1970 жылы шағын ғана ғимаратта ашылған кітапханамыз осы уақыт ішінде тек алға жылжып, заманауи жабдықтармен қамтылып, көптеген ауыз толтырып айта алатын жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Атап айтсақ, керекті кітап қоры, дыбыстық (аудио) таспалар, LED-экранды теледидар, зағиптарды оқытып, үйрететін компьютерлер мұнда жеткілікті.Республика бойынша осындай кітапханалар арасында тұңғыш рет бізде Сoworkinq-орталығы ашылды.
Кітапханада зағип жандар үшін әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Ол мейрамдарға, мерейлі тойларға қарсы өткізіледі. Өз мүмкіндіктеріне қарай осы санаттағы азаматтардың жартысынан көбі кітапхананың оқырмандары.«Ол қалайша?» деген сұрақтың туындауы орынды. Өйткені зағип жандар кітапханаға тек іс-шараларға қатысу үшін ғана емес,өздерінің қуаныштарымен, қайғы-мұңдарымен бөлісуге де келеді. Бұл бір жағынан адамдардың бір-бірі мен жақын араласып, бір отбасы мүшелеріндей боп кеткендігімен де байланысты.Бұл жерде кітапханашылардың еңбегі зор. Олар әрқашан келушілерді қуана қарсы алып, кішіпейілдік, инабаттылық танытады. Ерекше жандарға қамқор болып, баурап алады.
Осы мекемеде жұмыс істейтін жаны жайсаң, көңілдері ашық қызметкерлердің еңбегінің оңай емес екенін айтып өткім келеді. Жоғарыда айтқан іс-шараларды өткізу үшін, оныңдайындығына қанша уақыт талап ететінін біреу білсе, біреу білмейді. Ал осының бәрі көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін жасалады. Олардың жанын түсіну екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, бұл кітапханамызда, тек өз ісінің шебері, зағип жандарға жаны ашитын адамдар еңбек етеді.
Осындай ұжымның жұмысын ұйымдастырып, қызметкерлерінің қалтқысыз еңбек етуі кітапхана басшысы Жамал Кенжебекова бастаған Ләззат Қуантаева, Людмила Артамонова, Әсем Нұрғалиева, Айнагүл Қожаханова секілді мамандарға тікелей байланысты. Осы іскер адамдардан тәлім-тәрбие алған кітапханашыларда өздеріне жүктелген жауапкершілік биігінен табылуда. Қазақ соқырлар қоғамының Павлодар филиалы кітапханамен көптеген шараларды бірлесіп өткізеді. Өйткені мақсатымыз және жоспарларымыз бір.
Балкен ИБРАЕВА
Павлодар