Әдебиет • 19 Наурыз, 2020

Қаулап ертең терекке бүр шығады...

681 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қош келдің, көктем

 

Қатқақ, батпақ, қара дақтан жоқ белгі,

Аппақ, аппақ, «қант» қалықтар көкте енді.

Қыстың кірін «қымтап» жауып, бар әлем

Ақ пейілмен қарсы алуда көктемді.

Қаулап ертең терекке бүр шығады...

 

Бұтақтардың қыр арқасын жолақтап,

Тал-терекке жатыр науат қонақтап.

Сый құлаған сыйқырлы түн сыбырлап,

Дейді маған «қардай таза, бол аппақ!».

 

...Қош келіпсің, күнтізбенің көктемі,

Ақ қар, бәлкім, сәл күрсінген көк демі.

Бір күрсін де, сен де серпіл, көңілім,

Өткен қысқа қалдырып бар өкпені.

 

Ақ қар... Ақ қар...

Ақ – адалдық жаршысы,

Жүрек кірін жушы армансыз, аршышы!

Тілім тоссам, тілек айтып ериді

Тәңір сепкен тазалықтың тамшысы.

 

 Күнтізбеде қыс бітті. Ал, жарандар,

Көңіл көктен көктем күтіп алаңдар.

...Тәңір дәмін таңдайыңмен сезініп,

Тазартшы бір жүрек кірін, адамдар!     

 

Сəл кешіккен сəуірдің күншуағы

Түрлентем деп теректі құлшынады.

Құдіреті-ай Құдайдың, қара да тұр,

Қаулап ертең терекке бүр шығады,

Мен де терек тектеспін, соны ұқ, ғалам,

Мойыта алмас тірліктің мың сынағы.

Тəңір-нұры тамғанда талықсытып,

Тамырымды иітіп жыр шығады.

 

Сауырынан сан мыңдап ғасыр ауған,

Қара жерге қайтадан шашылар дəн.

Сен де дəн сеп кеудеңе ізгіліктен,

Алла сыйын алуға асығар жан.

«Көктесін» деп баршаға көктем берген,

Ниетке сай несібе шашып Аллам.

Жасағанның шабһатты шапағаты,

Жаса,

           Көктем,

                      Ақ ниет,

                             Асыл арман!

 

 Дала көктемі

 

Ерекше бір жұпарды дала бүркіп,

Толқиды аспан, боз бұлттар алабұртып.

Көлді айнала жөңкілген анау қаздар

Көмейінен барады ән ағылтып.

 

Аққу болып жар салып жаңа көктем,

«Гәккулетіп» қанатын қағады еппен.

Алақанат, тоңы еріп үлгермеген

Сағым ойнар қыр жақтан, ана беттен.

 

Жаңалыққа жаңа күн жаршы мына,

Сере-тоңын дөңдердің аршыды да

Сығырайып қарайды, сылқ-сылқ күліп,

Сай қуалай жүгірген қар суына.

 

Бұлт жасауға асығып бу атқаны-ай,

Сіңіп жатыр далаға шуақ талмай.

Қотыр тайдың жонындай жүдеу белде

Ерен жігер ерекше қуат бардай.

 

Олай-бұлай ойқастап бәдік-өкпек,

Өктемдігін әлі де мәлім етпек.

Еміренген төліне енесіндей

Елжірейді ерекше кәрі-көкпек.

 

Қашып шығып қорадан қырқаны асып,

Жылқылар “сүр” көкпекті жүр қажасып.

«Сезімдері» оянған сері-сәурік

Шапқылайды шаршамай, құр таласып.

 

Қылтанақ жоқ көктеген аңғарда әлі,

Күні ертең-ақ қаулайды сарғалдағы.

...Танауын кеп қытықтар көктем исі

Тана-торпақ, тайлардың албардағы.

к

Шіркін, көктем

 

Құйылғанда шуақ-нұр көктен келіп,

Ақырдағы көк құрақ, шөптен жеріп...

Арқасына күн тиген күрең дөнен

Азынауды шығарды өктемденіп. 

 

Деген ой жоқ әурікте күйім арық,

Тұла бойын сезімнің «күйігі» алып.

Қорада тұр қарадай қоқиланып, 

Қаз мойынын доғадай иіп алып.

 

Жазықсыздан жазықсыз жазаланып,

Албарда тұр жануар «азаланып».

Көкем келіп босатты кенет оны,

Қоймаған соң қырсығып, мазаны алып.

 

Жерді тарпып тұяғын қайрап қалып,

Қуатынан көктемнің қайрат тауып.

Көк айғырдың үйірін көздеді де

Шауып кетті қыр жаққа айбаттанып.

 

P.S. Тіршіліктің тамырын бүлкілдеткен,

Жауған шығар нұр-сиқыр мүмкін көктен.

Кеуіп қалған өзекке өмір сыйлап,

Көтеремге күш берген, шіркін, көктем.

 

Құралай салқын

 

Қыдырып жүрсе қыратта нұр-арай шалқып,

Шыдаса нетті ніл аспан жыламай сәл күн.

Шешегін жұлып солдырып қызғалдақтардың

Соғушы еді қыр жақта құралай салқын.

 

Жиыла қалған ене-бұлт иіп қырдағы,

Несібе бұл деп іштен ой түйіп бір бәрі.

Қырылады-ау деп қызғалдақ қамықпас ешкім,

Қуанар аман өргенге киіктің лағы.

 

Майда қылығың айналса майталман жырға,

Арман жоқ әнмен сезімін айта алған ұлда.

Айналаңа үр сән беріп, көз жауын алып

Үлбіреп өстің гүлдей боп жайқалған қырда.

 

Көрген жан сені болғандай абдырап әлек,

Таза едің таңның ұқсайтын ақ нұрына бек.

Жаңа көктеген шағыңда махаббат деген,

Құралай-салқын соқтықты тағдырыңа кеп.

 

Табиғаттың да қызына қысымы көп-ті,

(Әлсіз, нәзікке кім, қашан кішілік етті.)

Төбеден төккен тамшылар сабағыңды отап,

Бүйірден желі гүліңді ұшырып өтті.

 

Тақырға айналып түкті қыр, із қалмақ түгіл,

Сезе алмас ешкім орнында сыздар жатты зіл.

Аз ғана күнгі шуаққа шешегін жайған

Кете де барды құрбан боп қызғалдақ-ғұмыр.

 

Алдамшы деген рас-ау, сірә, жайсаң күн,

Түсінбедім мен, табиғат, бұ қалай салтың?.

Көктемгі шуақ, көк белде төлдеген киік...

Қыз махаббаты. ...Құралай-салқын.

Абылай МАУДАНОВ