Елбасы • 18 Наурыз, 2020

Қауіпсіздік интеграторы

311 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның жаңа тарихында Нұрсұлтан Назарбаев беделді саяси қайраткерлердің бірегейі ретінде аталатыны белгілі. Бұл Тұңғыш Президенттің саяси мұрасымен тікелей байланысты.

Қауіпсіздік интеграторы

Ең алдымен әлем картасында Қазақстан деген тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы Нұрсұлтан Назарбаев билік еткен кезеңмен байланысты екені еске оралады. Тұңғыш Президент тұсында еліміз халықаралық аренада ойып тұрып орын алды. Содан бері өзін жауапкершілігі жоғары мем­лекет ретінде көрсете алды. Өйт­кені Қазақстанның халықаралық қауіп­сіздікке қосқан үлесі зор. Ядролық қарудан өз еркімізбен бас тарту басқа да мемлекеттерге үлгі болды десек қателеспеспіз. Артықшылықтары мен кемшіліктері сараптала келіп қабылданған шешімдер көп күттірмей өзінің оң нәтижелерін беріп, сенімді ақтады. Осылайша шетелден инвес­тиция алуға мүмкіндік туды. Нақты айтар болсақ, тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан экономикасына шетелден 300 млрд АҚШ доллары шамасында инвестиция тартып үлгерді. Егер посткеңестік мемлекеттермен салыстыратын болсақ, дәл осы тұста көш ілгері тұрғанымыз анық. Жал­пы, бұл Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде экономикалық инте­грациядағы ашық курсын білді-
реді.

Тұңғыш Президент басшылық еткен кезде беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып қана қоймай, оларға төрағалық еттік. ЕЫҚҰ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету – Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін үлкен жетістік.

Бүгінгі таңда сарапшылар арасында еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктері ішкі саясатымызға қарағанда ілгерілеп кеткен деген пікір бар. Мен бұл пікірмен келісемін. Өйткені көпвекторлы саясатты ұстану арқылы өзге мемлекеттермен серіктес бола отырып өзіміздің саясатымызды тиімді жүргіздік.

Қазақстанды геосаясат тұрғысынан көпвекторлы саясат өнерінің майталманы десек болады. Бұны үлкен сеніммен айта аламыз.

Әрине Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін көпвекторлы курс ұтымды ұстаным деуге болады. Елбасының Қазақстанның сыртқы саясатын бір жолға қоюдағы үлесі ерекше. Бәріміз білетіндей, Президент Қ.Тоқаевтың да халықаралық саясаттағы беделі жоғары. Осы орайда сыртқы саясаттағы үлкен сабақтастықты көріп отырмыз.

Қазақстан тәуелсіз ел болғалы Елбасы қашанда Орталық Азия елдерін ынтымақтастыққа шақырып отырды. Оны серіктестік интеграторы деп атасақ болады. Интеграциялық процестерде белсенділік танытқанымен, кейбір кеңестерімізге құлақ аспаған көршілес меммлекеттер де бар. Соның салдарынан аймақта ілгерілеушілік баяу жүрді.

Соңғы  саяси өзгерістердің арқасында Қазақстанның көпжылдық мақсаты жүзеге аса бастады. 2018 жылы Нұр-Сұлтанда өткен Орталық Азия мемлекеттерінің консультативтік кеңесінің алғашқы отырысын алсақ, бұл бірігіп жұмыс істеуге жасалған үлкен қадам. Осы жерде де Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының ерекшелігін ескермесек болмас.

Тек Орталық Азиямен шектеліп қалмай, халықаралық қауіпсіздікте де мүдделі екенімізді білдіре алдық. Атап айтар болсақ, бүгінгі ең өзекті мәселелердің бірі – Сирия дағдарысын реттеуге атсалыстық. «Астана процесі» – аймақта тұрақтылық орнатуға жол ашқан бірден-бір фактор. Мұны БҰҰ да мойындайды. Ендігі кезекте «Астана процесінің» арқасында саяси келісімдер жасауға мүмкіндік ашылып отыр.

Тәуелсіз Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өзін жақсы қырынан көрсете алды. Сонымен бірге еліміз халықаралық қауіпсіздік мәселесінде де сенімді, жауапкершілігі мол серіктес ретінде таныта білді.

 

Жұмабек САРАБЕКОВ,

Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы