Аймақтар • 20 Наурыз, 2020

Келешектегі кәсіпкерлікке қадам

234 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педа­го­гикалық университетінде Бизнес – инкубатор U – Smart инновациялық орталығының құрылғанына бір жыл болды. Бұл аса көп уақыт емес, бірақ орталыққа студенттер жиі жиналады. Білім соңында жүрген студенттің мақсаты көп. Бүгінгі жастар күнделікті дәріс тыңдап, соның аясында ғана семинар сабақтарына дайындалуды місе тұтпайды. Ұстаздықты қалап келген студент білім алумен бірге өз кәсібін ашуды да армандайды. Ал арман шарқ ұрып ізденгенде ғана қол жетер биік екенін әр студент жақсы түсінеді. Білім ордасындағы Бизнес – инкубатор U – Smart инновациялық орталығы осыған мүмкіндік жасап отыр.

Келешектегі кәсіпкерлікке қадам

Студенттер арасында өзінің қызықты бастама­ла­рын кәсіпке айналдыруды ойлайтын, оны түрлі бай­қауларға салып, бағын сынап көргендер де аз емес. Диа­на Темірханова болашақ кәсі­бін білім беру саласы аясында дамытқысы келеді. Ол қа­зірдің өзінде Қазақстан мә­де­ниеті туралы ағылшын ті­­лінде мультфильмдер серия­сын жасады. Павлодар қала­сын­да өткен еліміздің жо­ғары оқу орын­да­рының ректор­лар ке­ңе­сін­де жобаны қар­жы­ландыруға ұсы­ныс берді.

– Мақсатым, жобадан табыс табу емес, балдырғандарға ағыл­шын тілін үйретудің тиімді жолын табу және туған өлкенің табиғатын, халқымыздың салт-дәс­түрін, мәдениетін жас кезінен баланың құлағына құю, жүрегіне жеткізуге талпыныс болатын, – дейді жоба авторы Диана Темірханова. Сонымен қатар болашақ ұстаздар Анна Сероус пен Диана Савина да болашақта кәсібін білім беру саласымен байланыс­­­тыруды ойлайды. Қыздардың Амикус чат деп аталатын жобасы әлеу­меттік желіге таңылып, оның теріс әсерінің салқынына тап бол­­ған жасөспірім балаларға пси­­хологиялық көмекке келеді. Жоба авторлары бірнеше рет бай­қауларға қатысып, жеңімпаз атанды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен Tech Central, Алматы қа­ласында өткен Asia ZhasCamp бай­қауларында акселерациялық бағ­дарламаларға қатысып, фи­нал­ға жетуі оларды қанаттандыра түс­ті.

– Біздің студенттер кәсіп­керлікке талпынғанда, мұның оларға болашақтағы табыс көзі болуы белгілі жайт. Бірақ жас­тарға да, қоғамға да олардың та­бысқа жетуге дейінгі ізденіс жол­дары өте маңызды дер едім. Өйткені біздің резиденттеріміз қоғамдағы өзгерістерді, эконо­миканы, әлеуметтік саланы хал-қадерінше зерттей отырып, өмірдің барлық саласынан өзекті деген тақырыпты таңдайды. Сол бойынша ұтымды идеяларын ортаға салады. Ал өздері жа­саған жобамен конкурстарға қатыс­қанда, студенттер көтерген мәселелер іріктеліп, ең қажеттісі ғана қаржыландырылу арқылы өмірге жолдама алады, – дейді университеттегі Бизнес – инкубатор U – Smart орталығы ком­мер­цияландыру офисінің жетек­шісі Наталья Соловьева.

Қазір білім ордасының Биз­нес-инкубатор орталығы 19 бі­лім бағдарламасы өкілдерін, 50 ре­зидентті қамтып отыр. Олар­дың күшімен 20 жоба жү­­зе­ге асырылады. Оқумен қа­тар кәсіпкерлікке талпынған жастардың ізденістері де әр­алуан­дығымен сүйсінтеді. Оның арасында тек қызмет көр­сету ғана емес, өнеркәсіптегі өң­­деуге, жалпы қолданыстағы тұр­­мыстық тауарлар мен азық-тү­­лік өндіруге ұмтылыстар да бар.

 

Нәзира СЫРОВА

 

ҚОСТАНАЙ