белгісі. Қазіргі таңда сот қарауында болмауы тиіс істер көбеюде», - деді Қ.Сафинов.

Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ұлбосын Сүлейменова өз сөзінде Қазақстанда 90-нан астам медиаторлар ұйымы жұмыс істейтінін айтты және елімізде медиация институтын дамыту Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысындағы жаңа бағыттардың бірі екенін атап өтті. Ұ.Сүлейменова сонымен қатар «Медиация туралы» заңның кейбір баптарына бірқатар түзетуді, сондай-ақ Жер, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы, Азаматтық іс жүргізу, Еңбек кодекстеріне өзгерістерді қарастыруды ұсынды. Олардың арасында отбасы мен неке институтын нығайтуға ықпал ететін рәсімдер де бар.

«Некені бұзу туралы істер жөніндегі қолданыстағы редакция бойынша сотқа арыз қабылданған сәттен бастап 1 ай өткенше сот еш әрекет жасамайды. Тараптар отбасын сақтап қалуды тағы да ойластыру үшін бұл мерзімді 3 айға дейін ұзарту ұсынылады», - деді ол.

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Есин медиация институтын кеңінен дамыту мен қолданылуын тежейтін мәселелер туралы айтты. Оның ішінде медиация рәсімдері туралы халықтың хабардарлығы әрі оларға деген сенімнің төмендігі, тиісті ұйымдардың кәсіби медиаторларды даярлау сапасына мемлекет тарапынан бақылаудың болмауы туралы да айтылды.

«Ұлттық медиаторлар палатасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Светлана Романовская Қазақстандағы медиацияны жетілдіру туралы айта келіп, жоғары оқу орындарында оқытудың тиісті стандарттарын әзірлеу және «медиатор» мамандығын мемлекеттік мамандар тізіліміне енгізуді ұсынды. Сонымен қатар ол тұтынушылар құқығын қорғауда, еңбек және отбасылық дауларда медиацияның міндетті болуы маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстан медиаторлар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры Жанділда Жақыпов елімізде медиация институты жүйесіз дамып келе жатқанын, медиаторлар ұйымдарының саны көптігі мен олардың арасында бірыңғай үйлесім жоқтығын айта келіп, реттеуші орган құруды ұсынды.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков отырысты қорытындылай келіп, елімізде ұлттық заңнаманың дамуына байланысты халықаралық тәжірибені назарға ала отырып, татуласудың медиация секілді түрі Қазақстан жағдайында өмірге қайта енгенін атап өтті.

«Осы сала үшін халықаралық тәжірибе, тиімді даму тәсілдері жеткілікті және өз тәжірибеміз де бар. Біздің өмір салтымызға, мәдениетіміз бен ой-өрісімізге ең жақынын қабылдау ғана қалып отыр. Кәсіби тұрғыда жан-жақты зерделеу және өзара тығыз іс-қимылдың арқасында ғана нәтижеге қол жеткізетініміз әрі медиация институты Қазақстанның құқықтық кеңістігінде өз орнын алатынына күмән жоқ», - деп атап өтті В.Волков.