Қоғам • 19 Наурыз, 2020

Ақпараттық қоғам дүрбелеңі

522 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұрын бізге мұғалімдер әп-сәтте күшіне еніп, ұласпалы сипат алып шыға келетін тізбекті реакция атом қуатында ғана болады деп түсіндіруші еді. Сөйтсек мұндай жойқын күшке қатерлі ақпарат көзі де ие екен. Қытайдан басталып, қазір дүниені шарпып отырған коронавирус дертіне шалдыққандар саны әзірге жүз мыңнан асып, қайтыс болған адамдар сан алты мыңның үстіне шыққанымен өз тарихында бұдан да зор құқайларды бастан өткерген  жеті миллиард адам баласы бұрын-соңды болмаған дүрбелеңді бастан кешуде.

Ақпараттық қоғам дүрбелеңі

Мәліметтерге қарағанда, қарапайым тұмау түрлерінен жылына жер бетінде орта есеппен 650 мың адам қайтыс болатын көрінеді. Бірақ қазір мұны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бәрі тек коронавирустан қорқады. Қорққанды айтасыз, осы дерт қазір бүкіл Жер шарының халқын көшеден үйлеріне қуып тығып, әлем экономикасын құлатып отыр. Сөйтіп, миллиондаған адамдар қазаға ұшыраған дүниежүзілік соғыс кезінде болмаған сұмдық жағдайдың бейбіт күнде орын алғандығының куәсіміз. Неге бұлай? Әлде адамзаттың жаны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда тәтті бола түсті ме? Әлде осы уақытқа дейін болып келген індеттерден бұл тажалдың беті қатты ма?

Ойлай келсек, олай емес секілді. Сондықтан біз бұл құбылысты күшіне ене бастаған ақпарат заманының адамзатқа жіберген алғашқы үлкен сынағы ретінде қабылдағанды жөн көрдік. Байқап қарасаңыз, ақпараттық қоғамда ел үкіметтеріне үлкен жауапкершілік артылады және қызметтері тәулігіне 24 сағат бойы бақылауда  ұсталады екен. Қазіргі кезең үкіметтері де, міне осы міндет үдесіне сай әрекет етуде.

Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, біздің дәл осы кезеңімізде індеттің өз салмағынан гөрі оның ақпараттық дүрбелең туғызар қуаты әлде қайда зор болып тұр. Мұның өзі ақпараттық қоғамда дүниенің шыны секілді барынша нәзіктеніп, атом бомбасынан ғана емес, бір ауыз жаман сөзден де жарыла салуға бейім тұратындығын көрсетеді. Бұрынғы зұламат ғасырларда адамдар ашаршылықтан жүз мыңдап қайтыс болып, індеттерден миллиондап қырылып жатқанда, аюандық соғыстар халықтарды қанқасап күй кешіргенде былқ етпеген дүниеңіздің коронавирустың атын естіген кезде тізесі дірілдеп, қалай шөккендігін көріп отырмыз. Осының алдында болған вирустық дерттер кезінде бұлай болмап еді. Емі әлі күнге дейін табылмай келе жатқан СПИД өршіген кезде бұлай болмап еді. Ал коронавирустан шекаралар жабылды, өндірістер тоқырады, қызметтер тоқтады, биржалар құлады. Дүние тұмшаланған күйге енді.

Адамзат тарихы туралы кітап жазып, онысы әлемнің 45 тілінде сан миллиондаған тиражбен тараған Юваль Харари 1330 жылдары Орталық Азияның құрғақ даласынан бастау алған оба ауруы Үлкен Азияны кеңінен шарлап,  жиырма жылда Атлант мұхитының жағалауларына дейін жеткендігін, осыдан Еуразия континетінің 200 миллион халқының 75 миллионы қырылғандғын, Англиядағы 3,7 миллион адамның 2,2 миллионы, Флоренциядағы жүз мың адамның тең жартысы қайтыс болғандығын жазады.

«Бұл тұста билік пен халық келген індеттің алдында мүлдем қауқарсыз еді. Олар кеселді тоқтату жөнінде жаратқанға жалбарынып сиынудан басқа түк те істей алмады. Оған қарсы ем қолдану жөнінде әңгіме мүлдем болған да жоқ. Тіпті таяудағы уақыттарға дейін адамдар мұндай жағдайлар үшін жын-шайтандарды кінәлап келді. Бактериялар мен вирустардың болатындығын мүлдем білмеді» деп жазады автор өз кітабында.

Мұнан әрі Юваль Харари Америка мен Австралияға, Тынық мұхит аралдарына еуропалықтар алғаш барған кезде жергілікті аборигендер үшін мұнан да ауыр жағдайлардың орын алғандығын, себебі еуропалық жиһангездерге ілесе барғандар апарған ауруларға қарсы күресер аборигендер бойында иммунитет болмағандығын жазады. Осының салдарынан өздеріне мүлдем беймәлім індет түрлерінен жергілікті халықтың 90 пайызына дейін қырылып қалған жағдайлар кездескен. Ал 1778 жылы капитан Джеймс Кук  Гавай аралдарын ашқан кезде мұнда жарты миллионға жуық адамдар өмір сүріп жатады. Куктың командасындағылар грипп, туберкулез, сифилис ауруларын апарады. Оның соңынан іле-шала келгендер сүзек пен шешекті жеткізеді. Міне, осының салдарынан жергілікті гавайлықтар қынадай қырылып, 500 мың адамның 70 мыңы ғана қалады.

Иә індет аурулары ашаршылық және соғыспен бірге осы уақытқа дейін адамзаттың ең басты қас-жауының бірі болып келді. Соңғы кездері медицинаның, микробиологияның, гендік инженерияның күрт дамуы олардың бетін қайтарды. Бірақ «таяқтың бір ұшын бассаң, екінші ұшы өзіңе тиеді» дегендей аурдың өзінен гөрі енді оның дақпырттық салдарының адамзат үшін қиын тиетіндігін көріп отырмыз. Коронавирус соның піссімілдәсі болар. Біздің ойымызша бұл ақпараттық қоғам қалыптасуының бір белгісі. Әрине, ақпараттық қоғамның жақсылығы өте мол. Сонымен қатар жауапкершілігі де аз болмайтын секілді.