Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Тайталасқа белді бекем буып, ер қаруы – бес қаруды сайлаған тұста таң қылаң бере, күн көкжиекке өрлей түсіп бұлтқа сіңген кезде ақ боз үйде сәби дүниеге келді.
– Қыз ғой, қыз, ырыс алды қыз деген.
– Мейлі кім болса да, анасының жаны аман қалсын.
– Қыз деп кемсітпе, талай қырғын жорықта Жиембет батырдың дем берушісі болған Есенқыз анамыз кімнен кем болыпты? – дескен туыс-туғандар киіз үйдің іргесін түріп ақ таңды шақырып жатқандай еді. Бұл кезде қатты соққан жел басылайын деген.
* * *
– Азамат, сүйінші!
– Қалағаныңды ал, – деген әкесі қуанышты еді.
– Қызың, «әке, атқа мінемін», – деп жатыр.
– «Батыр болсын, батыл болсын, іштен шыққан перзентім ғой».
– Батыр болсын, – деген сөзді әкесінің аузына құдай салды ма, Алмажан туған жерімді, халқымды ерлерше қорғасам арман бар ма, – деп ой түйетін еді.
Расында Азамат қызын ер балаларша тәрбиеледі, сымбатты келбет-көрік пен өмір кеңістігінде жоғалғанын табатындай көзқарас қалыптастырды. Әкенің бір ауыз сөзін анасынан естігені ме, әйтеуір, ерке мінез, ақындық жүрекпен:
Туған жердің қызы едім,
Қадірім бастан кетпеген.
Тепкісін көріп кәуірдің,
Атқа қондым сертпенен,
деген жүрек шымырлатар асқақ үн бірте-бірте қалыптасып, замандастар қатарынан алға шыға берді. Түсінде шошыса анасы қылышпен ұшықтап емдеді, басына қанжар жастады, босағадағы болат тағаға серт етіп, дұғасын оқыды. Ауырса туған жердің жеті түрлі шөбінің қоспасына шомылдырды. Қыз ғой деп үстіне қызыл-жасылды киім, әшекейлерді жолата қоймады, бір түсті киімді бойына жарастырды. Пендені тіміскілейтін тіл-көзді жебенің ұшымен жасқап жүрді.
Ана мейірі қабағына кірбің түсірген жоқ, өмір есігін өкінішсіз ашып, бақытты болуын жатса да, тұрса да тіледі. Ақын қыздың балаң кезінің өзінде жүрек үні қараңғылықты жарып шығып:
Жамандықты күтпеп ем,
Жастықтың албырт шағында.
Атқа қондым сертпенен,
Үстемдікке бағынбай.
Бұл дүниеде тірі өлім,
Кісіге кісі табынған
Ісі түсіп наданға,
Көзін сатып жалынған,
деген өлең жолдары бойын билеп, ойын асқақтатып, қиялын көкке көтергендей болды ма екен? Өршіл ақын Махамбеттің қасиетіне еліктеді ме?
Алмажан жасынан бәйгеге түсті, қыз қуу, көкпар тарту сынды ұлттық өнерлерде де ерекше алғырлығымен танылды. Он беске жетпей-ақ ел қорғаны болар ерлерше тастүйін болып, қыран келбетті таныта бастады.
Дамыл көрмей, жан ұшырған езілгендер Еділ, Жайық бойына орыстардың жаппай қоныстана бастағанына өліспей, беріспеуге бекінулі. Тағаты таусылған қалың топтың жүрек үні:
Үстемдікті талқандау,
Халықтың болды арманы.
Қып-қысқа мына жалғанда,
Еркіндік еді алмағы.
Зіл-батпандай ауырлық,
Патшаның езгі салмағы.
Күнкөрістен айырып,
Байлықты түгел жалмады.
Жоғалғандай құндылық,
Хан билігі аумалы.
Алакөздік, жындылық,
Әзәзіл ойлы жауыздар,
Жігерді тұрды құм қылып.
Атқа қонған қалың қол,
Кек алуды үн қылып.
Исатай бастап барады,
Еркіндікті жыр қылып,
деген алмас қылыштай өткір сөздер халық күйін шертті. 1836-1837 жылдардағы Исатай Тайманов басқарған казақ халқының ұлан-байтақ жері үшін азаттық соғысына Алмажанның әкесі Азамат та қызымен бірге қатысты. Алмажанын ертіп шикі жас ұлы Төрежанның маңдайынан сүйіп, ақ тілекпен аттанды. Ханның жеке қолшоқпары болған би мен төрелерге мүлік есебінен жерді бөлшектеп үлестіргеніне қалай көнсін. Хан сарайындағы Балқы сықылды ұлт сатқындары Еділ бойына орыстардың қала салуын қуанышпен қабылдап, қара халықты орыстың армиялық күшімен езіп-жаншуға от тұтатып, Жәңгірдің колтығына су бүркіп отырды. Тарихи есепте отыз мыңдай үйдің жүз сексен мыңдай халқы болғанға ұқсайды. Солардың көбі – жер-суымен ғана күнкөріс еткен қаратабан шаруалар. Исатай-Махамбет бастаған көтерілісшілердің қылышы қынабынан суырылған сәтте таудың тасындай бір мың қолы болыпты. Ал хан Жәңгір мен орыс әскерінің саны төрт мыңнан асып жығылыпты. Патшаның керегесін шайқалтқан көтеріліс қырғынында төгілген қанға ханның ақылы жетпеді ме, әлде сұс көрсетіп тәж-тақтың беделін арттырғысы келді ме, әлде құзғын көмейге түсетін пайда ма немесе жанындағы жексұрындардың айтақтауы ма, оған төрелік беру – біздің шаруамыз емес. Әйтеуір қан қақсатып кедей-кепшіктің жерін тартып алғандар да, қанға қолын малғандар да қабірінде тек жатты деймісің. «Көріңде өкіргір» деген халық қарғысы тұқым-тұқиянын оңдырды деймісің. Жазықсыздардың киелі қаны көтерілмей тұрмайды, зұлымдықты оңдырмайды. Пенденің адал жолмен өсіп-өнуіне қастандықты Жаратқан кешірмейді. Кінәліні тамұқ отына итере салады. Оны шел басқан көз түсіне ме? Миында Ібілістің айтағы тұрады...
* * *
Байлыққа, қанауға, талауға, қырып-жоюға қымсынбайтын, айылын жыймайтын албасты билер Исатай көтерілісінде қаза тапқан Азаматтың да отбасын ойрандайды. Ерін жоқтап езілген Азаматтың әйелі өзегіне түскен қайғыдан көз жұмады. Жеті жасар Төрежан мен он бес жастағы Алмажанның мал-мүлкін билер талап алады. Оны Алмажан «Жетім қыз» поэмасында былайша суреттейді: «Бұлбұлым ұшып кеткен соң, жарықтан шығып тап болдым, қараңғы тұман түндерге, қас ақымақ болмасаң, өлімге неге күлесің, қайдан білдің, тоғыз би, боларын неден қазаңның? Қадірсіз қызың мен болсам, алдына келсін балаңның. Қызыл тілім сау болса, асықпай жүр, тоғыз би, басыңды бір тығармын, артына өлген анаңның», деген өлең жолдары қараңғы түнді жарып өткен найзағайдай болса керек. Батырлық, өжеттік, кек, қатыгездікпен кешірімсіздікке балайтыны поэманың өн бойында жібектің тініндей берік қиюласқан. Адуын күшке мойынсұнбай, Исатайдың жорығынан тәлім алып, Махамбеттің алмас қылыш жүзіндей өлеңінің мән-мағынасымен суарылып, болаттай қайнап піскен жолдар «Алтын зер салсам жарасар, қара мауыт жағаға, арғымақ жексем жарасар, күймелі күміс шанаға, әке, өзің кеткен соң, атаңа нәлет тоғыз би, қызылы сөнбей сәуленің, жетімге келіп қол салып, дұшпанға қойды табаға», деп төгіліп түрған ыза-кек батырлық туын сөнбейтін жарық жұлдыздай көтерер еді. Кейбір жасық жандай сағы сынып, бүгежектеп тірліктен түңілу поэмада мүлдем жоқ. Аңсаған асқақ ғасырларға кететін арман бар, ел қорғанына әлі жарармын деген ұшқыр қиял бар сарыла сағынған еркіндікке қол жеткіземін деген болаттай берік үміт бар. «Дегеніме келгенше, мекен етіп тұрмадым адыра қалған Нарында «мен» деген қазақ баласы, келешегі артық деуші едім кешегі әкем барында», деп ақ жауындай ерлік жолын өлеңмен төгіп-төгіп өтсе, он бес жасының өзінде таланттың Қазақ аспанында тағы бір айы туғанын сипаттайды.
* * *
Қайғымен басы дал болған Алмажан суға кеткеннің тал қармағанындай, «зұлымдықты тоқтатар Жәңгір хан», деп жеті жастағы інісі Төрежанды ертіп жаяу-жалпы жолға шығады. Азапты сапар әрбір минуты ауырлықпен арпалысып хан сарайына келсе, билері «Ханға кірем десең, пара бер», деп жетімді алқымынан алады. Оны ақын тілімен былайша жеткізеді. «Келіп едім даңқымен, Жәңгір ханның құзырына, күндіз-түні барсаң да, есігім бар кең деген. Қалай еді билері, арызға келген жетімді, жібермей жолдан тоқтатып «параң болса, бер», қоя бер, билер, жөніме, қалжыңдасып тұратын, үйіңдегі жеңге емен», дегені жүрегіңді тырнап өтеді.
Жетімдерін жұбатудың орнына зар қақсатқан хандар мен билер қайбір мұратына жетті дейсің. Ажал жеткенде шыңғырғанын естігендер «жан дауысы шықты», деген сөз қалдырған болар.
«Ханға жақындама қарасы жұғады, биге жақындама бәлесі жұғады», деген ащы сөз сол сұрапыл жылдардағы түңілуден қалды ма екен? Ханнан әділдік күтемін деген Алмажанның бір зұлымнан құтыла алмай басына қара төнген кезде, хан сарайындағы билердің қара жүректігі түңілдірмей қайтеді. Аскақ ақын қыз: «Қараша құс мекендер, қарағай-қайың тал басын, әкекем, өзің кеткесін, атаңа нәлет тоғыз би, ұмытып кетті-ау, Алласын», деуі адам тағдырын шыбын құрлы көрмейтін қанішер жауыздықты Жаратушының жазасына тапсырады. Торыққан жүректің жұбануына демеуші болайық демейді, керісінше қаскөй, зұлымдық иелері әлсіздің тағдырын ойыншық етеді. Соны түсінген Төрежан қарап тұрмай:
Апатай, әне, күн шықты,
Үреймен сонша тұншықтым.
Мына жерде қансорғыш,
Пара сұрар жын шықты,
Тез кетелік, ел қарасына жетелік,
деп тақылдап еді. Онысы Алмажанның өлеңдері Күн сөнгенше тұрарын меңзеп Алла аузына салғаны ма еді. Әйтеуір қара түнекті серпіп күн шығарына пенденің үміті үзілмейді. Үміт, сенім дегенің ажалдан кейін өлсе керек.
Алмажан Азаматқызы Исатай-Махамбет көтерілісінің жеңіліске ұшырап, одан тірі қалғандарының азапты өмірін осылай баяндаған екен.
– Алмажанның «Жетім қыз» поэмасынан басқа да көптеген шығармалары болыпты. Ел аузында да, жазбаша сақталған өлең-жырлары күні кешеге дейін келіпті деседі. Бірақ Орынбор мұрағаттарын ақтарып еркіндік аңсаған күрескер қыздың еңбегін іздеп жарыққа шығарып, жанашырлық көрсету жағы жоқтың қасы, – деп Орынбор қаласындағы «Айқап» газетінің редакторы ақын Аяған Нұрман: «Оян, қазақ, ойлан қазақ, аз емес қой көрген азап, жан-жағыңнан жаулар қамап, тартыс өтті қаншама ұзақ», деп өлеңдете жөнелген еді.
«Қазақ поэзиясының қайталанбас ақ алмасы» делінетін Махамбеттің ізбасарларының бірі – Алмажан Азаматқызының он бесінде от кешіп жүріп айтқан, жазған мұң-шері, төгілген өлең-жырлары бүгінгі ұрпаққа қазақ ұлтым дегізетін, жүрекке жігер беретін, жаныңды ұйытатын өшпес өнеге. Ерліктің құйма шындығы. Ол шындық Әлия, Мәншүктердің екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігімен жалғасып, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінде де қазақ қыздары еркіндік жолында өмірін қиды.
Табыл Құлыяс,
сатирик жазушы