Мемлекет жаңа заманның кадрларын дайындауға ерекше маңыз берді. Ол елдің жетістігі адам капиталымен тығыз байланысты екенін ұдайы айтып келеді. Қазақстанның болашақ ғалымдарының мүмкіндіктерін жаңа белеске шығару үшін тұрақты түрде тың бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осының бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі.
1995 жылы академиктер бірауыздан Елбасын ҰҒА академигі етіп сайлады. Ғылым докторы, профессор дәрежесі бар. Кейіннен ғалымдар Н.Ә.Назарбаевтың ғылыми жұмыстарын, атап айтқанда, Кеңес Одағынан қалған жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өтудің тиімді жолдарын зерттеу арқылы оларды бүтін бір мемлекеттің көлемінде іске асырып, қолданысқа енгізгені үшін 2011 жылы ҰҒА Жалпы жиналысында оған «Ғасыр ғұламасы» атағы мен төсбелгісі тапсырылды. Елбасының нұсқауымен Франция, АҚШ, Ұлыбритания секілді өркениетті елдердің ұлттық ғылым академияларының үлгісіне көштік.
Біз әсіресе, Елбасының түбі бір түркі жұртының ынтымақтастығын арттырып, бірлігін бекемдеуге айбынды үлес қосқанын ерекше айтуымыз керек. Тұтас түркі дүниесі Қазақстанды атажұрт деп есептейді. Оның себебі – көптеген ғасыр бойы бірінші Түрік қағанаты, екінші Түрік қағанаты, одан кейін Алтын Орда, одан соң Ақ Орда – бәрі түркі дүниесінің мемлекеттері болып есептеледі. Сол құрылған мемлекеттердің негізін құрайтын ру-тайпалар кейін Қазақия деген мемлекетті құрды. Тарихтан терең тағылым алған Назарбаев бауырлас халықтардың бірлігін қашан да биік сатыға қойды. 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласын әрі қарай дамыту, жандандыру үшін сол жерде А.Яссауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті ашылды. Ол күндердің барлығы қазір естелікке айналып барады. Кеңес Одағынан бөлінген мемлекеттер тәуелсіздіктің арқасында ұлттық құндылықтарын түгендей бастады. Ташкентте Ислам Каримов Түркістан университетін құрмақшы болды. Егер ол жоба жүзеге асып, Түркістан университеті Өзбекстанның аумағында салынса, онда бұл тарих алдындағы үлкен әділетсіздік болар еді. Түркістан университеті түркі халқының діңгегі, қарашаңырағы болған Қазақстанда, оның ішінде Түркістанда ашылуы керек. Елбасы бұл саясатты өте жақсы түсінді. Мен сол университеттің бірінші ректоры болдым. Сарапшылардың болжамы бойынша дүниеде 240 миллионнан астам түркі бар. Осылардың басын қосу үшін әрбір мемлекетке – қазақ-түрік университетіне квота бердік. Саха Республикасы, Татарстан, Чуваш, Алтай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркиядан студенттер келді. Ондағы мақсатымыз – біздің Елбасымыздың ұсынысымен түркі дүниесінің басын қосу болды.
Тарихтың қилы соқпағынан өткен қиын кезеңге қарамастан мемлекет тізгінін өз қолына алған Тұңғыш Президентіміз өзінің сарабдал саясатының арқасында кемел келешекке керуен тартқан егемен елімізді талай белестен аман алып өтті. Халық сенді. Елбасы ол сенімді ақтай білді. Қиын күндерде мемлекетті аяғынан тік тұрғызды. БҰҰ-ға мүше болдық. Түркі әлемінде де ауызбіршілікті сақтап, жаһанға үлгі болғанымызды жоғарыда айттым. Елбасының үлкен жетістіктерінің бірі – Еуразиялық экономикалық одақты құруы. Бұл идея ұзақ уақыт бойы талқыланып жүрді. Әйтпесе, Ресей өзінің агрессиялық саясатын тоқтатпас еді. Ынтымағы жарасқан елдің түтіні де түзу шығады. Қазақстанның жаңа тарихы басталды. Бұл тарихта Нұрсұлтан Назарбаевтың алатын орны да, рөлі де айрықша!
Жалпы, дүние жүзі Елбасының бейбітшілік жолында жасаған ерлігін жоғары бағалауы тиіс. Бұл Президенттің ғана беделін көтермейді. Қазақ халқының да мерейін үстем ететін дүние. Қазақ халқы – бейбітшіл ел. Болмысының өзі солай. Ешкімді жат деп санамайды. Алыс жолдан жолаушы келе жатса, оны аттан түсіріп, сусын беретін де қазақ. Қонақжай халықтың тіршілігі де мығым, берекесі де мол.
Қазақ халқының беткеұстар тұлғасы, әлемдік дәрежедегі лидер, ұлтымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев нағыз жасампаз қайраткер. Тәуелсіздік тізгінін ұстап, ел билеп, дана да парасатты шешімдер қабылдап, әлем деңгейінде аты мойындалған азаматты қалай ардақтасақ та жарасады.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик