Руханият • 20 Наурыз, 2020

Бір уыс топырақ

1008 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақ таңда көзімді ашып, теледидарды қосып қалып, естіген жаңалығымның бірінен денем түршікті. Осыдан біраз жыл бұрын Түркия әуе­жайындағы болған бір жайт есіме түсті.

Бір уыс топырақ

Анталиядан Алматыға ұшқа­лы тұрмыз. Бір әйел қолы­на сирек өсетін әдемі гүлдің кіш­ке­не өскінін пластик стақанға отырғызып, орап алып барады екен. Әуежай қызметкері шекарашы формасын киген азаматты сол жерге шақырып алды да, өз тілдерінде бір нәрсе деді. Ол азамат жолаушы әйел қолынан гүлді алып, қағазға шығарып, гүлдің сабағын ғана орап, жолау­шы әйелге ұстатты да, бір уыс топырақты түсіріп алып қалды. Сол сурет те менің жан дүниемді астаң-кестең еткені бар.

Туған жердің бір уыс топы­ра­ғы! Оның бір адымы үшін ата-бабам басын құрбандыққа шал­ды емес пе?! «Өлсем, сүйе­гім­ді еліме апар» деген өсиетті талай ұрпақ атасынан естіп өсті емес пе?! Қолына қалам ұстаған әр ақынның алғаш жыры туған жерге арналады емес пе?!

Туған жер! Атамекен! Жер-Ана! Осыдан өткен адамда қым­бат не болуы мүмкін?

Біз бүгін ұрпағымызға үлгі етіп айтатын қыран құс балапанын да сатамыз. Ұлы даланың рухы – қыран бейнесін көк туға неге салдық? Соны ойлауға қабі­леті жетпейтін жігітті кім өсір­ген? Ондай намыссыз адам ше­карамызда неге жүр? Намыс деген сөзді естімей өскен жан екен ғой. Біз сонда қайда қарап жүрміз, не үшін мәз боламыз? Сан сұрақтың астында қалдым. Осынша ұзақ ғұмырым текке өткендей құлазып отырмын. Егіліп жылап, о дүниедегі анама хат жазып, өлең арнаймын. Оны кім оқып жатыр?

Иә, біз бүгін мектепте «Қазақ әдебиеті» сабағын өз дәрежесінде оқыта алмай отырмыз. Жазушы шығармасын да оқыта алмаймыз. Ата-аналардың өзі оқуды доғарды. «Ағылшын, орыс тіл­де­рін білсін, ақша есептеуді білсін, сол екеуі жер басып жү­ру­ге жетеді» деген ұғымды сана­ға сіңіріп алған сияқтымыз. Ал Туған жер, Атамекен, Ұлы Дала, Намыс, Абырой дегенді айту сиреп барады. Оның басты бұлағы – әдебиет пен қазақ ақыны.

Биыл 175 жасқа толған ойшыл-ақын, данышпан Абай жы­­рын оясызға ұқтыру да оңай болмай келеді. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген ақын нені өсиет етті? Оны ұққандар аз болып тұр. Бүкіл қазаққа емес, өз руына ұл болып жүргендер қаншама? Сонда Ұлы Дала тағдырын, ұрпақ намысын кім ойламақ? Бүгінгі тәрбие мен білім саласына үлкен сілкініс қажет-ау.

Қыран балапаны! Ата-баба қан төгіп қорғаған туған д­ала кө­гіндегі қыранмен оның балапаны! Ол өз балаң сияқты ғой. Олар өз аспанында самғап ұшуы керек, өз балаң да өз ме­ке­нінде еркін өмір сүруі керек. Ал қыран көрмеген ұл ол мінезді қайдан үйренсін?! Қыран балапанын сатып жүрген адамның өсірген баласы да өзі сияқты болары сөзсіз. «Ұяңда не көрсең, ұш­қанда соны ілерсің» деген халқымыз. Бір ауыз сөзбен беріл­ген әділ баға.

Астанадан теледидардан есті­ген жаңалығым аздай, таңғы пош­тамен келген газеттерді алдым. Ескі әдетім бойынша бәрін түгел ашып, бастан-аяқ шолып шықтым. Интернеттен оқыған бір бөлек, мен үшін өз көзіммен газеттерді ашып, қарап шығу – ежелгі әдетім. Өзім сүйіп жырлап, көшіп келіп, шырылдап, сырласып жатқан Ақжайықтың өзінен шығатын газет – «Орал өңірі». Суретте кесілген киік­тер­дің мүйізі үюлі жатыр. Ту­ған даласының ерке еліктерін аямай қырып, мүйізін кесіп отыр­ғандарды адам деу­ге аузым бар­майды. Тағы да жан дүнием дүрбелеңге түсті. Шіркін-ай, атамекенде еркін жортып жүрген киік туған даланың байлығы мен көркі емес пе еді?! Осындай сұлулыққа да оқ атуға болады екен-ау. Жәудіреген жанарларын сөндіруге қалай ғана дәті барды екен? Бұл мүйіздер ертең өсер ұрпақтың мұрасындай сақталуы керек еді ғой. Туған жер алдында, ұрпақ алдында жауап­кер­шілігі жоқ неткен жа­уыз пен­де­лер­дің ісі екен бұл?

Иә, олар да мектепте, не үйін­де туған жер деген ұлы ұғым жай­лы ештеңе естімегендер-ау. Туған ел, атамекен қасиетін сез­беген сорлылар ғой. Оларды да өсіріп, оқытып шығарған біз­дің қоғам ба сонда? Ендеше, ата­мекен алдында түгелдей күнә­һар сияқтымыз-ау деген ой келді маған. «Бір күні киесі ұра­ды» деген сөзді ата-бабам сес­кендіру үшін, ойлану үшін, қор­қыту үшін қолданатын еді ғой. Ал біз әр нәрсенің киесі барын жеткілікті айтпай жүрген шы­ғар­мыз, бәлкім?! Туған жерді, Атамекенді, Жер-Ананы, Отанды сү­йетін келешек жастарды бе­сік­­тен тәрбиелеуді еске сала­тын идео­логия бұл күнде ауа­дай қажет.

Әр таңда теледидардан айтылатын ән, көрсетілетін көрініс туған жерге деген сүйіс­пен­ші­лік­тен басталса ғой, шіркін! Бе­сік­тегі сәбиге айтылатын әлди әні де содан басталса, бәрі түзе­лер, бәлкім... Туған жерге тағзым мен ұлы махаббат – біздің ұлт ұрпағының қанында бар нәрсе. Ол жоғалып кетуі мүмкін емес. Ендеше, осы далада туғандар оның тағдырына бейжай қарамауы керек. Бабадан қалған мұрамыз, әкелер аманаты – ұлы даланың қыраны мен киігі түгілі оның бір уыс топырағын да сүюге тиіспіз!

 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты