Біз жалпы, қадым замандардан бері бір-бірімен қалжыңы орынды жарасқан, жөн-жосықты жақсы білетін жоралы ел едік. Бұрынғылар «Айтқан жерде пәле жоқ», «Қара жер хабар бермесін» деп аузынан шыққан әр сөзіне қарауыл қойып сөйлейтін. Бүгінде сол дәстүр далада қалғандай. Дауасыз дертті қалжыңға айналдырып, әлеуметтік желінің бетінде желпінген жұртты көріп жағамызды ұстап, жүдеп қалғанымыз рас. Бүгінде адамзатты алаңдатып отырған аты жоқ індет қырықтан астам қандасымызды қармағына іліндіріп үлгергенін сезінер түріміз көрінбейді. Дауасыз дертке шалдыққандардың отбасына, ең бірінші өздеріне оңай тиіп жатпағанын ойлар пиғылымыз байқалмайды. Бір сөзбен айтқанда әзілдейтін кезді тапқан екенбіз. Не болса соны айтып, орынсыз қылжағымызды оңды-солды сілтеп, дүние дүрлігіп жатса да мысқылдауымызды қояр мысқалдай түріміз жоқ.
Осындайда ауылына келген аты жоқ аурудың залалы мен зардабын қамсыз қазақ әлі де толық сезінбей отыр ма деген ойға қаласың. Бәлкім халықтың көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым өкілдері, ғалымдары алдымен індеттен төнетін қауіп-қатерді түсінікті тілмен жалпақ жұртқа тәпсірлеуі керек пе еді? Бұны айтып отырған себебіміз, М.Әуезовтің «Абай жолы» романында Абай қаладағы жақын досы Павловқа жолығып, бұл обадан ел қалай сақтануын сұрайды. Сонда Павлов салт-дәстүр болса да, жаназаға халықты жинап, ас беруді уақытша доғара тұруды мәслихат етеді. Дәл осы сөзді жұма намазға жиналған қауымға жеткізуін Абай қала мешітінің халфесі Сармоллаға айттырады. Ел ішіндегі саудагерлер тіпті Сармолланы өлтіруден де тайынбайтын мінез көрсетіп жатады. Бұл жағдайларды Абай да естиді. Ол халық көп болатын базарға барып, өзі де үгіт жүргізе бастайды. Жалпы Абай өмір сүрген дәуірден дамып, өркениет көшіне өздігімен қосылып кеткен жеріміз жоқ сияқты. Сол соқыр сенім, сол ашкөз пиғыл, сол дарақы, даңғой мінез бойымызда артпаса, арылды деуге келмейді. Атын айтуға ауыз бармайтын індет іргесіне келгенше қылжаққа айналдырып, әлеуметтік желіде желігін баса алмай отырғандардың саны сирер емес. Реті келсе келемеждеп, сақтық шараларынан саяси астар іздеп, ірткі салушылардың қарасы тіпті қалың. Бағаны аспандатып, ары жығыл десе бері жығылып жатқандар тағы бар. Не істемек керек. Жер бетіне бір адамнан тараған жұқпалы дерт жаһанды жалмап келеді. Ұлт болып ұйысып, ел болып есімізді жинайтын сәт баяғыда келді. Бауыржан Момышұлы атамыз «Тәртіпке бағынған құл болмайды» депті. Ендеше, отбасымызды осы қатерден қорғап, Отанымызға тигізер пайдамыз қане?
Оны қойып, дауасыз дертті дабырайтып әнге қосқан әумесер әуесқойлар шерулеп шықты. Жуырда Еуропаның бірнеше еліне сапарлағанымызда композициясы бөлек бір-біріне ұқсас ескерткіштерге көзіміз көп түсті. Бұл ескерткіштер не мағына білдіреді дегенімізде, олардың обадан құрбан болған еуропалықтардың рухтарына құрмет белгісі ретінде бой көтергенін білдік. Мәдениеті, әдебиеті, өнері дамыған елдердің осындай ізгі қағидаларынан үлгі алып жатқан біз жоқ. Арзан атаққа ажалдың үстімен жүгіріп бара жатқандай бейбастақ тірлікке қарап қарының ашады. Ән шығарып, өлең арнағылары келіп бара жатса, бүгінде жер бетін жайпап, қаншама адамды құрбан қылған індеттің атын шақырып емес, сол дерттен көз жұмғандардың рухына тағзым етер өлмес туынды дүниеге әкелсін... Тіпті біз айтып отырған бейталанттар өздерінің өрескел өресіздігін бәдік көшіру деп бәлсінетінін байқадық. Бәдік қайда, басқа қайда?..
Рас, қазақ баласы жаппай тараған індетті тура атымен атамай, оны дәстүрге сай бақсы, балгерлердің тылсым ишарасымен аластап отырған. Бірақ, жаманат шақырып атын атауды құптамаған. Адамды опат қылатын ауру аттарын ескі наным бойынша, тікелей атаса жұғады деп сенген. Айталық, қазақ даласын жапырып кеткен шешек ауруының атын тура атамай, «әулие», «қорасан», «мейман», «қонақ» деп жұмсартқан.
Біз құсап:
«Коронавирус кет, кет, кет,
Коронавирус нет, нет, нет» деп елге күлкі болған жоқ.
Бұл – қатерлі індет. Атын дабырайтып айқайлап, жамандыққа жақтаушы болудан сақ болғанымыз жөн.
Сөз екі ұшты десек, қалжың да – сөз. Қалжыңның да қалтарысында қатер бар. Шипасы табылмаған дертке ұшырап жатқан шарасыздарды қалжыңмен емес, қамқор көңілмен делбей білейік, ендеше.
Мирас АСАН,
«Egemen Qazaqstan»