Тарих • 21 Наурыз, 2020

Наурызбай

230 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1990 жылдың 7 сәуірі. Осы күні Баянауыл ауылының ор­талық алаңында Наурыз мере­кесі екінші рет тойланыпты. Әр совхоздан үздік шыққан өнер ұжымдары келіп ойын көрсетіпті.

Наурызбай

Сол кезде Баянауыл сов­хозы­ның комсомол ұйымының же­текшісі қызметін атқаратын Әсет Жармағамбетовке Қожа­на­сыр рөлін ойнау жүктелді. Ал­ғаш­қы мерекеде де осы рөлді сәтті алып шыққан әуесқой актер бұл жолы да ерекше да­йын­дал­ды. Өткір әзілдерін, ұтым­ды қал­жың­дарын, астарлы сөз­дерін әзірледі.

Әне-міне дегенше орталық алаңда үлкен думан басталады. Жауапты рөлге бекітілген актер алаңға баруға ерте қамданады. Бірақ...

Сол «бірағын» «Қожекеңнің» өз аузынан тыңдайық:

«Сол жылы біз тұңғышы­мыз­ды күтіп жүрген едік. Нау­рыз мерекесі тойланар күні, таңғы сағат 7-лер шамасында жұбайым Айгүлдің толғағы бас­талды. Сасқанымнан, «Нау­рыз мерекесі өтіп алсын. Шы­дай тұр!» деппін. Бірақ үйдегі анам сезіп қойып, келінін тез­детіп перзентханаға жеткізу ке­ректігін айтты. Мен анам мен жарымды перзетханаға апарып тастадым да, орталық алаңға қайтып келдім».

Алаңға орала сала Әсет Уа­хитұлы өз рөліне беріле кірі­сіп кетеді. Барын салып, жиналған қауымның көңілін көтереді. Қожекең «Өзіміздің күнделікті өмірімізді, өз посел­кемізде орын алып отырған кейбір кемшіліктер мен келеңсіз көріністерді тілге тиек етеді».

Мереке әбден қызған шақта, сағат 11.00 шамасында, «Сү­йінші!» хабар жетіп, дүниеге атұстар келгені белгілі болады. Шараның ұйымдастырушысы, әрі қазылар алқасының төраға­сы Қайрат Әбенов ақсақал микрофон арқылы хабарлап, «Қо­жанасырдың тұңғышы дүние­ге келді!», деп халықтан сүйінші сұрайды. Қыран-топан күлкіге батып, мәз-мейрам болып тұрған қауым, барлығы сценарий бойынша шығар деп ойлап, алғашқы бетте түсі­не де, сене де қоймайды. Бірақ, Қайрат Мұзапарұлы сөзді «Қо­жекеңнің» өзіне беріп, ха­лықты сендіреді. Сол кезде жиналған қауым: «Батырдың бауы берік болсын! Осындай мерекеде дүниеге келген сәбиге «Наурызбай» деп ат қояйық» дейді алақандарын шапалақ­тап. Мерекеге жиналған жұрт­тың ал­дында жасы жүзге келген ағаш шебері Қарабек ақсақал жас сәбиге бата береді.

Тұңғышы дүние есігін ашқан азамат шаттықтан шалқып тұрып, көпшіліктің алдында қайта сөз алады. Алғысын жау­дырады. Бірақ, жұбайымен бірге перзентханаға барған анасының, тұңғыш немересін өзі қарсы алған аяулы әженің сол топтың ортасына келгенін де білмей қалады. Аяулы ана, ардақты әже қуаныштан қанат­танып, қалың қауымға алып-ұшып жеткені сол екен.

«Мен көңілім көте­рі­ліп, қуанышым тасып «Тұң­ғы­шым­ның есімі сіздердің қалау­лары­ңызбен Наурызбай болсын! Балама айтқан тілек­теріңіз қа­был болсын!», дедім. Бұл сәт­тің барлығын үнсіз ғана тамаша­лап тұрған анам «Бұған бала қай­дан келіпті!» деп ренжіп қалып­ты. Сөйтсем, қазақы жөн-жорал­ғы, салт бойынша тұңғыш бала ата­сы мен мен әжесіне тиесілі екен ғой. Менің бұл әрекетіме анам көпке дейін ренжіп жүрді. Мен де өзімнің білместігіме қысы­лып жүрдім», дейді Әсет Уахитұлы.

Осындай керемет жағ­дайда өмір есігін ашқан Нау­рызбайды 1993 жылы өткен Нау­рыз мерекесінде сол кез­дегі мәдениет бөлімінің басшысы Асқар Лекеров арнайы құттықтап, шапан жауыпты. 

«Көп тілеуі – көл» деген­дей сол кездегі қуаныш үс­тінде айтылған халықтың ті­легі қабыл болып, батасы да­рып, Наурызбай елі мен же­рінің мақтанышына айналды. Баянауылдағы Зейтін Ақы­шев атындағы мектепте, сосын Павлодар қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №3 гимназияда үздік оқыды. «Болашақ» бағдарламасымен Англияның Манчестер универ­ситетінде білім алды. Ол бү­гінде шет елде алған білімі мен жинаған тәжірибесін туған елі­нің дамуына жұмсап келеді. Отаны­на адал азамат, отбасына қор­ған отағасы қазіргі уақытта Пав­лодар қаласында қызмет істейді.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы