Елбасы • 20 Наурыз, 2020

Сабақтастық жолы адастырмайды

245 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақстан – бүгінде халықаралық қоғамдастықтан өзгелермен терезесі тең ел ретінде ойып тұрып орын алған, мойындалған мемлекет. Егемен елдің көшін бас­тап, алға жетелеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елінің атын жер жаһанға жайды. Қашанда бірегей бастамаларымен, батыл қадамдарымен ерекшеленген Тұңғыш Президенттің Қазақстандағы билік транзитін бейбіт жолмен өткізген тарихи шешімі дүние жүзін таңғалдырды. Осынау оқиғаны басында алаң көңілмен қабылдаған қалың жұрт бүгінде бұл тағдыршешті қадамның дұрыстығына көз жеткізіп отыр. Елбасының ұсынуымен, халықтың таңдауымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстаған қазіргі уақытта Қазақстанда саяси сабақтастық салтанат құрып, тұрақты даму бағытынан айныған жоқ.

Сабақтастық жолы адастырмайды

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

 

Басты ұстаным – көпвекторлы саясат

Тәуелсіздік алғанына көп бола қоймаса да, ерте есейіп еңсесін тіктеген еліміздің талай халықаралық ірі іс-шараларда төбе көрсетуі, біраз елдің басын біріктірген беделді ұйымдарға төрағалық етуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі қайраткер екенін көрсетеді. Халықаралық көлемде тығырыққа тіреген қандай күрмеуі қиын күрделі мәселе болсын, Тұңғыш Президент қашанда бейжай қалмай, тыңнан ой қозғап, жаңа идеяларын алға тартты.

Көреген көшбасшының Тәуелсіз Қа­зақстанның тарихындағы ең үлкен еңбек­терінің бірі азаттықтың асыл мұра­тындай жаңа елорданы салуы болды. Елбасының тақыр жерден таңғажайып қала тұрғызғаны елдің еңсесін көтеріп, әлеуетін күшейтуге зор серпін берді. Аз уақыттың ішінде ажары ашылған жаңа астана Қазақстанның саяси қаласы ғана емес, дүниежүзілік текетірестерге төбе би болған, ерегіскенді елдестірген халықаралық дипломатияның бітімгер ордасына айналған. Осынау сән-салтанаты келіскен, абыройы асқан паң қала бүгінде Нұр-Сұлтан деп аталады.

Тұңғыш Президент алдағы даму бағдарымыз айқындалатын тарихи кезеңде түрлі салада сынап көрген, осы күнге дейін әдепті, әділетті, елдестіргіш, парасатты тұлға ретінде танылған Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор сенім білдірді. Бұл таңдауы Президент сайлауы кезінде халықтың ойымен бір жерден шықты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұс­танған көпвекторлы саясатының нәти­жесінде Қазақстан халықаралық аренада ұстанымын нығайтып, бейбітшіл және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде орнықты. Осы бағытты уақыт талабына сай жал­ғастыру Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев ұсынған жаңа сыртқы саясат­тың 2020-2030 жылдарға арналған тұжы­рымдамасында көзделіп отыр. Аталған құжатқа сәйкес, халықаралық аренадағы еліміздің басым бағыттары белгіленді.

Еліміз сыртқы саясатты сындарлы әрі белсенді жүзеге асырып, қауіпсіздік, ын­тымақтастық және даму салаларында жа­һандық және өңірлік күн тәртібін қалып­тастыру мен іске асыруға ерекше үлес қосып келеді. Осы орайда, ұлттық мүд­дені қорғай отырып, сыртқы саяси және экономикалық басымдықтарды ілге­рі­летуге басты назар аударылатыны белгілі.

Тұжырымдамада осы мәселелер кеңі­нен қарастырылған. Еліміздің страте­гиялық саяси мақсаты ретінде тәуелсіз­дікті, мемлекеттің егемендігін және аумақ­тық тұтастығын нығайту, сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтау көздел­мек. Сондай-ақ Орталық Азияда Қазақстанның көшбасшылық орнын нығайту және ұзақ мерзімді мүдделеріне ерекше екпін беріледі.

Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық және өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отырғанын халықаралық қоғамдастық әлдеқашан мойындады. Тұжырымдамада бұл бағытқа да назар аударылмақ. Сонымен қатар шет мемлекеттермен екіжақты және көпжақты форматта достық, өзара тиімді қарым-қатынасты сақтау, мемлекетаралық бірлестіктер және халықаралық ұйымдармен кешенді өзара іс-қимылды дамыту қарастырылған.

Қ.Тоқаев Сайлауалды бағдарла­ма­сында көпвекторлық саясат қағидасын ұстана отырып, стратегиялық серіктес елдер – Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия мемлекеттерімен, Еуропалық одақ, Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерімен тең, достық қарым-қатынасты, сонымен қатар БҰҰ, ТМД, ЕАЭО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК секілді басқа да халықаралық ұйымдармен байланысты нығайта түсетінін мәлімдеген-ді. Осында айтылған уәделер жүзеге аса бастады.

 Тату көршілік – табысты дамудың жолы

Қ.Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы шетелдік сапары Ресейден басталды. Мұның себептері жетерлік: әлемде құрлықтағы ең ұзын ортақ шекара, бір экономикалық ұйым аясындағы одақтастық, көрші, стратегиялық әріптес. Қазақстанның сауда айналымындағы Ресейдің меншікті үлесі 19 пайызды құрайды. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Елімізде ресейліктер қаржы құйған 9 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп отыр. Мұның бәрі, әрине ескерілді.

Осы орайда, Ресей президенті Вла­димир Путиннің Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Мемлекет басшысы ретінде Ресейге ал­ғашқы сапарына символдық мән бергенін айта кеткен жөн. «Сіз қарым-қатынасымыздың деңгейін білесіз және өзіңіз де бұған көп үлес қостыңыз...  Сіздің бүгінгі сапарыңыз кең ауқымдағы екіжақты одақтастық байланыстарымызды нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», деген еді В.Путин.

Екінші шетелдік сапар Ташкентте жалғасты. Өзбекстан – бауырлас мемлекет әрі Орталық Азиядағы халқы ең көп ел. Іргелес жатқан мемлекеттердің «ауылы аралас, қойы қоралас». Экономикалық байланыс та жаңа кезеңге қадам басып келеді. Мәселен, былтыр тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жетті. Өзбекстанға сапар барысында оның көлемін 5 миллиард долларға жеткізуге уағдаласты. Сондай-ақ 2019 жыл Қазақстанның Өзбек­стандағы жылы болып жарияланды. Бұл – екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді.

Сыртқы саясаттың тұжырым­дама­сын­да азиялық қауіпсіздіктің түйінді мәсе­лелерін шешуге екпін берілген. Оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) қауіпсіздік пен даму бойынша өңірлік ұйымға айналдыру арқылы кешенді тәсілдерін іздеу жанданбақ.

Мемлекет басшысы ретіндегі келесі са­парлардың Қырғызстан мен Тәжік­станда жалғасуының маңызы да осында. Біріншіден, Бішкекте Шанхай ынты­мақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Бүгінде ШЫҰ халықаралық аренада айта­ры бар іргелі ұйымға айналғаны белгілі. Қазіргі таңда оған Еуразия құрлы­ғын­дағы көптеген мемлекет мүшелікке өтті. Бішкектегі жиында ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақ­тылығы талқыланды. Қазіргідей алма­ғайып заманда аймақтағы тыныштық кім-кімге де керек. Қысқаша айтқанда, ұйым саммиттерінің Қазақстан сыртқы саясатындағы алар орны ерекше.

Бұдан бөлек, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы мен «Астана» халық­аралық қаржы орталығы мемо­ран­думға қол қойды. Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековпен, ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен, сондай-ақ Ауғанстан Ислам Республикасының президенті Мұхаммед Ашраф Ғанимен екіжақты кездесулер өткізді.

Ал Душанбеде Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің кезекті саммитіне қатысты. Соны­мен қатар Қатар әмірі Тамим бен Хамад Әл Танимен, Тәжікстан Респуб­ликасының президенті Эмомали Рах­монмен, Түркия Республикасының прези­денті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті.

Тұжырымдамада көрші мемлекеттермен одақтастық қатынастарды, жан-жақты стратегиялық әріптестікті кеңейтуге басымдық беріледі. Әсіресе Қытай, Ресей, Орталық Азия мемлекеттерімен стратегиялық қарым-қатынастың маңызы зор. Мұндай басымдықты ілгерілетуге Президенттің шетелге сапарында ерекше назар аударылғаны белгілі.

Мәселен, Қ.Тоқаев Қытайға мемле­кеттік сапармен барып қайтты. Мұның да өз себебі бар. Қытай – көршілес жат­қан, әлемнің алып экономикасының бірі. Елімізге келетін тауардың басым бөлі­гі де осы елге тиесілі. Қытай – Қазақстанның сыртқы сауда және экономика саласындағы аса ірі серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4 пайызға артып, 12 мил­лиард дол­ларға жетті. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қа­зақстанға 20 миллиард долларға жуық ин­вестиция салды. Қазақстан арқылы Қытай және Азияның басқа да елдерін Еуропамен, сондай-ақ Таяу Шығыс­пен байланыстыратын 5 темір жол және 6 халықаралық автокөлік жолы өтеді. Бұл Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктерді 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазақстан жоғары сапалы бидай экспорты бойынша әлемдегі алдыңғы 10 елдің қатарына кіретіні мәлім. Қытайға сапар барысында осы бағытты жандандыру мәселесі айтылды. Былтыр Қытайға экспортталған бидай көлемі 550 мың тоннаға жетті. Енді оны 3,5 есеге, яғни 2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға әлеуетіміз жетеді. Сондай-ақ жылына 100 мың тоннаға дейін ас тұзын, сүт өнімдерін, құс етін, сиыр етін, қой етін, шошқа етін, ұн, дәнді және бұршақ, майлы дақылдар жеткізуге мүмкіндік бар. Мұның бәрі екі ел арасындағы көп деңгейлі қарым-қатынастың біте қайнасқанын көрсетсе керек. Осы сапар барысында инфрақұрылым, сауда, инвестиция, қаржы, ауыл шаруашылығы, технология салаларын қамтитын бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

Мемлекет басшысы «экологиялық таза азық-түлік өндірісін ұлғайтып, Қытай нарығына шығаруға ниетті» екенін атап өтті. Ендеше, сыртқы саясаттағы қадамдар мемлекетімізге, ұлттық бизнес­ке, әр азаматқа нақты пайдасын тигізеді деп айтсақ қателеспейміз.

 Салаларды ілгерілетуге серпін берген сапар

Президент шетелге сапары барысында елімізге инвестиция тартуды басты назарда ұстағанын мынадан байқауға болады. Қ.Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары барысында көптеген ауқымды келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және инвестиция сала­ларындағы өзара іс-қимылдар мен ынты­мақтастыққа ерекше назар аударылды.

Сыртқы саяси байланыс көрші мемлекеттермен ғана емес, алыс шетелмен де жасалатыны айтпаса да түсінікті. Әсіресе Еуропалық одақпен (ЕО) және оған мүше мемлекеттермен кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңызы ерекше. Сыртқы саясаттың тұжырымдамасында бұған да екпін берілген. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің Еуропа елдеріне жасаған сапары жоғарыда аталған мәселені ілгерілетуге арналғаны анық аңғарылады.

Германияға сапары кезінде екіжақты байланыстарды жандандыруға және стратегиялық экономикалық серіктестік орнату перспективаларына баса мән берілді. Сондай-ақ білім, ғылым және мәдениет салаларындағы өзара ықпалдастық мәселесі сөз болды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен конференциясының аясында өткен өңірлік қауіпсіздік мәселесі бойынша «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» панельдік пікірталасында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайында өзінің ой-пікірін ортаға салды.

Алыстан ат терлетіп, мұхит асып келген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның арнайы Ақордаға келуі де көп нәрсені аңғартса керек. Әлемдік үстемдігін нығайтуды көздейтін Ақ үй үшін Ресей мен Қытайдың ортасында қоныс тепкен Қазақстан Орталық Азиядағы стратегиялық сенімді серіктес. Әр сөзін мұқият сөйлейтін Майк Помпеоның елімізде қолға алынған сая­си реформалар туралы жылы пікірін білдіріп, оның іске асуына сәттілік тілеуі көп нәрсені аңғартады.

Қ.Тоқаев өзінің Сайлауалды бағдар­ла­масында да, ұлықтау рәсіміндегі сөйлеген сөзінде де бейбітшіл, теңгерімді, сындарлы сыртқы саясат жүргізетінін айтып өткен-тұғын. Сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, мәдени, гуманитарлық салаларда ұлттық мүддені қорғайтынын да мәлімдеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұның алғышарттары жасалды. Бұған елордада өткен кездесулерде де куә болдық.

Мемлекет басшысы бүгінге дейін көптеген шетелдік қонақпен кездес­кен екен. Осы орайда, Мемлекет басшысының кездесулері екі бағытта өрбігенін айта кеткен жөн. Біріншісі – саяси бағдар. Яғни АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Дэвид Хэйл, Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері, Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Петер Буриан, АҚШ конгрессмендері Девин Нуньес пен Рик Кроуфордпен кездесу арқылы прагматикалық, конструктивті, көпвекторлы сыртқы саяси бағытымызды жалғастыра беретінімізді байқатты.

Мемлекет басшысының тағы бір ерекшелігі – қоғамдағы жағдайға бейжай қарамайды. Мәселен, Қытайда сотталған Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайды елімізге қайтару мәселесі әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Президент елімізге сапармен келген Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі Ян Цзечимен әңгімелесу барысында Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына қатысты мәселені тағы да көтергенін айта кеткен жөн. Қ.Тоқаев былтырғы қыркүйек айында Бейжіңге жасаған сапарында ҚХР басшылығын Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне гуманизммен қарап, оны Қазақстанға қайтару мәселесіне ықпал етуге шақырды. Бұл да төлқұжаттың бірінші бетінде жазылған «Қазақстанның әр азаматы қорғалады» деген ұғымға Президенттің берік екенін анық аңғартады.

Екінші бағыт – инвестициялық-экономикалық бағдар. Қазіргі таңда әлем елдері оқшау, ешкіммен араласпай өмір сүре алмайтыны белгілі. Халықаралық аренада ұлттық мүддемізді қатаң сақтап әрі қорғай отырып, инвестициялық сая­сат жүргізудің маңызы зор. Қазақстан әлемде өзін бейбітсүйгіш, ашық, сенімді мемлекет ретінде үлкен беделге ие және халықаралық істерде жауапты серіктес ретінде танылды. Қ.Тоқаев Сайлауалды бағдарламасында елімізге инвестициялар тартуда Қазақстанның осы уақытқа дейінгі халықаралық сенімін тиімді пайдаланатынын жеткізген-тұғын. Осы бағытты одан әрі жалғастыру үшін Мемлекет басшысы Францияның Экономика және қаржы министрі Бруно Ле Мэр, Дүниежүзілік банктің вице-президенті Сирил Мюллер, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар секілді әлемдік экономикаға ықпалды тұлғалар мен «Anadolu Group» компаниясының президенті Тунджай Озильхан, ExxonMobil Production Com­pany президенті Нил Даффин, «Шеврон» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уирт секілді елімізге инвестиция салған компаниялар өкілдерін қабылдап, алдағы даму бағытымызды түсіндіріп берді.

Жалпы, Президент жариялаған жаңа сыртқы саясаттың тұжырымдамасы 2020-2030 жылдарға арналса да, оны тиімді жүргізу әлдеқашан басталды деп нық сеніммен айта аламыз. Қ.Тоқаев сырт­қы саясатта Қазақстанның геосаяси жағ­дайынан туған, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген көпвекторлы саясаттың сабақтастығын жалғастыра беретінін іс жүзінде көрсетті. Сыртқы саясат саласында бір жыл ішінде атқарылған  шаралар осының айғағы деп айтуға болады.

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»