Қоғам • 22 Наурыз, 2020

Ұлттық мейрам ұпайымызды қайтсе түгендейді?

478 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Күн мен түн теңеліп, тіршілік біткен шаттыққа кенеліп, Ұлы даланың тұс-тұсында ұлан-асыр тойға ұласатын Ұлыстың ұлы күні жалпыұлттық мейрамға айналған. Ықылым заманнан ырысымыз бен ынтымағымыздың ұйытқысы саналатын Наурыз мерекесі – жаңару мен жаңғырудың нышаны іспеттес. Тұрлаусыз уақыт ағымымен түрленіп отыратын төрткүл дүниеде әр халықтың төл мерекесі тамырынан ажырамай, заманына сай жаңаша сипат алып, жаңғырып отырады. Осы тұрғыда Наурыздың қазіргі насихатына тоқталып, салт-дәстүрімізді дәріптеу, ұлық мейрамды ұлықтау хақында ойымызды ортаға салып, сөз қозғауды жөн көрдік.

Ұлттық мейрам ұпайымызды қайтсе түгендейді?

Суретті түсірген Ерлан Омар, «EQ»

Ұлттық экономиканы молайтудың тетігі

Жасыратыны жоқ, Наурыз дегенде ойға бірден ақшаңқан киіз үйлер, түрлі халықтардың ұлттық тағамдары, сан алуан өрнектермен менмұндалаған дәстүрлі киім киген адамдар келеді. Қазір көпшіліктің түсінігінде Ұлыс­тың ұлы күні туралы осындай пікір қа­лыптасқан. Рас, әз Наурыз еліміз­дегі ұлт­тар мен этностардың бірлігін нығай­татын театрландырылған байқаудың деңгейінде ғана дәріптеліп жүр. Бірақ біле білсеңіз, ұлттық мейрам – ұлттық қазынаны да молайтудың тетігі. Қалай? Анықтап көрейік.

Алысқа бармай-ақ көршілес Қытайды мысалға алайық. Былтыр Аспанасты елінде ішкі туризмнен түскен кіріс ай­налымы 513,9 млрд юань немесе ша­мамен 76 млрд АҚШ долларына жетті. ҚХР мәдениет және туризм минис­трлігі келтіргендей, бұл табыстың дені шығыс күнтізбесі бойынша тойланатын қытайлықтардың дәстүрлі «көктем мере­кесіне» тиесілі. Ханзулықтар осы датаны жылдың басы ретінде тойлап келеді. Синьхуа агенттігінің мәліметінше, 2019 жылы мерекелік демалыстарда ел бо­йынша 415 млн адам саяхаттап үлгерген. Жауапты министрлік жүргізген сауал­дамаға сәйкес, туристер мәдени іс-шара­ларға басымдық беріпті. Саяхатқа келгендердің шамамен 40%-ы музейлерді аралаған.

2018 жылы «көктем мерекесі» кезінде 386 млн ішкі саяхат жасалып, мем­лекет қазынасына 475 млрд юань түскен. Өкінішке қарай, биыл бұл межеге жетудің өзі қытайлықтарға қиялға айналғандай. Себебі Хубэй аймағынан шыққан коронавирус пандемиясы елдің туризміне балта шапқандай әсер еткені даусыз.

Дәстүрлі мерекенің артықшылы­ғын бразилиялықтар мен италиялықтар ұтым­ды пайдаланып келеді десек ар­тық емес. Мәселен, дүние жүзіне әй­гілі Рио-де-Жанейро карнавалын кө­руге жыл сайын 1,5-2 млн турист ке­­ліп жүр. Бұдан түсетін табыстың мөл­­шері 1 млрд доллардың айна­ласында. Бұл орайда Бразилиядағы карнавал 1928 жылдан өтіп келе жатқанын айта ке­тейік. Мерекенің басты нышаны – «Мар­киз де Сапукаи» алаңындағы оннан аса самба би мектебінің конкурстық шеруі. Мың бұралған бишілердің өнерін тамашалаудың құны – 30-900 доллар шамасында. VIP орындардың бағасы 2 мың долларға дейін жетіп қалады.

Латынамерикалықтардан италия­лықтар да қалыспай келеді. Нақты айт­сақ, Венеция карнавалы 40 жылдан бері дәстүрін үзбей өткізіп жүр. Екі аптаға созылатын мерекелік ше­ру қала бюджетін 40 млн еуроға тол­тырады. Жалпы кіріс айналымы – 50-65 млн еуроның төңірегінде. Дәстүрлі карнавалда Венециядағы туристердің саны 40%-ға ұлғайып, 900 мың адамға жуықтайды.

Наурызға тоқталсақ, оның қызылды-жасылды карнавалдан артықшылығы еш кем емес. Бұл – еуропалық event ком­панияның менеджері, поляк азаматы Влацлав Войцехтің пікірі. Ол үш жыл қатарынан отандық компаниялардың шақыруымен Қазақстанға келіп, ха­лық­­аралық деңгейдегі жиындарды ұйым­дастырумен айналысқан. Сондай сапардың бірінде оған Наурыз мерекесін көрудің сәті бұйырған. Бірақ біз ойла­ғандай Нұр-Сұлтан немесе Алматы сын­ды алып шаһарда емес, Қарқаралы ауда­нына қарасты Егіндібұлақ ауылында жаңару мейрамының барлық ажарына қанық болғанын айтады шетелдік.

– Қазақтардың бұл мерекені тойлау­­дағы ерекшеліктері көп екен. Түсін­генім, қыс бойы бір-бірімен көріспеген жақын адамдар Наурызда көрісіп, көк­­темге есен-саулықта жеткен­дері­не риза­­шылықтарын білдіреді. Бұдан басқа философиялық, сондай-ақ астро­номия­лық ерекшеліктері қы­зық­ты. Ұлт­тық ойындар, дәстүрлі ас мәзірі, адам­дар арасындағы қа­рым-қаты­нас мәде­ниеті бұл күннің этнос­тық коло­ритін әспеттейтіні сөзсіз. Осы ар­қылы туристік кластерді жолға қоюға әбден болады, деді В.Войцех. Оның пі­кірінше, орта­лық алаңға екі-үш киіз үй тігіп, кавказ халық­тарының кәуабын сатумен ұпайымыз түгенделе қоймас.

– Бұл жерде әлеуметтік фактордың ықпалы күштірек сынды. Себебі қала халқы күнкөрістің қамымен тез ба­йып кеткісі келеді. Түсінемін, нарық­тық қатынас, оның үстіне мұндай мере­­келік сәтті ешкім жібергісі жоқ. Соған қарамастан, ұлттық құндылықты жоғалт­­пау басты мұрат болуы тиіс деп санай­мын. Қуантарлығы, ауылдарда мұндай көрініс жоқтың қасы. Яғни бәрі риясыз, таза ниетпен тойлайды. Құпияның сыры қонақжайлықта жат­са керек. Оның кіршіксіз көрінісі провинцияда сақталғандай сезіледі. Осыны жоғалтпау керек. Бұл жерде мынаны түсін­ген дұрыс. Шетелдік ту­ристі заманауи инфрақұрылымы дамыған қала­лармен таңғалдыру қиын. Бүгінгі турист «экологиялық арына» нұқ­сан келмеген, тұмса табиғатымен ерекшеленетін аймақтарға құштар. Сол секілді боямасыз ұлттық мәдениет – қай заманда болсын баға жетпес құндылық. Мысалы, құсбегілікті алайық. Білуімше, бұл өнер тек қазақ пен қырғыз халқында бар. Десе де Қазақстанда кәнігі құсбегілердің қатары аз емес. Бір ғана Айшолпан есімді бүркітші қызды көру үшін Моңғолияға мыңдаған турист сапар шегеді. Неге Қазақстан бұл бағытты қолға алмайды? Наурыздағы ас мәзірдің өзі – бір бөлек тақырып. Демек, гастрономиялық туризмнің кең етек алуына мүмкіндік бар, – деді еуропалық маман.

Осы ретте туристік агенттіктерге ха­бар­ласып, аталған мәселеге қатысты маманның пікірін білдік. Туризм ме­неджері Әсем Науанқызының сөзіне сүйенсек, Наурызды отандық туризм бренді деңгейіне көтеруге болады. Тек бұл іске мүдделі тараптар жұмыла кірісуі тиіс. Өйткені Наурыз тұрмақ тұтастай туризм саласы елімізде тұралап тұр. Оның сыры мемлекеттік органдар, бизнес және осы салаға қатысы бар басқа да ұйымдардың жекелей жұмыс істеуінде жатыр дейді сарапшы.

– Еліміздегі туроператорлар сыртқы туризммен қатар ішкі туризмді де да­мытуға мүдделі. Бірақ оған бірқатар фактор әсер ететінін естен шығармауымыз керек. Ол – инфрақұрылымнан бастап, медицинаға дейін қамтылатын ауқымды мәселе. Елімізге сырттан ағылатын ту­­рис­тердің қатарын көбейту үшін құс­­бе­­гілердің құрылтайын өткізуді қол­ға ал­ған едік. Бастама жаман бол­ған жоқ. Бірақ дедлайнға келгенде, лайық­ты қонақүйлердің тапшылығы бай­қалды. Бар болғанның өзінде орын саны аз. Осыған орай кәсіпкерлермен кез­­десіп, қызмет көрсету сапасын жо­ғары­­латуға ұсыныс тастадық. Өз тара­­пы­­мыз­дан клиенттердің санын көбей­ту­ге уәде бердік. Кәсіпкерлердің айтар уә­жі, банктер қонақүй ісін да­мыту­ға не­сие бермейді. Берсе де па­йыз­дық мөлшер­леме тым жоғары. Мем­лекет­тік органдар қол ұшын созуға құлық­сыз дейді іскер­лік қауымдастық өкіл­дері. Әрі қарай не айтуға болады? Бұдан қалды туристік маршруттар 2GIS қосым­шасында қам­тылмаған. Ауызды құр шөппен сүртуге де болмайды. Қадамдар жаса­лып жатыр, бірақ жеткіліксіз. Қазақ­станның бұл ба­ғытта әлеуеті зор. Неге десеңіз, адам аяғы тимеген жер­лер елімізде жетерлік. Сол табиғи жауһар­лары­мызды Наурыз арқылы дәріптеу сөзсіз ұтымды болады, – деді Ә.Науанқызы.

Наурыздың экрандағы насихаты кемшін

Ұлттық құндылықтарға дендеп бет қойып, ұлық мейрамның бар қа­дыр-қасиетін өскелең ұрпақ бойына сіңіру һәм жалпы жаңару мен жандану, түрлену мен түлеу мейрамы – әз Наурызды жалпыұлттық, тіпті жалпы­адамзаттық сипатқа ұластыру үшін өнер тіліне де басымдық беру, әсіресе бүгінгі жаһандану заманында кезек күттірмейтін мәселе болуы керек деп есеп­тейміз. Өйткені өнерде өмір бар. Адам­зат атаулыны бір мұрат, ортақ көз­қарас, ұранға біріктірерлік ғаламат идео­логиялық қуатқа ие.

Айталық Жаңа жылды Эльдар Ря­зановтың «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен» («Ирония судьбы или с легким паром») фильмінсіз елестете аласыз ба?! Болмаса С.Маршактың «Жыл он екі ай», П.Чайковскийдің ғаламат музыкасына құрылған «Жаңғақшаққыш және тышқандар патшасы» («Щелкунчик и мышиный король») сияқты кішкентай көрермен түгілі, ересек сізді экран алдына байлап қоятын қызықты анимациялық туындыларға деген сағыныштың өзі кез келгенімізге Жаңа жылдың келуін асыға күттіретіндей. Себебі мұнда әр­қай­сымыздың өзімізге ғана тиесілі, бағаға байланбайтын балалық шағымыз, әдемі естеліктеріміз жатыр. Жыл аяқ­талып, күнтізбенің жаңа парағы ашылар осы бір өліара шақтың ерекше ыстық болу сырының бір қыры, бәлкім осында да жатса керек.

Наурыз айы келгенде қазақ телеви­зиясы мен театр сахналарында қо­йылатын балаларға арналған фильм­дер мен спектакльдерді санамалап, байқап-бағдарлап көргендегі біздің түйгеніміз – Наурыз мейрамын көгілдір экранда насихаттау көп жағдайда «Қазақ­фильм» киностудиясы ертеректе түсірген «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа», «Алпамыс мектепке барады» сынды көркем туындылар мен бірді-екілі ұлттық дәстүр турасындағы деректі фильмді көрсетумен шектеледі екен. Ал анимация төңірегінде тарқатылар түйткіл тіпті көп. Себебі 5 мың жылдық тарихы бар, көнеден жеткен көшпенділер төл мерекесінің мән-маңызын кино тілін­де толыққанды ашып, әспеттейтін көркем туынды бүгінде жоқтың қасы.

Әрине бірден «жоқ» деп кесіп айту әділетсіз болады. Сондықтан «жоқтың қасы» деп жұмсақ жеткізіп отырмыз. Өйткені соңғы уақытта «САҚ-жебе» киностудиясының «Қошқар мен теке», «Қазақфильм» өнімі – «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» анимациялық фильмдері жалпы қазақы қалып, ұлттық болмысы­мызды көрсетудегі тәп-тәуір туындылар. Бірақ тақырып аясы Наурыздан алшақ. Ал біздің айтқымыз, жеткізгіміз келгені – ұлттық кинематографияда әз Наурыздың қадыр-қасиетін әспеттейтін нағыз көркем туындылар өмірге келсе деген тілектен тарқатылады.

Әлі есте, бала күнімізде Ұлыстың ұлы күні жақындай бастағаннан-ақ экраннан қайталап берілетін «Жануарлардың жыл басына таласуы», «Дастарқан», «Қадырдың бақыты» немесе режиссер Сламбек Тәуекел түсірген «Әз Наурыз» атты көркем һәм деректі туындыларды «көкжәшіктің» алдында тапжылмай отырып тамашалайтынбыз. Сол кезде ғаламтордың дәмін әлі татып көрмеген, ауылда көрсетілетін бар-жоғы екі арнаны күллі әлемге балайтын балғын сана одан артық ұлттық фильмнің тууы мүмкін екеніне сенбеуі заңды да еді. Алайда әлемді алақанына салып ба­қылайтын, Голливудтың заманауи үлгі­дегі жарқ-жұрқ еткен озық туындыларын жарыққа шығысымен жарыса көретін бүгінгі балдырғандардың енді сол «Қадырдың бақыты» немесе «Жануарлардың жыл басына таласуы» мультфильмдерін таласа тамаша­лауы былай тұрсын, тіпті менсіне қоюы екіталай. Ол – анық. Осыны ойға алғанда, еріксіз ұлттық анимация айналасындағы күрмеуі шешілмеген мәселелерге қайта ораламыз.

Сөз басында ресейлік режиссер Эльдар Рязанов пен «Союзмултьфильм» студиясы өнімдері, арғысы америкалық Walt Disney киностудиясы туындыларына бекер тоқталған жоқпыз. Төл Жаңа жылымызға көркемдік тұрғыдан жаңаша бағытта көз тігетін уақыттың әлдеқашан туғанын жеткізгіміз келді. Өйткені әз Наурыздың өскелең ұрпақты ұлттық рух пен жалпы ізгілік, мейірім қасиеттеріне тәрбиелеудегі ықпалы зор. Әр жоралғысы өмірдің ұлы философиясына негізделген Ұлыстың ұлы күнінің ұла­ғаты жастар үшін адамгершілік акаде­миясы деп атауға толық татитын тама­ша тәрбие мектебі екені сөзсіз. Мәсе­лен, күн мен түннің теңелуі немесе жыл басына таласқан жан-жануарлар оқиғасынан бастап, барлық балдырған асыға күтетін жаңажылдық Аяз ата бейнесінен кем түспейтін Қыдыр ата туралы аңыз-әпсаналар мен Амал – Көрісу айының төңірегінен тарқатылатын түрлі сенім-нанымдар, жалпы Наурыздың мән-маңызын ашатын ғибратқа толы оқиғалар көркемдік кілтін таба алса, фильмге сұранып тұрған дап-дайын сюжеттер. Жалғыз-ақ кілтипан – хроно­логиялық баяндау мен қолға түскен деректерді фильмнің өн бойына жүйелі-жүйесіз кіріктіруден алшақ әкетіп, оқи­ғаны нақты бір драматургиялық шие­леніске құрып, тың формаларға негіз­деп, кино тілінің талаптарына сай қызықты етіп сөйлете білсе, ұлттық кинематографиямыздың сөзсіз жаңа белеске көтерілері анық. Тек соны қазақы табиғатқа сай төл тілімізде сөйлетіп, әз Наурызды жаһандық деңгейдегі ұлық мейрам деңгейіне шығара алатын рухты режиссер табылса, қанеки?!

Наурыздың ортақ нышанын бекіту керек

Өздеріңіз байқағандай, наурыз мерекесін тойлау жаңаша көзқарасты талап етеді. Түркі әлемінің киелі те­мір­қазығы саналатын Түркістанның «тоғызыншы территорияда» екенін, жарты әлемді жаулаған ғұн мен сақ­тың Ұлы далада мекендегенін ескерсек, Қа­зақстанның наурыз мерекесінің ор­та­лығы саналуына толық негіз бар. Мұның тиімді тұсын жоғарыда айт­­тық. Наурызды Қытайдың жаңа жылы, Бразилия карнавалы, немістің «Октоберфесті» секілді жер-жаһандық мерекеге айналдыруға мүмкіндік мол. Осы орайда Наурыз тойын әлемдік деңгейге көтеру үшін бірқатар бағытта жұмыс атқарылуы тиіс.

Бірінші, мерекенің символикалық мәнін ашып, ұмыт қалған көптеген дәстүрді қайта жаңғырту қажет. Тарихи деректерге сүйенсек, ертеде қағандар төске балға ұрып, көрік қыздырып, алау жағып, қобыздың үнімен Наурызды қарсы алады екен.

Балғамен төс соғу тарихы ежелгі «Ергенеқон» дастанымен тығыз байланысты. Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарихынан» бізге жеткен әпсанаға жүгінсек, әйгілі Оғыз ханның нәсілінен тараған Елханның елі шапқыншылыққа түсіп, Алтайдың баурайындағы Ерге­неқон шатқалына тығылып, аман қа­лады. Тар шатқалда өсіп-өнген халық төрт ғасыр бойы тапжылмайды. Ақыры шығар жол іздеп, осы Наурыз айында таудың темірмен құрсалған бөлігін жетпіс қараның бүтіндей сыпырылған терісінен жасалған жетпіс көрікпен от жағып ерітіп, Көкбөрінің жол бастауымен етекке түсіп, елін азат етеді.

Осылайша Ергенеқоннан шыққан күнін жыл сайын Наурызда тойлай бас­тайды. Жаңғыру мен жаңарудың бұл мейрамын «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Түркі хандарының, одан бері Шыңғыс ханның тұсында Ұлыстың ұлы күні от жағып, көрік басып, балғамен төс соғып, темір балқыту салты – сол аңызға сәйкес құрылған дәстүр.

Наурыздың рәмізі ретінде төс пен балға қолданудың тағы бір себебі байыр­ғы баһадүр бабаларымыз ұста бол­ған. Олар темір қорытып, тұтас Еура­зия кеңіс­тігіне үстемдік жүргізген. Атты тағалап мінді, Тақты да, қылышты да, тәжді де асыл заттардан жасаған. Төс те, балға да халқымызда қастерлі ұғым болып есептеледі. Көрік балқытып, төсті соғу – үлкен ырым. Ендеше, Наурыздың басы ретінде төске балға соғылып, қобыз­дың күйі естілсе, байырғы баба­лары­мызбен үндестіре түсетін жаңа сипат­қа айналмақ.

Сондай-ақ Наурыздың кезінде «Ұйқыа­шар, «Селт еткізер» деген секілді дәс­түрді қайта жаңғырту да мерекенің ажа­рын аша түспек. Ұлыстың ұлы күні күн мен түн теңеледі. Сондықтан халқы­мыз осы түнді ұйықтамай қарсы алып, арай­лап атқан аппақ таңды, шуақты алтын күнді алғашқылардың бірі болып көру­ді жақсылыққа жорыған. Осындай кезең­де жігіттер жағы қыздарға «Селт еткізер» ұсынса, қыздар жігіттерге «Ұйқыашар» берген.

Екінші бағыттағы жұмыс Ұлыстың ұлы күнін барша түркі әлеміне ортақ той етуге арналуы тиіс. Яғни Батыс пен Шығысқа созылып жатқан түркі ұлыстары мен мемлекеттері бірлесе мерекелеуі де Наурызға жаңа серпін бермек. Қазіргі таңда әр ел Наурыз мерекесін түрліше тойлап жүр.

Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Қыр­ғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Түрік­менстан, Әзербайжан республикалары және Татарстан Наурыз мерекесін «ұлттық мейрам» ретінде жариялады. 1991 жылы Түркияда да бұл күн түркі әлеміне ортақ күн ретінде жарияланды. Әйтсе де, Наурыз – Анадолыда ресми мереке емес, жұмыс күні.

Осыдан келіп тағы бір мәселе туын­дайды. Наурыз мерекесі кезінде берілетін демалыс күндерін көбейту керек. Біздің ұсынысымыз – Амал күні, яғни 14 наурыздан бастап мереке екі аптаға созылса. Осы уақыт аралығында Наурызды тойлаудың үлкен жоспары жасалып, жоғарыда айтылған балғамен төс ұру деген секілді рәсімдер орындалса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Қазіргі таңда шартараптың түк­пір-түкпіріндегі туристерді заманауи ғима­ратпен, жалт-жұлт еткен қала­мен қызықтыру қиын. Оның үстіне, бүгін­гінің жиһанкездері көне жәдігерлер мен тарихи дәстүрлерге ерекше мән бере­ді. Төс пен балғаны Наурыздың сим­воликалық мәні ету арқылы біз шетелдік туристерді де қызықтырамыз әрі ұлттық дәстүрді қайта жаңғыртамыз.

 

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

Назерке ЖҰМАБАЙ,

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»