Қазақстан • 15 Наурыз, 2020

Үкімет делегациясы батыс өңірлеріне жұмыс сапарымен барды

254 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкімет делегациясы осы күндері еліміздің батыс облыстарында жұмыс сапарымен жүр.

Үкімет делегациясы батыс өңірлеріне жұмыс сапарымен барды

Делегация Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарында болды.  Жақында Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына барады.

Жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов батыстағы үш аймақта облыс әкімдері мен мұнай-газ секторы өкілдерінің қатысуымен мұнай және мұнай саласындағы қызмет көрсету компанияларының проблемалық мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізді. Кездесулерде әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың Қазақстан экономикасына әсері, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды.

«Әлемдегі экономикалық жағдайды қиындататын ең үлкен мәселе - мұнай бағасының төмендеуі. Сонымен қатар, коронавирустық індет экономикаға кері әсерін тигізді. ОПЕК+ мүшелерінің келіспеушілігі мұнай бағасының 30% төмендеуіне әкелді. Болашақта бір баррель үшін 20-40 доллар деңгейінде экономикалық дамудың сценарийі және бюджеттік параметрлердің есебі бар», - деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары жиналысқа қатысушыларды әлеуметтік тұрақтылық пен ұлт денсаулығы мәселелері ел Президентінің тұрақты бақылауында және Үкімет қазірдің өзінде қажетті шараларды қабылдауда деп сендірді.

«Біріншіден, барлық әлеуметтік міндеттемелер уақытылы орындалады. Екіншіден, еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыссыздықтың күрт өсуіне жол бермеу үшін елді мекендерді жөндеу және абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін арнайы жол картасы жасалынуда. Бұл ретте жұмыстан босатылатын жұмысшылар мен жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінеді», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Азаматтардың әл-ауқатын сақтаудың маңыздылығын атап өткен Ералы Тоғжанов жергілікті билік органдары мен жұмыс берушілерді әр аймақта әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету шараларын күшейтуге шақырды.

«Өздеріңіз білесіздер, мұнай-газ саласы - ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Халықтың әл-ауқаты үшін ең бастысы - жұмыспен қамту. Сондықтан бүгінгі таңда жұмыс орындарын сақтау және қызметкерлерге еңбекақыны уақтылы төлеу өте маңызды», - деді Ералы Тоғжанов.

Кездесулер барысында облыс әкімдері Үкімет мүшелеріне өз аймақтарындағы әлеуметтік-еңбек жағдайы туралы толық ақпарат берді.

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымовтың айтуынша, 9 банкроттық кәсіпорында 127 қызметкерге 75,9 миллион теңге көлемінде жалақы қарыздары бар. Олардың қайтарымы банкроттық рәсімдер аясында жүзеге асырылады. Жалпы облыста екі мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды, ал 293 726 теңге көлеміндегі жалақы республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. Маңғыстау облысында атаулы әлеуметтік көмекті 2,5 мың отбасы алады.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрайды. Атаулы әлеуметтік көмек 1200 отбасына көрсетіледі. Жалпы облыста әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін барлық шаралар қабылдануда.

Атырау облысында жалақы 334 583 теңгені құрайды. Бұл да республикадағы орташа айлық көрсеткіштен асады.

Бүгінгі таңда барлық республикалық мұнайдың 52%-ы Атырау облысында өндіріледі. Ірі өндіруші компаниялар - «Теңізшевройл» ЖШС, «НКОК», «Қазмұнайгаз» АҚ. Қазіргі уақытта мұнай өндірісі саласында 15 мыңға жуық жұмысшы, ал 80 мыңға жуық адам мұнай сервистік компанияларда жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, мемлекет мұнай бағасының құлдырауы мен пандемиямен байланысты дағдарыстық жағдайлардың алдын алу бойынша жоспар әзірлеуде.

Кездесуге қатысқан ТШО-ның бас директоры Имер Боннер «Теңізшевройл» компаниясының мұнай өндіру мен оны қайта өңдеу жұмыстары қалыпты жағдайда жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«ТШО мұнай бағасының төмендеуіне байланысты қиын экономикалық жағдайдан шыға алады. Себебі біздің компания тарихында осындай кезең болған. Сонымен қатар, жұмысшылардың қысқаруы болмайды. Біз өзіміздің бизнес-шешімдерімізді қарап жатырмыз және барлық міндеттемелерді орындаймыз», - деді ТШО бас директоры.

14 наурызда үкіметтік делегация Ақтөбе облысына келді. Өңірдің белсенділерімен және аймақтағы ең ірі мұнай-сервистік компаниялар басшыларымен кездесу барысында Ақтөбе облысының әлеуметтік-еңбек саласындағы ағымдағы жағдайы егжей-тегжейлі сөз болды. Мұнай-газ саласы аймақтың өнеркәсіп құрылымында ең үлкен үлеске ие. Яғни 35%-дан астады.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің айтуынша, аймақтың мұнай-газ саласы кәсіпорындарында 15 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Жұмыс орындарын сақтау аясында барлық компаниялармен ұжымдық шарттар мен меморандумдарға қол қойылды. Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылдың басынан бастап мұнай-газ саласында жалақының өсуі орта есеппен 15% немесе 11 мыңға жуық қызметкерді құрады, ал басқа кәсіпорындарда жалақыны көтеру мәселесі құрылтайшылардың қарауында.

Тұтастай алғанда, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету және кәсіпорындарда ағымдағы және мерзімі өткен жалақы бойынша берешектің жоқтығын ескере отырып, өңірлерде тұрақты әлеуметтік жағдай байқалды.

Кездесуден кейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Энергетика министрлігіне және облыс әкімдіктеріне бірқатар проблемалық мәселелерді шешуде мұнай-газ саласының өкілдерімен ынтымақтастықты нығайтуды тапсырды.

Біріншіден, өндіріс жоспарларын қайта қарау және мұнай бағасының өзгеруіне байланысты дағдарысқа қарсы жол карталарын жасау тапсырылды.

Еңбек міндеттемелерін орындау аясында Ералы Тоғжанов еңбек дауларын болдырмау, жұмыс орындарын сақтау және кәсіпорындардың жұмысшыларына уақытылы жалақы төлеу жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Оның орындалу барысын бақылау Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне жүктелді.

Қазақстанның батыс аймақтарында коронавирус тіркелген жоқ.

ж
Үкімет делегациясының Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарына сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, облыс әкімдеріне жергілікті жерлерде коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.

«Біздің елімізде коронавирустың таралуын болдырмау үшін шұғыл шаралар қабылданғанын білесіздер. Өкінішке қарай, біздің елде коронавирус қаупі туралы ақпарат расталды. Бүгін біздің алдымызда коронавирустық пневмонияға қарсы тұру маңызды міндет болып тұр», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Ақтау, Атырау және Ақтөбеде болған сапар барысында Ералы Тоғжанов коронавирустық инфекциясы бар науқастарға медициналық көмек көрсету үшін медициналық ұйымдардың дайындық деңгейімен және облыстық туберкулезге қарсы диспансерлерінде және жұқпалы ауруханаларда болды.

Аурудың алдын алу үшін еліміздің аймақтарында оқшаулануға арналған ауруханалар тағайындалған. Маңғыстау облысында 60 төсектік Маңғыстау облыстық ауруханасының инфекциялық бөлімі, 280 төсектік облыстық туберкулезге қарсы диспансері (фармацевтикалық аурухана), 70 төсектік Жаңаөзен қаласындағы көпсалалы аурухананың инфекциялық бөлімі бар. Облыста 7 санитарлық карантин пункті бар.

Атырау облысында барлық медициналық нысандар да іске қосылды, шекаралық карантин бекеттері орнатылды, медицина қызметкерлері оқытылып, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, аймақта желдетудің 12 механикалық құрылғысы және 100 орындық оқшауланған ғимарат бар.

Ақтөбе облысында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу шаралары аясында да қажетті шаралар қабылдануда. 130 кереуетке арналған төсек қоры, модернизацияланған материалдық-техникалық базасы бар инфекциялық аурухана, 200 орындық фармацевтикалық аурухана, 500 орындық обсервация жасалды. Мекемелер қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Медицина қызметкерлері оқытылды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қажетті дәрі-дәрмектердің қорын сақтау және медициналық ұйымдарды қажетті медициналық жабдықтармен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, инфекциялық ауруханалардың пациенттерді қабылдауға ертерек дайындығы мен қажет болған жағдайда қосымша орындармен жедел қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аударылады.

Үкімет делегациясының жұмыс сапары Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жалғасады.

Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Премьер-Министрдің басшылығымен елдегі экономикалық жағдайдың дағдарысқа қарсы жоспарын әзірлеу үшін жедел әрекет ету штабы құрылды.

Мемлекет басшысы Үкіметке халық алдындағы барлық міндеттемелерді толығымен орындауды, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды. 13 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация елдің батыс аймақтарына аттанды.