Әдебиет • 20 Наурыз, 2020

Кітапханашылар кімге бағынады?

557 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 27 ақпан күнгі №40 санында шыққан «Ұмыт қалғандар кімнен қорқады?» атты мақалада мектеп кітапханашыларының мәселесін көтергендеріңіз үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Мақалада шындық жазылған. Жаңа жылдан бастап білім мен мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы көтеріліп жатқан кезде мектеп кітапханашыларын ұмытып кетуі нағыз сорақылық емес пе? Сонда біз адам санатына мүлде жатпағанымыз ба?

Кітапханашылар кімге бағынады?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Біз мәде­ниет саласында жұмыс істейтін аза­маттарға жеткілікті түрде кө­­ңіл бөлмей отырмыз. Бұл ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мә­селе. Олардың еңбекақысы соңғы жыл­дары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса ал­май­ды. Мұндай ахуал осы кә­сіп­тің беделін түсіріп, лайықты кадр­лардың тапшылығы ай­қын сезілуде. Келесі жылдан бас­тап Үкімет мәдениет қыз­мет­кер­ле­­рінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек» деген болатын.

Осыдан кейін биылғы қаң­тар айында Премьер-Министр А.Маминнің кітапха­на­лар­да кітап қорының халыққа қол­жетімділігін қамтамасыз ету бо­йынша тікелей қызмет көр­се­тумен байланысты жұмыс­тар үшін 35% үстемеақы төлену туралы қаулысы шықты. Осыған қа­­рамастан Тараз қаласы мек­­теп­­теріндегі кітапхана қыз­мет­­кер­ле­рінің жалақысы көте­ріл­меді.

Жалпы алғанда, мектеп кі­тапханашыларының мәр­те­бесін көтеру мәселесі ақпарат құ­рал­дарында жиі айтылып жүр. Ұлттық кеңес отырысын­да бел­гілі режиссер Ермек Тұр­сы­нов халқымыздың мәдение­тінің төмендігі ұлттық қауіп­сіздігімізге қауіп төндіріп тұр­ғанын ашық айтты. Ал жас­тарды, мектеп оқушыларын мә­дениетке тәрбиелейтін бірден-бір орын – мектеп кітапханасы. Мә­дениет­сіздіктің, кітап оқы­мау­дың салдарынан жастар әр­түрлі ағымдарға кетіп жатыр. Ендеше, жеке пікірі қа­лыптаспаған, жаңа қоғам­ға мүл­де дайын емес, алдына қой­ған мақсаты жоқ, өз ойын жет­кізе алмайтын, интер­нет­ке тәуелді жастар қалай біздің бол­ашағымыз бола алады? Үл­кендерді сыйламау, мемлекет мүл­кіне жанашырлықпен қара­мау, анайы сөздер қолдану, туған жерін ластау, осының бәрі мә­дениетсіздіктің салдары, кітап оқы­­маудың, мемлекеттің кітапхана саласына жіті көңіл бөлмеуінің салдары деп білеміз.

Сондай-ақ мектеп кітапхана­шыларын «Біз мәдениет минис­трлігіне қараймыз ба, әлде білім министрлігіне қараймыз ба?» деген сауал жиі мазалайды. Екі ми­нистрліктен де бізге ешқандай көмек жоқ. Содан ба, мектеп кітап­ханашыларының мәселесі шаш-етектен. Оны кім шешуі керек?

Мысалы, мектепке баспадан келетін оқулықтарды қабылдап алатын қойма жоқ, әр мектептің спорт залына түсіруге мәжбүрміз. Оқулықтарды өзімізге өзіміз таратамыз, осы дұрыс па? Оқу­лық­тар мемлекет мүлкі, оны өз қорымызға алғанға дейін кім жа­уапты? Оқулықтарды мектепке жеткізу мәселесі шешілмей отыр. Кітапханашылар өздерінің мар­дымсыз айлығына көлік жалдап, ақша төлеп оқулықтарды тасуға мәжбүр. Бала саны көп мек­­­тептер жүк машиналарын жал­­дап жатады, олар екі есе көп ақша сұрайтыны белгілі. Мек­тепке оқулықтарды алып келгенде өзіміз ауыр кітаптарды та­суға мәжбүрміз. Өйткені жаз айында мектепте бірен-саран ғана адам болады, олардың ауыр кітаптарды тасуға құлқы жоқ. Сол себепті бүкіл отбасымызбен кітап көтеруге келеміз. Жа­сымыздың келгеніне, әйел әрі денсаулығымызға зиян екеніне қарамастан ауыр кітап­тарды кө­теріп, бүкіл мектеп оқу­шы­ларын оқулықпен қам­тамасыз етіп отырмыз, бірақ мұны елеп жатқан ешкім жоқ. Кейде кітап алу барысында жедел жәрдем шақырамыз. Біреуі­нің жүрегі, біреуінің бүйрегі, б­іреу­дің қан қысымы көтеріліп кетеді.

Оқушыларды оқулықпен түгел қамтамасыз ету үшін кей­де басқа мектептерге барып оқу­лық алуға мәжбүрміз. Оны да біз өз қаражатымызбен әкеле­міз. Оқулықтар келген кезде, біз кезекті еңбек демалысында жүр­генімізге қарамастан, жылда 5-10 күн ерте жұмысқа шығамыз, демалыс, мерекеге қарамастан кітап тасуға мәжбүрміз. Оған ақы да төленбейді, демалыс та берілмейді. Бұл Еңбек кодексіне сай емес екені бәрімізге мәлім. Ауыр кітаптарды тасып, денсау­лы­ғымызға келіп жатқан зиянды ескере отырып кезекті демалысымызды 30 күннен 45 күнге дейін ұзартуын сұраймыз.

Абонементте оқырмандарға қызмет көрсету, үйге кітап оқуға беру, жас ерекшелігі мен психологиясын ескере отырып кітап ұсыну (бала психологиясына кері әсерін беретін кітаптар кез­де­суі мүмкін) осы жұмыстың бәрін өз күшімізбен атқаруға мәж­бүрміз. Бала саны 1500-2500 мыңнан асатын мектептердің кітапханашыларына бұл үлкен жүктеме. Осы орайда бала саны көп мектеп кітапханашыларына 0,5 жүктеме қосылуы керек. Кі­тапхана жұмысының зияны бір бөлек, ауыр зат көтеретініміз, кі­таптың шаңы, т.б. оған төлене­тін көмек те қысқартылып отыр.

Қазіргі жастар кітапханашы болғылары келмейді. Айлығы аз, болашағы жоқ мамандық еш­кімді қызықтырмайды. Кітап­ханашыларға арналған кітап­хана саласындағы инновация­лар, кітапты жарнамалаудың жаңа тәсілдері, ағылшын тілін мең­геру, латын әліпбиін үйре­ну, т.б. біліктілікті арттыру курс­­тары мүлде жоқ. Кітап­ха­на­­шылар қоғамда болып жат­­­қан жаңалықтардан кейін қалып отыр, оның сыры неде? Әдістемелік құралдар жоқ, кітап­хана құжаттары орысша. Әр кітапханашы өз бетімен құ­жат жасап жұмыс істеуде. Стан­дарттар сақталмаған.

Сосын кітапхана жұмысын тексерушілердің арнайы білімі жоқ. Тексеру барысында нені тексеріп, нені талап етіп отырғаны түсініксіз. Жергілікті кәсіподақ ұйымында кітапханашылардың мүддесін қорғайтын бірде-бір кітапханашы жоқ. Көптеген мектепте кітап­ха­наның жағдайы мүлде мүшкіл: суық бөлмелерде отырады, жи­һаздары ескірген, компьютер және көшірме аппараттарымен жабдықталмаған. Оның үстіне көркем-әдеби кі­тап­тар алмағалы 7-8 жыл бол­ды. Кітапхана қорын ата-ана­лардың, оқушылардың, қала тұр­­ғындарының көмегі арқы­лы тол­тыруға мәжбүрміз. Одан қала берді кітап­хана­шыларды әртүрлі себеппен қоғамдық орындарға жұм­сайды. Тіпті, кейбір мектепте қабырға әктеу, сырлау, еден жуу сияқты жұ­мыс­тар­ды істе­теді. Бұл әрине, біздің негізгі жұ­­­мы­сымызды атқаруға кедергі келтіреді.

Білім және ғылым минис­трлігінің мектептерде 5 күн­дік оқу аптасын енгізу мәсе­ле­сіне байланысты мектеп кітап­ханаларында жұмыс уақы­тын сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін ұзар­­тып, 5 күндік жұмыс кесте­сіне көшіруді сұраймыз. Кітап­ханада өтетін іс-шараларға, қор­ды сақтауға байланысты химия­лық жуғыш заттарға, кеңсе тауар­ларына және кітапхананы безен­діруге қаражат мүлде бөлінбейді.

Біз мектеп кітапханашы­ла­ры­­ның осынау мәселесін Жам­был облыстық кәсіподақ ұйымы мен Білім және ғылым министрі А.Ай­мағамбетовтің атына жаз­дық. Бі­­рақ ешқандай жауап болмады. Олар біздің мүддемізді қорғағысы кел­мейді. Енді біз не істеуіміз керек?

 

Құрметпен, Тараз қаласы мектептерінің кітапханашылары