Экономика • 20 Наурыз, 2020

Кедергі жемқорлыққа итермелейді

177 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтырдан бері Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің басшылығы сыбайлас жемқорлыққа қатысты арнайы мониторинг жүргізіп келеді. Әлеуметтік зерттеу барысында 6 мыңға жуық кәсіпкер арасында сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде, Батыс Қазақстан мен Қызылорда облыстары, Ақтау мен Атырау қалалары жемқорлық өршіп тұрған аймақтар санатына ілінді.

Кедергі жемқорлыққа итермелейді

Шолудың негізгі тәсілдерін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жасаған. Олар кәсіпкерлерге түрлі сауал да­йындап, неліктен парақорлыққа баратынын анықтаған. Мәселен, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Ал­маты, Павлодар, Ақмола, Сол­түстік Қазақстан облыстары жә­не Алматы, Шымкент қала­ларында жемқорлық деңгейі орташа болса, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қостанай, Қарағанды, Шы­ғыс Қазақстан облыстарында көрсеткіш төмен.

 Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов соңғы жыл­дары кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа тартылу деңгейі 16 пайызға төмендегенін жеткізді.

– Зерттеу еліміздің барлық өңірінде жүргізілді. Шағын және орта бизнес өкілдеріне 70-ке тар­та сауал қойылды. Нәтиже осындай. Дегенмен, мемлекеттік орган өкілдері арасында жем­қорлық өте көп. Олардың тара­пынан орын алған кез келген әрекет тексеріліп отырады. 2017 жыл­мен салыстырғанда заң­ға сәйкес жұмыс істеген және өз мүдделерін заңды тәр­тіп­пен қор­ғауды қалайтын кәсіп­кер­лердің үлесі 4 пайызға артты. Бұл аз болса да жақсы көрсеткіш, – дейді Р.Жүрсінов.

Оның айтуынша, сыбайлас жем­қорлықтың негізгі себебі – ша­ғын және орта бизнес өкілдерінің құқықтық сауатының төмендігі. Олар кәсіп жолында кез­дескен кедергілерді заңды жолмен шешу мүмкіндігінен бей­хабар. Әрбір бесінші адам нор­мативтiк-құқықтық актiлердің өзекті ақпараттары қолжетімсіз екенін тілге тиек еткен. Әрі қо­сымша ақы төлесе түйткіл те­зірек шешіледі деген оймен осын­дай қадамдарға баратынын жа­сыр­маған.

Бүгінде шенеуніктердің кә­сіп­­­керлерді бопсалауы ең өт­кір түйткілдердің бірі. Сұх­бат кезінде көбіне осындай жағ­дай­ларға мысал келтіріліпті. Бұл туралы «Стра­­тегия» әлеу­меттік және сая­­си зерттеулер ор­та­лығы» қо­ғам­­дық қорының пре­зиденті Гүл­мира Илеуова айтты.

– Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалау 4 балдық шкала бойынша жүргізілді. Еліміздегі мемлекеттік орган өкіл­­­дерінің 49 пайызы мен кәсіп­керлердің 36 пайызы пара­қор­лыққа себепкер болған. Бұл 2018 жылға қарағанда бір­шама жо­ғары көрсеткіш. Жем­қор ше­­­неуніктерге қатысты қол­да­ны­латын жазалау шараларын қа­таң­датуды талап еткен кә­сіп­керлер үлесі өзгеріссіз қалып отыр, – дейді Г.Илеуова.

2018 жылмен салыстырғанда былтыр параның орташа мөл­шері 205 мың теңгеге артқан. Параның төмен көрсеткіштері Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыс­тарында тір­келіп отыр. Ең көбі Ақтөбе, Қа­ра­ғанды, Алматы облыстары мен Алматы және Нұр-Сұлтан қа­лаларында – 100 мың мен 200 мың теңге арасында.

Бір қызығы, парақорлық аз өңірлерде пара мөлшері жо­ғары, ал парақорлық өршіп тұр­ған жерлерде керісінше. Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­­мыл агенттігінің Превенция де­­пар­­таментінің басшысы Анар Жарова:

– Мемлекеттік сатып алулар басқармасында, кедендік қыз­метте және көліктік бақылау инс­пекциясында жемқорлық жиі орын алады. Экология саласында да осы жағдай. Біз сауал барысында мемлекеттік қыз­меткерлер мәселені шешуді әдейі созатынын байқадық. Бір өкініштісі, бұл бір үлкен дерт секілді. Жыл сайын алдымыздан шығады да отырады. Соңғы 12 айда құрылыс саласындағы мемлекеттік органдармен 10 компанияның біреуі ғана қарым-қатынас жасаған. Әрбір үшінші кәсіпкердің мәсе­лесі парамен шешілген, – дейді А.Жарова.

Қазіргі таңда кәсіпкерлердің құқықтық сауатын арттыру жө­ніндегі жұмыстарды кеңейту шаралары жүргізіліп жатыр.

 

Мұхтар КҮМІСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»